Алматыда Құрманғазы атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық халық аспаптар оркестрі күйші Құрманғазының 200 жылдық мерейтойы аясында «Құрманғазы және Ұлы дала сазы» атты халықаралық фестиваль өткізді.
Мәдениет және спорт министрлігінің ұйымдастыруымен шара 30 қыркүйек пен 2 қазан аралығында өтті.
«Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ұйымдастырылып отырған іс-шараға «ЮНЕСКО» штаб-пәтерінен, «Түріксой» ұйымынан, Ресей Федерациясынан арнайы өкілдер, жақын және алыс шет елдердің жетекші дәстүрлі орындаушылары, Қырғызстан, Ресей, Өзбекстан Республикаларының өнер ұжымдары және еліміздің «академиялық» дәрежесі бар оркестрлері қатысты.
3 күнге созылатын іс-шара аясында «Дәстүрлі өнер – жаһандану әлемінде» тақырыбында форум ұйымдастырылды.
Еліміздің және жақын шет елдердің күйшілік мектебі майталмандары мен ұлт аспаптар оркестрлерінің концерті және оркестрлер шеруі болып өтті.
Бұдан бөлек Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, суретші Шахан Маханбетов пен танымал фото тілші Рафхат Халеловтің «Күй және күйші» атты фото көрмесі және танымал дәстүрлі орындаушылардың шығармашылық концерті ұйымдастырылды.