2018 жылғы екінші тоқсанда елдің сыртқы борышы 2,2 миллиард АҚШ долларына қысқарды.
Қазақстанның сыртқы борышы 164,4 миллиард АҚШ долларын немесе ІЖӨ-ге қатынасы 96,3%-ды құрады. Жыл басынан бастап 6,3%-ға жақсарды, деп хабарлайды Ұлттық банк.
Сыртқы борыштың 63%-ын бұрынғысынша фирмааралық берешек, 26,1%-ы байланысты емес кредиторлар алдындағы басқа секторлардың сыртқы қарызы, 7,2%-ы мемлекеттік сыртқы борыш (Үкімет пен Ұлттық Банк), 3,7%-ы банк секторының сыртқы міндеттемелері (екінші деңгейдегі банктер және Қазақстанның даму данкі) құрап отыр.
2018 жылғы екінші тоқсанда елдің сыртқы борышы 2,2 миллиард АҚШ долларына қысқарды.
Бұл азаю төлем балансының операциялары есебінен болды, яғни Қытайдың ірі компанияларының еншілес кәсіпорындары және қаржылық ұйымдар синдикаттарынан тартылған сыртқы қарыз өтелді.
Бұдан бөлек, елдің сыртқы борышы шетел инвесторларының Ұлттық банктің қысқа мерзімді ноталарына сұранысының азаюынан қысқарған.
Сонымен қатар сыртқы берешек операциялық емес өзгерістер — қазақстандық эмитенттердің борыштық бағалы қағаздарының нарықтық құнының төмендеуі және теріс бағам айырмасы есебінен азайып отыр.
Сыртқы борыш құрылымында мемлекеттің бақылауындағы ұйымдардың (мемлекеттік капиталға 50%-дан астам тікелей немесе жанама қатысатын банктер мен ұйымдар) сыртқы борышын жеке атап өтуге болады.
Ол 2018 жылғы 1 шілдеде 26,5 млрд. АҚШ долларын құрады.
2018 жылғы екінші тоқсанда 0,6 млрд. АҚШ долларына азаю «Самұрық-Қазына» ұлттық қорының «КМГ Кашаган Б.В.» қомпаниясында 50% қатысу үлесін сатып алу үшін 2015 жылы тартылған қарызын мерзімінен бұрын өтеуі, сондай-ақ квазимемлекеттік эмитенттердің еурооблигацияларының нарықтық құнының төмендеуі есебінен болды.
Қазақстанның таза сыртқы борышы 2018 жылғы екінші тоқсанда 0,5 млрд. АҚШ долларына ұлғайып, 46,6 млрд. АҚШ долларын құрады.
Бұл ретте мемлекеттік сектор және банктер қалған әлемге қатысты таза кредиторлар болды, ал «басқа секторлар» таза қарыз алушылар болып табылады.
Фирмааралық берешек – тікелей инвесторлар, еншілес кәсіпорындар алдындағы міндеттемелер және оның 64,3%-ы 2018 жылғы екінші тоқсанның соңында Қазақстан аумағында ірі мұнай-газ жобаларын іске асыратын шетел компаниялары филиалдарының сыртқы борышынан тұрады.
Таза сыртқы борыш – борыштық құралдар бойынша сыртқы активтерді шегере отырып, борыштық құралдар (сыртқы борыш) бойынша сыртқы міндеттемелер.
Борыштық құралдарға несиелер мен қарыздар, сауда кредиттері мен аванстар, қолма-қол валюта мен депозиттер, қарыз алудың арнайы құқықтары және басқа да талаптар/міндеттемелер жатады.