Сенатта әлеуметтік теңсіздікті жоятын заң жобасы қабылданды

0
644

Қазақстан әлеуметтік құндылықтарға баса мән беретін мемлекет. Осы аптада ҚР Парламенті Сенатының Төрағасы Мәулен Әшімбаевтың төрағалық етуімен өткен палата отырысында әлеуметтік саланы құқықтық тұрғыдан жетілдіруді көздейтін заң жобасы қаралып, мақұлданды. Бұл жолы сенаторлар ел азаматтарын әлеуметтік қорғауды күшейту және Каспий теңізінің экожүйесін сақтауға қатысты бірқатар заң жобаларын қарады.

Қазіргі таңда елімізде мүкіндігі шектеулі жандардың заңдық мүддесін қорғау жолында көптеген заңдар қабылданып, олардың қоғамдық өмірімізде қағажау көрмеуіне барынша көңіл бөлініп келе жатқанын атап айтуға болады.

Елімізде ерекше қажеттіліктері бар балалар мүгедектігі бойынша және асыраушысынан айырылған жағдайда мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақыларды алып, мемлекеттің қамқорлығын сезініп келеді.

Соңғы уақыттары тұрмысы төмен отбасынан шыққан балаларға әлеуметтік жеңілдіктер топтамасы беріліп, мемлекеттің әлеуметтік қызметтер порталы арқылы көрсетіліп жатқаны белгілі.

Мүмкіндігі шектеулі азаматтардың жағдайын жақсартатын осы және басқа да бірқатар жаңалықтар бүгін сенаторлар мақұлдаған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне азаматтардың жекелеген санаттарын әлеуметтік қорғау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңда тайға таңба басқандай анық жазылғанын атап айтуымыз керек. Осылайша, сенаторлар еліміздегі әлеуметтік тұрғыдан осал топтардың мүддесін көздейтін заң жобасын жетілдіріп, айналымға шығарды. Өз кезегінде ҚР Парламенті Сентаның Төрағасы Мәулен Әшімбаев еліміздегі әлеуметтік теңсіздікті жоятынын тілге тиек етті.

– Бүгін қабылданған заң мүмкіндіктері шектеулі азаматтардың, оның ішінде балалардың жағдайын жақсартуға, әлеуметтік теңсіздіктерді жоюға, қолданыстағы әлеуметтік қамсыздандыру жүйесін одан әрі жетілдіруге бағытталған. Алдағы уақытта осы заң мүмкіндіктері шектеулі азаматтарымыздың және ерекше қажеттілігі бар балалы отбасылардың құқықтарын қамтамасыз етуге, олардың өмір сүру сапасын жақсартуға оң әсерін тигізеді деп сенеміз, – деді Сенат Төрағасы.

Жаңа заң бойынша алдағы уақытта мүгедектігі бар балалардың барлық топтары үшін жәрдемақы мөлшері 16,7%-дан 37%-ға дейін ұлғайтылмақшы. Осылайша, еліміздегі 30 мыңнан астам мүгедектігі бар бала мемлекеттің нақты қамқорлығын сезінетін болады. Бұдан басқа заңда мүгедектік бойынша және асыраушыдан айырылу жағдайы бойынша жәрдемақыларды бір мезгілде алу құқығын беру көзделген. Бұл асыраушысынан айырылған және құрамында мүгедектігі бар балалары бар отбасылардың табыс деңгейін арттыруға мүмкіндік береді.

Бүгінде мүгедектігі бар балалар ата-аналары ажырасқан кезде бір мезгілде алименттер мен мүгедектігі бойынша жәрдемақы ала алады. Сондай-ақ ата-анасының біреуі немесе екеуі (асыраушысы) қайтыс болған жағдайда, бала мүгедектігі бойынша жәрдемақы немесе асыраушысынан айырылу бойынша жәрдемақы ала алады. Осы норма енгізілген жағдайда 2 мың бала мүгедектігі бойынша жәрдемақымен қатар (мөлшері 41 163 – тен 48 023 теңгеге дейін) асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша жәрдемақыны ала алады.

Егер жұмыс берушінің міндеттемелерін орындау мүмкін болмаған жағдайда, еңбек жарақатынан мүгедек болған адамдарды мемлекет есебінен оңалтудың техникалық құралдарымен және қызметтерімен қамтамасыз ету заңның тағы бір жаңашылдығы болып табылады.

Сонымен қатар құжатта мүгедектігі бар балаларды тәрбиелеп отырған отбасылардың балалары кәмелетке толғаннан кейін олардың тұрғын үй кезегінде тұру құқығын сақтау көзделеді. Іс жүзінде мұндай отбасылар 10 жылға дейін уақыт тұрғын үй кезегінде тұрады. Егер бала 18 жасқа толғанға дейін тұрғын үй алу мүмкін болмаса, онда мүгедектігі бар азамат кезекке қайта тұрады. Бұл норма 20 мыңнан астам отбасына тұрғын үй кезегін сақтауға мүмкіндік береді деп болжануда. Сенаторлар қабылдаған заңның мүмкіндігі шектеулі жандарды қорғайтын бұдан да басқа нақты тетіктері бар. Оны білу үшін кез келген адам жаңа заңды бастан-аяқ оқып шығуы керек.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Please enter your comment!
Please enter your name here