Серпін немесе Түркістан өлкесінің экономикалық әлеуеті

0
1667

Әлеуметтік-экономикалық даму факторлары, аймақтық демографияның оң қарқыны, өңірдің географиялық жағдайы, транзиттік әлеуеті оңтүстік өңірдің даму траекториясын қайта қарауына әкелуі сөзсіз болатын. Бұл заман талабы, өмір ағысы еді.

Мәселен, бұрынғы Оңтүстік Қазақстан облысы, Шымкент қаласы облыс орталығы ретіндегі өз миссиясын толығымен орындап, xалық саны облыс орталығы үшін тығыз қоныстанған, дербес экономикалық әлеуеті қалыптасқан, заңнамада белгіленген республикалық маңызы бар қалаға қойылар талаптарға толығымен жауап беретін әкімшілік бірлікке айналған еді.

Осы ретте орта ғасырлардағы көне Жібек жолының сауда-экономикалық белдеуі қызметін атқарған, транзиттік әлеуеті ерекше, даму перспективасы мен өзге де мүмкіншіліктері мол Түркістан қаласын аттас облыстың орталығы ретінде айқындау еліміздің руxани-мәдени бағдары ғана емес, экономикалық саясатындағы фискалдық дербестігі бар, ел бюджетіне донор аймақ ретінде қайта құрылымдауға мүмкіндік берері айқын болатын.

Ел тәуелсіздігінің бетбұрысты мезгілінде, жаңа мыңжылдықтың басында,  2001 жылы Алматы облысының орталығын Талдықорған қаласына көшіру арқылы стагнациядағы қаланы ғана емес, өңірдің экономикасын өркендетіп, еліміздегі аграрлық-туристік бағыттағы дамушы өңір деңгейіне жеткізгенін ескерсек, Түркістанның да әлеуетті мүмкіндіктерін пайдалану арқылы өңірде ауыл шаруашылығы, жеңіл өнеркәсіпті дамытудың болашағы зор.

Облыс орталығында талай жылдан бері түркі әлемінің интеллектуалды орталығына айналған Халықаралық қазақ-түрік университетінің орналасқаны өңір экономикасының нақты секторынан өзге адами капиталды, жаңа инновацияларды дамытуына да жол ашады. Бұл тұрғыдан алғанда Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың 19 маусым күні өте дұрыс шешім қабылдағаны анық. Себебі Түркі кеңесі мен Халықаралық Түркі академиясы секілді халықаралық маңызы зор мекемелердің Түркістан қаласынан бөлімшелер ашуы осының айқын бір дәлелі.

Бұл тұрғыдан «Әзірет Сұлтан» кешені, Арыстан бап пен Қожа Ахмет Ясауи кесенелері мен  өзге де тариxи-мәдени, географиялық құндылықтар облыс орталығының туристік, рекреациялық, инвестициялық тартымдылығын арттырары сөзсіз.

Сөз жоқ, облыс орталығын Түркістан қаласына көшіру көне шаһардың тың тынысын ашып, жаңаша дамуға бастайды. Облыс орталығы мен өңірдің мүмкіндіктерін толық пайдалану арқылы еліміздегі өңірлер дамуының жаңа драйверін қалыптастыруға, саяси шешімнің экономикалық тиімділігін арттыруға болады.

 

Айбол АРҒЫНҒАЗИНОВ, экономика ғылымдарының магистрі, Сыртқы саясат және экономикалық зерттеулер институтының басқарма төрағасы

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Please enter your comment!
Please enter your name here