Дау-дамайды сотқа жеткізбей шешу – медиатордың ісі

0
389

Шымқалада медиация кеңесінің ауқымды мәжілісі өтті

Қазіргі таңда Шымкент қалалық Қазақстан халқы Ассамблеясының құрамында 17 этномәдени бірлестік белсенді түрде жұмыс істеуде. Бұл мегаполисте барлық этнос өкілдерінің ұлттық ерекшеліктерін, тілі мен мәдениетін сақтауына барынша жағдай жасалғанын айғақтайды.

Шымкент қаласында өткен Ассамблеяның Медиация кеңесінде қала әкімі Мұрат Әйтенов осы жайтты тілге тиек етті. Ауқымды іс-шараға Ассамблея Төрағасының орынбасары Марат Әзілханов, еліміздегі Адам құқықтары жөніндегі уәкілі Эльвира Азимова, мемлекеттік органдардың өкілдері, ҚХА, республикалық медиация кеңесі мүшелері, Медиация орталықтарының басшылары, медиаторлар, сарапшылар және ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.

Кездесу барысында Президент Тоқаевтың этномедиаторлар мен кәсіби келіссөз жүргізушілерді даярлау, этномедиация оқу орталығын ұйымдастыру жөніндегі тапсырмасын іске асыру мәселелері талқыланды.

«Елімізде тұратын барлық этнос өкілдерінің жалпыазаматтық құндылықтарды құрметтеуі және өздерін Қазақстанмен байланыстыруы аса маңызды. Бұл – Тәуелсіздік жылдарындағы біздің үлкен жетістігіміз. Оны жан-жақты нығайтуға міндеттіміз. Жаңа саяси жағдайда бейбітшілік пен келісімді және халықтың бірлігін аса маңызды санайтын азаматтардың партия ішіндегі дауысына басымдық беріледі», – деген болатын Мемлекет басшысы.

Осынау жиынның шымылдығын түріп, сөз сөйлеген Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов миллионды қаланың 30 пайызы этнос өкілдері екенін атап өтті.

– Қаламызда этнос өкілдері жинақы қоныстанған 23 тұрғын алапта орын алған кез келген оқиғаның этносаралық тұрғыда проблема тудыру ықтималдылығы жоғары.

Сондықтан қоғам мүшелеріне құқықтық тәрбие мен заң талаптарын түсіндіру сынды жұмыстарды ширатуымыз керек. Осы бағытта биыл қалалық ассамблея жанындағы ақпараттық-насихаттық топтың құрамына енген медиаторлар тұрғын алаптарда өткен кездесулерге қатысып, жұртшылық арасында түсіндіру жүргізді.

Медиацияны мемлекеттік қызметтер бағытында ілгерілету мақсатында 9 басқармамен өзара ықпалдастық туралы меморандум түзді. Атқарылған жұмыстар нәтижесінде биыл этнос өкілдері арасында орын алған оқиғалардың 11-і медиация көмегімен реттелді, – деді Әйтенов.

Мәжілісте бұдан бөлек, ҚХА медиаторларының құқық қорғау қызметіне қатысу бағыттары, ұлтаралық жанжал жағдайлары кезіндегі медиация тәсілдері, отбасылық-тұрмыстық жанжалдардың, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу және тұрмыстық негізде жасалған қылмыстардың алдын алу мәселелері қаралды.

Айта кетелік, кейінгі жылдары Шымкенттегі және еліміздің өзге өңірлерінде Ассамблея филиалдары өз қызметінің ауқымын кеңейтіп, мазмұнын байытып келе жатқаны белгілі.

Ассамблея тек мәдени іс-шаралар өткізумен шектелмей, Қазақстан халқын азаматтық негіздегі біртұтас ұлтқа айналдыру, ұлттық бірлікті бекемдеу, жаңа қазақстандық патриотизмді насихаттау және қайырымдылық іс-шараларды үйлестіру секілді маңызды істерге атсалысуға тырысып жатыр.

Шымкент қаласында бұған лайықты жағдай жасалған. Атап айтар болсақ, қаладағы Ассамблея өкілдігі жанынан түрлі қоғамдық негіздегі құрылымдар, атап айтқанда, Қоғамдық келісім кеңесі, Аналар кеңесі және медиация кеңесі, «Жаңғыру жолы» жастар қозғалысы, ғылыми-сарапшылық топ және журналистер мен блогерлер клубы құрылған.

Еске сала кетейік, бұған дейін Шымкент қалалық Қазақстан халқы Ассамблеясының кезекті ІІІ сессиясы өткен. «Қоғам бірлігі — Жаңа Қазақстанның негізі» тақырыбымен өткен алқалы жиында ҚХА-ның ХХХІ сессиясында берілген тапсырмалардың орындалу барысы талқыланған.

«Ассамблеяның саяси жүйені реформалау ісіндегі рөлі мен әрі қарай дамыту міндеттерін белгіледі. Қазақстандағы барлық азаматтың құқығы тең. Яғни, кескін-келбетімізге, ұлтымызға, түсімізге қарап бөлінбейді. Еліміздегі түрлі этнос өкілдері қаншама жылдардан бері тату-тәтті өмір сүріп келеді. Ал бұл әрбір азаматтың танымына тікелей байланысты. Танымның үш түрі бар: әуелі – өзіңді тану, екінші – қоғамды, мемлекетті, ұлттық құндылықтарды тану, үшінші – әлемді тану» деген еді осы жиында Шымкент қаласы әкімінің міндетін атқарушы Шыңғыс Мұқан.

Медиация дегеніміз не?

Араздасқан тараптарды татуластыру, олардың дау-дамайын сотқа жеткізбей шешу – медиатордың ісі. Алайда бұл үшін үшінші тараптың өз жұмысын жетік білгені маңызды. Тәжірибелі медиатор, айналып келгенде, ертең үлкен айғай-шуға ұласып кетуі мүмкін кикілжіңнің алдын ала білуі керек.

Қазақстанда «Медиация туралы» ҚР заңы 2011 жылы қабылданды. Жыл сайын 30 мыңнан аса адам медиаторларға арыз-шағымын айта келіп, 13 мыңнан аса даулы мәселе алғашқы сатысында шешімін табады екен.

«Қала мен Даланың» сауалына жауап Ассамблеяның ғылыми-сарап кеңесінің мүшесі, саясаттанушы, профессор Наталья Калашникованыңайтуынша, халық медиацияның артықшылығын әлі де болса толық бағаламай отыр. Содан болса керек, өз мәселесін шешуде медиатордың көмегіне жүгінетін жұрт әлі де болса аз.

Қажетсіз шаралардан бас тартқан Ассамблея қатарында қазіргі күні айлық алмай, ерікті есебінде жұмыс істейтін 272 медиатор бар. Араздасқан, ұлт араздыққа сына түсіруі мүмкін дау-дамайларды жеке қарастыратын 68 медиация бөлмесі бар. Олардың 20-сы облыстың қалалары мен аудандарында ашылған.

Татуластыру тәжірибесін жетік меңгерген Ассамблея мүшелері қазіргі күні осы бағытта семинарлар мен тренингтер өткізуде.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Please enter your comment!
Please enter your name here