«Денсаулық» бағдарламасының басты міндеті не?

0
1602

Түнеугүні Үкіметбасы Бақытжан Сағынтаев медицина саласындағы олқылықтарды уақыт оздырмай қолға алып түзету қажеттігін тілге тиек еткен.

Оның айтуынша, ауылдағы халық сапалы медициналық қызметке жеткілікті түрде қол жеткізе алмай отыр.

«Бізде денсаулық сақтау желісі дамыған, оны жақсы білесіздер. Дегенмен халық әлі де болса,  сапалы медициналық көмек ала алмай келеді, әсіресе ауылдық жерлерде.

Дәрігердің алдындағы ұзын сонар кезекті мүлде азайту керек. Үйлердің жобаларын әзірлеу кезінде бірінші қабаттарда халыққа арнап емханалар орналастыру мәселесіне назар аудару қажет», – деген еді Бақытжан Сағынтаев.

Отандық медицинаның олпы-солпы тұстарын түгендеуге бағытталған жобалардың бірі – «Денсаулық» бағдарламасы.

2016 жылдан жүзеге асырылып келе жатқан бұл жоба келесі жылы мәресіне жетеді.

Медициналық қызмет көрсетуді толықтай жаңғырту, денсаулық сақтаудың ұлттық жүйесін құру мақсатында қабылданған бағдарлама сонымен бірге отбасылық медицинаны, медициналық-санитарлық көмекті одан әрі дамытуды көздейді.

Бағдарлама Денсаулық сақтау министрлігі Тамара Дүйсенова басқарып тұрған тұста әзірленген-тұғын.

«Біздің министрлік әзірлеген бұл «Денсаулық» бағдарламасы бірінші кезекте бастапқы медициналық-әлеуметтік көмек көрсету жұмысын жақсартуға бағытталады.

Сондай-ақ бағдарлама аясында аурулардың алдын алу және ескерту жұмыстары жаңғыртылады. Биыл денсаулық сақтау саласына мемлекеттік бюджеттен 800 млрд теңге бөлінді. Бұл қаржының едәуір бөлігі трансплантологияға бағытталады.

Қазір елімізде жүрекке ашық ота жасауға, бауыр мен бүйректі ауыстыруға қол жеткізілді. Болашақта басқа да органдарды ауыстырып салуға күш жұмсалады», – деген еді сол Тамара Дүйсенова.

Бұл тарапта аталған бағдарламаның басымдықтары мен мақсат-міндеті туралы сала мамандарының өзінен сұрап білдік.

Біз әңгімеге тартқан сарапшылар «Денсаулық» бағдарламасы аясында әзірге дейінгі атқарылған жұмысқа баға берді.

 

 

Қанат Төсекбаев, Батыс Қазақстан облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы:

«Дәрігерлер қағазбастылықтан құтылды»

 

«Денсаулық» бағдарламасында баса көрсетілген міндеттің бірі – отандық денсаулық сақтау жүйесін цифрландыру болатын. Біз бұл үдеден шыға білдік.

Қағазсыз құжат айналымын, нақтылап айтсам,  «Электронды денсаулық төлқұжатын» енгіздік. Осының арқасында дәрігерлер қағазбастылықтан құтылды.

Бұл өз кезегінде емделушілерге көбірек көңіл бөлуге мүмкіндік берді.  Жалпы айтсақ, Батыс Қазақстан  облысындағы  39 денсаулық сақтау нысанының 32-сі қағазсыз құжат айналымы жүйесіне көшті.

Барлық денсаулық сақтау мекемелері компьютерлік техникамен жарақтандырылған әрі олардың 70 пайызы ғаламтор желісіне  қосылды.

«Денсаулық» бағдарламасында тайға таңба басқандай көрсетілген тағы бір міндет – бастапқы медициналық-санитарлық көмекті жетілдіру болатын. Медициналық-санитарлық алғашқы көмек (МСАК) аясында денсаулық сақтау басқармасы бағдарламасы облыстағы алты негізгі емханада жүзеге асырылып, 702 науқасты қамтыды.

Нәтижесінде, емделушілердің 75 пайызында артериалды қан қысымы тұрақталып, қант диабетімен ауыратын науқастардың 65 пайызында оң өзгеріс байқалған, созылмалы жүрек-қан тамырларымен ауыратын науқастарды ауруханаға жатқызу 3,5 есеге азайған.

Облыс бойынша «Денсаулық» бағдарламасын жүзеге асыруға республикалық және жергілікті бюджеттерден 5,5 млрд теңге қаражат бөлінгенін айта кетейін.

Облыс әкімінің қаулысына сәйкес БҚО денсаулық сақтау басқармасы жанынан қоғамдық денсаулық қызметі құрылған. Болашақта аталмыш бағдарлама барлық аудандық ауруханаларда жүзеге аспақ.

Облыста есептік кезең ішінде 126 мыңнан астам адам түрлі скринингтік шаралармен қамтылған.

Айналып келгенде, «Денсаулық» бағдарламасының басты міндеті Мемлекет басшысы алға қойған міндетті жүзеге асыру екені әмбеге аян.

Ал ол міндет қандай?

Қазақстан 2050 жылға дейін әлемдегі дамыған 30 елдің қатарына енуі және адамның өмір сүруі 80 жасқа дейін ұзартылуы тиіс. Елбасының Үкімет алдына қойып отырған негізгі тапсырмаларының бірі – осы.

 

Талғат Нұрғожин, С.Асфендияров атындағы Қазақ Ұлттық медициналық университетінің ректоры:

 

«Медициналық инфрақұрылымдарды жаңалаудың ең тиімді жолы – инвестиция тарту»

– Мемлекет басшысы әрбір Жолдауында медицина саласына айрықша тоқталып өтеді. Айталық, былтырғы жылғы Жолдауында Нұрсұлтан Назарбаев денсаулық сақтау саласын қайта реттеу мәселесіне баса назар аударды.

Оның ішінде шағын медицина ұйымдарын құру және салаға инвестициялар тарту мүмкіндігі ерекше аталып өткен еді.

Мұның барлығы «Денсаулық» бағдарламасында қамтылған.  Елбасы айтқан міндетті ойдағыдай орындап, отандық медицинаны жаңа деңгейге көтереді деп сенемін.

2016-2019 жылдарға арналған «Денсаулық» бағдарламасы 7 бағыт бойынша жүзеге асатыны барлығына белгілі болар.

Осылардың ішінде бірінші кезекте: қоғамдық денсаулық сақтау жүйесін дамыту, алғашқы медициналық-санитарлық көмекті жетілдіру, дәрі-дәрмек саясатын дұрыс жолға қою керекпіз. Бұл аса маңызды. Отандық медицинаның ақсап тұрған тұстары осыларға қатысты. Мұны жасыруға болмайды.

Сондай-ақ денсаулық сақтау саласының инфрақұрылымын әрі қарай дамытуды қамтамасыз ету де – басты мақсаттардың бірі деп санаймын.

Мұны медицина саласына қатысты өткен жиындарда Үкіметбасы Бақытжан Сағынтаев үнемі айтып жүр.

Меніңше, медициналық инфрақұрылымдарды жетілдіруді дамытудың ең тиімді жолы – инвестиция тарту. Медициналық инфрақұрылымдарды тек қаражаттың көмегімен жаңарта аламыз.

Осы бағыттағы жұмыстарды жүйелеу қажет, жүйеленіп те жатыр.

Өткен жолы Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртановтың «Денсаулық» бағдарламасына қатысты биылғы жылдың 6 айында атқарылған жұмыстар жайлы есебін мұқият тыңдадым.

Оның айтуынша, есепті кезеңде өткен жылдың 6 айымен салыстырғанда инвестициялардың жалпы көлемі 63 пайызға  өсіпті, ал жеке инвестициялар 31 пайызға өскен.

Инвестициялық белсенділік Алматы облысында, Алматы қаласында, Қарағанды ​​облысында байқалуда екен.

Бюджеттен тыс инвестициялардың ең көп мөлшері санаторлық-курорттық ұйымдарды дамытуға 41 пайыз немесе 4 740 млн теңге, көп бейінді ауруханалар мен мамандандырылған стационарларға  21 пайыз немесе 2 397 млн теңге жұмсалыпты.

«Денсаулық» бағдарламасы туралы айтқанда салауатты өмір салтын насихаттауды да қаперден шығаруға болмайды.

Денсаулық пен салауатты өмір салтын ұстану бір-бірімен тығыз байланысып жатыр. Елімізде бұл мақсатта нәтижелі шаралар жүргізілген екен.

Менің білуімше, жыл басынан бері салауатты өмір салтын насихаттауға арналған шараларға 6 млн астам адам қатысқан, халықты иммундау 95,2 пайызға жеткен.

 

 

«Қала мен Дала» анықтамасы:

«Денсаулық»  бағдарламасы шеңберінде 2020 жылға қарай:

– Қазақстан Республикасы халқы өмір сүруінің күтілетін ұзақтығын 73 жасқа дейін арттыру;

– аналар өлім-жітімін – үш есе,

– нәрестелердің өлім-жітімін  – екі есе,

– Қазақстан Республикасы халқының жалпы өлім-жітімін – 2009 жылғы деңгеймен салыстырғанда 30% -ға;

туберкулезден өлімге ұшырауды 100 мың адамға шаққанда  3,8 адамға дейін төмендету;

15–49 жас тобында АИТВ-жұқпасының таралуын 0,2–0,6 % шектерінде ұстап тұруды қамтамасыз ету жоспарланып отыр.

 

7 бағыт…

«Денсаулық» бағдарламасының негізгі 7 бағыты қаперіңізде жүрсін. Олар:

  1. Халық денсаулығын сақтаудың негізі ретінде қоғамдық денсаулық сақтауды дамыту;
  2. МСАК-ті жаңғырту және басымдықпен дамытудың негізінде барлық денсаулық сақтау қызметтерін пациент мұқтаждықтары айналасына интеграциялау;
  3. Медициналық қызметтердің сапасын қамтамасыз ету;
  4. Ұлттық дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету саясатын іске асыру;
  5. Ниеттестікті ендірудің негізінде денсаулық сақтау жүйесін жетілдіру және оның қаржылық тұрақтылығын арттыру;
  6. Денсаулық сақтау саласындағы адами ресурстарды басқарудың тиімділігін арттыру;
  7. Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік, инновациялар мен қазіргі заманғы ақпараттық-коммуникациялық технологиялардың негізінде денсаулық сақтау инфрақұрылымын одан әрі дамытуды қамтамасыз ету;

 

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Please enter your comment!
Please enter your name here