Қазақстан дау іздемейтін ел. Сарапшы Тоқаевтың сыртқы саясаттағы ұстанымын айтты

0
493

Өздеріңіз білетіндей, осы аптада теріскей көршіміз Украинаның бірқатар өңірлерін өз құрамына қосып алды.

Еліміздің Сыртқы істер министрлігі бұл мәселеге орай арнайы үндеу жасап, Херсон, Запорожье, ДРХ және ЛХР облысындағы референдумға байланысты  түсініктеме берді.

СІМ-нің атап көрсеткеніндей, бұл мәселеде біздің ел мемлекеттердің территориялық тұтастығы, яғни олардың шекарасына қол сұғылмауы және өзгелермен қатар бейбіт өмір сүру қағидаларын негізге алады. Кез келген мемлекеттің басты құндылығы – тәуелсіздік құқы сақтаулы тиіс.

Сөй деген Сыртқы істер министрлігі түнеукүні БҰҰ мінберінен жаһан жұртына үн қатқан президент Тоқаевтың сөзін мысалға келтірді.

«Мемлекет басшысы бір емес, бірнеше мәрте БҰҰ мінберінен осынау ұйымның жарғысына негізделген және лайықталған халықаралық құқық принципін бұлжытпай орындаудың маңыздылығы туралы баяндама жасаған. Осынау ұйымның жарғысында БҰҰ-ға мүше мемлекеттердің территориялық біртұтастығын сақтау мәселесі егжей-тегжейлі айтылды», – дейді ведомство өкілі. 

СІМ Қазақстанның араздасып жатқан елдердің арасында саяси диалог орнатуға мүдделі екендігін мәлімдеген болатын. Еліміздің өңірдегі һәм әлемдегі тұрақтылықты сақтауға атсалысуға әркезде дайын екендігін жеткізген еді.

Тоқаевтың тұсындағы Қазақстанның сыртқы саясатында айтарлықтай өзгерістер болды ма?

Қазақстан қазіргі геосаяси ахуалға қатысты алдағы уақытта қандай шешімдер қабылдауы тиіс?

Мемлекет басшысының сыртқы саясаттағы басты ұстанымдары қандай?

Астана үшін БҰҰ жарғысының маңыздылығы қаншалықты? 

Қырғи-қабақ дәуір қайта орнағанын ескерсек, еліміздің сыртқы бағдарын қандай аспектілермен толықтыруға тиіспіз?

«Қала мен Дала» осы төңіректе белгілі саясаттанушы Уәлихан Төлешовпен тілдескен болатын болатын.

«Иә, соңғы 7-8 жылдың көлемінде әлемнің бедері күрт өзгерді. Екі мемлекеттің арасындағы кикілжің өз кезегінде басқа бір мемлекетке теріс әсер етуі мүмкін. Бұл – осылайша, жалғасып кете беретін қауіпті үрдіс.

Бүгінгі дәуірде соғысып опа таппайсыз, қазіргі әлем ақпараттық технологияларға арқа сүйейді. Адам баласы жаһанның түкпір-түкпірін шарлап, соңғы жетістіктердің игілігін көріп отыр. Қазіргі адамзат соғыс тілемейді. Қару асынғысы келмейді.

Президент Тоқаев соның негізінде жаңа мәдени кеңістіктер құрылып жатқанын түсініп отыр. Дипломат ретінде оған түрлі мәдени орта мен менталитеттердің қалыптасуы таңсық емес. 

Әділетті Қазақстанның қабырғасын қалауға кіріскен Тоқаев еліміздің өзгелерден дербес, оқшауланып өмір сүре алмасын жете түсінеді. Бүгінгі әлем тарының қауызына сыйып кетердей ықшамдана түсті. Қазақстан дау іздемейтін ел. Біреумен араздасу біздің табиғатымызға тән емес.

Тоқаев осы қалпымызды сақтап қалу және осы менталитетті дамыта түсуге бар күшін салуда», – дейді сарапшы.

Әділетті Қазақстан түрлі тәуекелдерге төтеп беруі тиіс

Төлешовтің атап өткеніндей, соңғы жылдары үрдіске айнала бастаған түрлі квазиқұрылымдардың референдумдары біздің елдің көзқарасына жат, түсінігіне қайшы.

Тоқаев Әділетті Қазақстанды құрумен қатар сыртқа саясатты да үнемі назарда ұстауға мәжбүр.

Тұтастай алғанда, соңғы отыз жылдың бедерінде ТМД аумағындағы территориялық даулар тыншымай тұрған жайы бар.

Атап айтқанда, Грузиядағы Абхазия мен Оңтүстік Осетия дағдарысы, Әзірбайжан мен Армения арасындағы Таулы Қарабақ жанжалы, Молдова жеріндегі атышулы Приднестровье мәселесі, бертінге дейін жалғасып келген Шешен соғысы, бұған дейінгі Мәскеу мен Киевтің арасындағы араздықты қосыңыз.

Сөй деген Төлешов Президент Тоқаевтың осы кикілжіңдердің барлығын ой елегінен өткізіп, олардың қазақ жерінде қайталанбауын мұқият қадағалап отыр дейді.

«Әлемдегі алпауыт мемлекеттердің арасындағы ақпараттық және идеологиялық тартыс әлбетте біздің елді де шарпиды. Қырғи-қабақ соғыстың жаңа дәуірі келгеніне куәміз.

Шынын айтқанда, Тоқаевтың тұсында Қазақстанға түрлі жаһандық сынақтарға төтеп беруге тура келеді. Өз басым біздің президентті елді бұл қиындықтан аман-есен алып өтеріне сенемін. Қазақстан толеранттылық қағидасынан таймай, көршілермен тіл табыса білетін қабілетін дамыта түсері анық.

Себебі, біз үшін ілгерідегі көріністердің барлығы өте-мөте тұрпайы көрінетін қауіпті тенденция.

Тоқаев билігі бұлардың қазақ жерінде қайталанбауына мүдделі. Кәнігі дипломат ретінде Қазақстан президенті әлемдегі құбылмалы жағдайды барынша бақылап, алыстан шолып, қауіп-қатердің алдын алатын алгоритмдер әзірлеуде. Өз басым бұған күмәнданбаймын.

Көршіміздің саяси айналымына еніп кеткен жалған референдумдар Қазақстанға да салмақ салып жатқаны жасырын емес. Кремльдің тарапынан мұндай квазиқұрылымдарды мойындау туралы талап айтылғанын да жоққа шығармаймын.

Бір елді бірнеше бөлікке бөлетін жалған науқандар көршіміз үшін насихат пен саясаттың құралына айналып кеткені өкінішті-ақ.

Мұның салдары әлбетте тек бір мемлекеттің аумағымен шектелмейді. Осы күнге дейін Ресейді дос санап келген елдердің көпшілігі Кремльден теріс айналады.

Еліміздің Сыртқы істер министрлігінің Херсон, Запорожье, ДРХ және ЛХР облысындағы референдумды мойындамауы одақтасымызға берілген белгі», – дейді Төлешов.

Тоқаев көпвекторлы саясатты жаңа аспектілермен толықтыруда

Оның пайымдауынша, Ресейдің стратегиялық серіктесі саналатын Қазақстан Тоқаев келгелі дербес саясат жүргізуге көшкен.

Ақорда теріскейдегі көршісінен бөлек Бейжіңмен, Батыс елдерімен тығыз байланыс орнатуға тырысып жатыр.

Бұл Тоқаевтың сыртқа саясатты әртараптандыруға әрекет етіп жатқанын айғақтайды. Президент көрші елдердің аумағынан келетін саяси манипуляция мен ішкі-сыртқы қақтығыстар Ресейдің бүгінгі буыны мен келешек ұрпағына да кесірін тигізерін түсініп отыр.

«Демократияның дәуірі жүріп, ақпараттық технологиялар өркендеген уақытта бөгде елдің аумағына басып кіру ақылға сыймайтын іс. Президент Тоқаев мұндай әрекеттер кез келген елдің (тіпті ол алпауыт мемлекет болса да) экономикасын құрдымға кетіріп, халқының тоз-тозын шығарып, ең бастысы сырттан келетін ағыл-тегіл инвестицияның жолын кесетінін түсініп отыр. Сондықтан да Әділетті Қазақстан мұндай саясатты ешқашан қолдамайды.

Еліміз екі жылға созылған індеттен әзер дегенде құтылды. Пандемиядан арыла сала тағы бір дағдарыспен бетпе-бет келдік. Екі мемлекеттің арасындағы кикілжің, қақтығыс Қазақстанға да салмақ салып отыр.

Тоқаев билікке келгелі сыртқы саясаттағы аспектілерге бірқатар өзгерістер енгізді. Бұдан былай біз барлық мәселе бойынша Ресеймен кеңесе бермейміз. Қазақстанның сыртқы саясаттағы позициясы шын мәніндегі, көпвекторлы саясатқа айналды.

Тоқаевтың тұсындағы Қазақстан өзге әлеммен белсенді интеграцияға түсе бастады. Еліміз мемлекеттермен қарым-қатынаста тепе-теңдік сақтауға тырысып келеді. Көп этностан құралған Қазақстан үшін соңғы кездегі геосаяси дүмпулер еліміздің қауіпсіздігі мен тәуелсіздігіне қатер төндіретін құбылыс», – дейді Уәлихан Төлешов.

Президенттің БҰҰ мінберіндегі мәлімдемесі туралы

Оның атап өткеніндей, әлемдік қауымдастық түнеукүні БҰҰ-ның 76-сессиясында маңызды мәлімдеме жасаған Президент Тоқаевтың баяндамасына мұқият назар аударған.

Ресей мен Украинаның арасындағы кикілжіңге арнайы тоқталып, тараптарды келіссөз жүргізуге шақырған Қазақстан Президенті өз сөзінде мемлекеттердің территориялық тұтастығын сақтаудың қаншалықты маңызды екеніне баса тоқталған еді.

«Сыртқы саясаттағы Тоқаевтың түпкі миссиясы Қазақстанды аймақтағы, тұтас ТМД кеңістігіндегі кез келген саяси-экономикалық сынаққа төтеп беретін тұрақты елге айналдыру. Қазақстан осы мақсатқа қазірдің өзінде қол жеткізді. Иә, өткен отыз жылда көптеген қателіктерде жол бергеніміз де жасырын емес. Егер біз аймақтағы бетке ұстар мемлекетке айналсақ, бұл өзге көршілерімізге де үлгі болар еді», – дейді сарапшы.

Айта кетелік, БҰҰ мінберінде көлемді баяндама жасаған Президент Тоқаев соғыстың салдарынан туындайтын гуманитарлық мәселеге айрықша көңіл бөлген.

Сарапшының пайымдағанындай, Тоқаевтың тұсында Қазақстан мен Қытай арасындағы әріптестік байланыстар жаңа дәрежеге көтеріледі. Бейжің мемлекетті ыдыратуға себепкер болатын кез келген сепаратистік көріністерге түбегейлі қарсы.

«Жанжалдасып жатқан тараптарды бейбіт келіссөз жүргізуге шақыру арқылы Тоқаев уақыт өте алдымыздан шығатын гуманитарлық апаттың алдын алуға тырысуда. Алайда кейбір алпауыт елдер мұндай қақтығыстардың жолын кесетін БҰҰ жарғысына көңіл бөлмеуде. Халықаралық қауымдастық мұндай конфликтілерді болдырмаудың әдістемесін әлдеқашан әзірлеп қойған-тын», – дейді Төлешов.

Саясаттанушы осы орайда БҰҰ-ның бұлжымас 3 қағидасын жіпке тізіп, оларды «Қала мен Дала» оқырмандарына таныстыра кетуді жөн көрді.

Атап айтқанда, бұлар:

Мемлекеттің территориялық біртұтастығына құрметтеп қарау. Оның егемендігіне күмән келтірмеу, мемлекеттің көршілерімен тыныш, бейбіт өмір сүруіне мүмкіндік беру;

Мәдени-рухани, экономикалық және әлеуметтік құқықтар түгел қамтылған халықаралық пакт;

Саяси (оның ішінде халықтың саяси процеске араласуы) және азаматтық құқықтардың сақталуын қамтамасыз ететін халықаралық пакт.

«Қазақстан осы бір қарапайым ұстанымдарды бұлжытпай орындауда. Әділетті Қазақстан осы күнге дейін назардан қалып келген демократиялық құндылықтарға да басымдық беріп жатыр. Бір қарағанда, бұларды орындау жеңіл көрінеді. Алайда бірқатар елдердің осы ұстанымнан айнып, әлемді әбігерге салғанын көріп отырмыз.

Қазақстан бұдан бөлек, Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық жөніндегі ұйым сарапшылары әзірлеген принциптерді де құрметтейді.

Осы тезистерді мысалға келтірген Президент Тоқаев ешбір сепаратистік көріністерге жол бермейтінін мәлім еткен болатын. Әділетті Қазақстан саны аз ұлттардың құқығын қорғайтын Осло қағидасы, түрлі танымдағы, түрлі көзқарасты қоғамдық бір жұдырыққа біріктіретін Любляна заңнамасы, мемлекетаралық байланысты қамтамасыз ететін Больцан принциптеріне адалдық сақтауда.

Әрі-беріден соң адам өмірінен артық құндылық жоқ. Президент мұны жақсы түсініп отыр. Тоқаевтың тұсындағы Қазақстан бейбітшілік пен ұлтаралық татулықты сақтауға бар күш-жігерін жұмсап, түрлі тәуекелдердің алдын аларына сенімдімін. Себебі кез келген кикілжіңді бастауында тоқтату қажет, оның салдарымен күресу оңай болмайды», – дейді Төлешов.

Саясаттанушының айтуынша, Тоқаевтың кезіндегі еліміздің сыртқы саясаты халықаралық құқықты мүлтіксіз сақтауға негізделеді. Төлешов мұндай ұстаным экономикалық тұрғыдан өзі-өзіне ақтарына сенімді.

«Қазіргі аумалы-төкпелі тұста Президенттің төңірегіне топтасып, ішкі бірлікті күшейту аса маңызды», – дейді ол. 

Әзірлеген Роллан МҰХАМЕТҚАЛИ

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Please enter your comment!
Please enter your name here