Ел жүрегі – Елорда!

0
3218

Астананың туған күніне тамаша тарту жасайтын шаралар шеруі өз жалғасын табуда.

 

Осы мақсатта күні кеше «НК Kazakh Tourism» АҚ Мәдениет және спорт министрлігі Туризм индустриясы комитетінің тапсырысымен Қазақстандағы ең биік 20 шыңды бағындыру экспедициясын ұйымдастырды.

Айта кетелік, осынау экспедицияны ұйымдастыру аясында еліміздегі туристік және экстремалдық спорт түрлерін өркендетуге, экотуризм және де трекинг бағдарларын ұйымдастыру үшін  әлеуеті жоғары үш өңір таңдалып алынды.

Бұлар – Алматы, Түркістан және Шығыс Қазақстан облыстары. Астананың мерейтойына орай, 20 шыңды бағындыру экспедициясы аясында бұл бағыттардың барлығы да барынша зерттелді.

Бұл мақсатқа өз саласын бүге-шігесіне дейін білетін кәсіпқой альпинистер шақырылған-тұғын.

Жалпы алғанда, шараға 100-ден астам адам, оның ішінде кәсіби альпинистер және тәжірибелі саяхатшылар, танымал блогерлер қатысты.

Осынау экспедиция қорытындысында олар бұл маршруттарда туристік инфрақұрылымды дамыту бойынша өз ұсыныстарын әзірлейтін болады.

«Kazakh Tourism ҰК» АҚ басқарма төрағасы Рашид Күзембаевтың айтуынша, осы экспедиция еліміздің бес негізгі таулы аймақтарын, оның ішінде – Орталық Тянь-Шань, Іле Алатауы, Жоңғар Алатауы, Алтай және де Өгем жотасын қамтыпты.

«Мінеки, осылардың нәтижесі бойынша жаңа туристік және альпинистік бағдарлар ашылатын болады.

Біздің экспедиция жинақтаған фото және видеоматериалдарды еліміздің туристік әлеуетін көрсетуге, жарнамалауға, жергілікті халықты ішкі туризм мен альпинизмге шақыруға қолданатын боламыз.

Сонымен қатар осы жолғы сапарымыздың жөні бөлек.

Себебі альпинистеріміз бағындыратын соңғы биіктік «Астананың 20 жылдығы шыңы» деп аталатын болады», – деп атап өтті бұл ретте «Kazakh Tourism ҰК» АҚ басқарма төрағасы.

Ал осы жобаның жетекшісі Арман Хасеновтің пікірінше, осынау экспедиция Қазақстан үшін аса маңызды.

Осының арқасында бұған дейін белгісіз жатқан таулардың араларын зерттеуге, туристік әлеуетімізге шынайы баға беруге және соның аясында инфрақұрылымды жақсартуға мүмкіндік аламыз.

«Жасырары жоқ, қазіргі таңда Тянь-Шань тауларының Қазақстан жағы соншалықты танымал емес.

Осы себепті осы шараның басты мақсаты қазақстандықтар мен әлемге елімізде тау туризмін дамытудың барлық мүмкіндігі бар екенін айшықтау. Келешекте экспедиция барысында жиналған материалдар туристік бағдарламалар мен тиісті халықаралық гайбуктерге енгізілетін болады», –  деді ол осы ретте.

Естеріңізге сала кетсек, бұл экспедиция Тань-Шань тауларының солтүстігінен Нұрсұлтан шыңынан басталды. Оның биіктігі 4330,9 м. Экспедиция барысында қамтылған таулар 3 200 м төмен емес, оның ең биігі Алтай тауларында орналасқан Мұзтау шыңы 4506 м.

Ал Батыс Тянь-Шаньдағы жаңа «Астананың 20-жылдығы» атауын алатын шың экспедиция қамтыған соңғы тау шыңы болады.

Астананың 20-жылдығына арналған «Ел жүрегі Астана» іс-шаралары тек Астанада емес, басқа да аймақтарда жоғары деңгейде ұйымдастырылып жатыр.

Бұл шаралар Қазақстанның жетістіктерін паш етуге әрі қазіргі заманға лайықты және қауіпсіз қала, тарихи-мәдени, ғылыми, еліміздің іскерлік орталығы ретіндегі имиджін ары қарай да ілгері жылжытуға бағытталған.

 

 

 

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Please enter your comment!
Please enter your name here