Қазақстанның ірі компаниялары мен бизнесмендері Түркістан қаласына бір-бір нысаннан салып береді. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев әрбір басшыға жеке-жеке тапсырма берді.

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев өткен аптада Түркістанға жасаған сапары барысында әрбір басшыны орнынан тұрғызып, жеке-жеке сөйлесті. Назарбаев мемлекет тарапынан кәсіпкерлерге үнемі қолдау көрсетілгенін, енді олар да елдің дамуына үлес қосуы керектігін баса айтты.

Мемлекет басшысы Түркістан қаласына қандай нысандар қажет екенін тізіп, ірі компанияларға нақты міндет жүктеді.

Мәселен, Елбасы «Базис-А» компаниясының басшысы Александр Беловичке: «Сіздер спорттық және мәдени нысандарды жақсы салып жүрсіздер. Бұл жерге театр керек. Оған қауқарыңыз жетеді деп есептеймін. Түркістанға әдемі, әмбебап театр салу қажет», – деді.

Бизнесмен тапсырманы орындауға уәде берді. Ал ENRC басшыларының бірі, атақты миллиардер Патох Шодиевке Түркістанда әлемдік деңгейдегі Түркі халықтарының музейін салып беруді тапсырды.

Сонымен қатар, «ҚазМұнайГаз» ҰК басқарма төрағасы Сауат Мыңбаевты халықаралық талапқа сай үлкен стадион салуға міндеттеді. Айдын Рақымбаев басқаратын «BI Group» компаниясы қазақ хандары мен билерінің, батырларының орталығын ашып берсе, «Хайвилл Қазақстан» компаниясы тұрғын үй кешенін салуға кіріспек.

«Қазақстан теміржолы» ҰК жастар сарайын қолға алса, KEGOC Қожа Аxмет Ясауидің шағын музейін тұрғызады. Сондай-ақ «Қазпошта» АҚ Түркістанда заман талабына сай почта бөлімшесі мен цифрлық кеңсе салады.

Ал «Қазақтелеком» Smart теxнологияларын енгізеді. Кәсіпкер Данияр Абылғазин су спорты кешенін салуға уәде берсе, Нұрлан Смағұлов көлік салонын ашып бермек.

«Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ Түркістанға қаржылай қолдау көрсетсе, түркиялық компаниялар да Түркістанды дамытуға үлес қосатынын білдірді.

Жиын барысында кәсіпкерлер мен ірі компаниялар Түркістанға аурухана, туризм колледжін тарту ететінін жеткізді.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Please enter your comment!
Please enter your name here