Тәуелсіздіктің 30 жылдығы

0
716

Бұған Нұр-Сұлтан мен Алматы қаласының дайындығы қалай?

Әлбетте, биылғы мерекені ел көлемінде атап өтуге коронавирус инфекциясының кедергі келтірері анық. Облыстық әкімдіктер Тәуелсіздіктің 30 жылдығын сақтық шараларын сақтап, мағыналы, мазмұнды контентке басымдық беріп өткізбекші деп хабарлайды «Қала мен Дала». 

Осы орайда газет тілшісі Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларының тәуелсіздікті қалай атап өтеріне шолу жасаған болатын. Әңгімені Елордамыздан бастайық.

Ел астанасында биылғы жылдың басынан бастап Тәуелсіздік мерекесіне арналған халықаралық деңгейдегі, республикалық, қалалық әрі аудан көлемінде 300-ге жуық түрлі іс-шара өткізілген. 

30 жылдықты атап өтудің биылғы алты айдағы қорытындылары туралы түнеугүні Нұр-Сұлтан қаласы Ішкі саясат басқармасының басшысы Дәурен Бабамұратов мәлім еткен болатын. Осы шараға «Қала мен Дала» тілшісі де қатысып, өткен алты айдағы және алдағы уақыттағы мерекелік шаралар туралы мол мағлұмат алып қайтты.

Дәурен мырзаның атап өткеніндей, осынау 30 жылдыққа арналған мерейтойға дайындық мақсатында астанада 800-ге жуық түрлі бағыттағы іс-шараларды қамтитын біртұтас қалалық жоспар құрылған. Соның ішінде 80-ге жуығы халықаралық һәм республикалық деңгейде өтеді. Ал 700 іс-шара  қалалық және де аудан-ауылдық деңгейде ұйымдастырылады.

«Тәуелсіздік құрдастарының арасында бұқаралық спортты насихаттау, өсер ұрпақты салауатты өмір салтына баулу үшін Нұр-Сұлтан әкімдігі егемендігіміздің 30 жылдығын мерекелеу қарсаңында республикалық және қалалық жерлерде көптеген бұқаралық-спорттық шаралар өткізген болатын. Бұдан бөлек, қаланың тұрақты тұрғындарын, соның ішінде жас буынды бұқаралық спортқа тарту мақсатында жаңа спорт нысандары да ашылғанын айта кету керек. Атап айтар болсам, Былғары қолғап орталығы, Көркем гимнастика үйірмесі және ережесіз Жекпе-жек залы, сонымен қатар қаламызға қарасты елді мекендерде денешынықтыру және сауықтыру кешендері содан бөлек, 2 бірдей жауынгерлік өнерді шыңдау орталығы ашылды», деді Дәурен Бабамұратов.

«Қала мен Дала» тілшісі өз тарапынан Тәуелсіздік 30 жылдығына орай мереке қарсаңында арнайы тақырыптағы қандай шаралар өтетін анықтап сұрады.

Қаланың идеологиялық жұмыстарына жауап беретін Дәурен Бабамұратов тікелей Тәуелсіздік тақырыбына қатысты концерттік бағдарламалар, шығармашылық кеш пен көрмелер, спектакльдер мен қойылымдар және арнайы экскурсиялар әзірленіп жатқанын айтты.

Басқарма басшысының анықтап өткеніндей, маусым және шілде айында Елордада еліміздің Мемлекеттік рәміздері күні, Медицина мамандарының күні, Қазақстан тәртіп сақшыларының күні және Астана күні секілді мерекелерге арналған 150-ге жуық түрлі іс-шара өткізілген. 

«Астанамыздың туған күнін мерекелеуді әлеуметтік жобаларға арнап өткіздік. Мереке тұтастай алғанда, әлеуметтік мәнге ие болды. Нәтижесінде, тұрмысы төмен әрі үй кезегінде тұрған отбасыларға пәтер кілті берілді, ел сақалды құрылыс деп атап кеткен жұмысы ұзаққа созылған 20 тұрғын үй аяқталды, Елорда іргесінде Көктал мен Өндіріс елді мекендерінде  спорт-сауықтыру кешендері қолдануға берілді.

Сонымен бірге көру қабілеті нашар балаларға арнап қала әкімінің бастамасымен мамандандырылған балабақша ашылды. Қаладағы 60-қа жуық ауланың, 10-ға тарта қоғамдық кеңістіктің құрылысын аяқтап, тұрғындар игілігіне бердік», – деді Ішкі саясат басқармасының басшысы.

Оның атап өткеніндей, Тәуелсіздіктің 30 жылдығында рухани бағыттағы дүниелерге басымдық берілуде. Бұған дәлел, биыл астанада қазақ халқының әйгілі тұлғалары – Қаныш Сәтпаевқа, Әлихан Бөкейханға, Ахмет Байтұрсынұлына, Дина Нұрпейісоваға және Міржақып Дулатқа ескерткіштер орнатылған.

Бұдан сырт Тәуелсіздік мерейтойына арнап Елордада «Құтқарушылар паркі» ашылды.

Жыл аяғына дейін Нұр-Сұлтанда мерейтойға арналған ондаған спорттық, мәдени-рухани әрі қайырымдылық бағыттағы іс-шаралары өткізілгелі отыр.

Тәуелсіздіктің тал бесігі саналатын Алматы қаласында осынау мерейтойды мерекелеу аясында республикалық «Қайырымды іс марафоны» жүзеге асуда.

Алматы әкімдігі әйгілі Желтоқсан оқиғасының 35 жылдығына арналған атаулы датаға ерекше көңіл бөлуді жоспарлап отыр, бұл туралы сәл кейінірек айтатын боламыз.

Бұл туралы Алматы қаласы қоғамдық даму басқармасы егжей-тегжейлі айтып берді. Шараға шақырту алған «Қала мен Дала» тілшісі басқарма  басшысының орынбасары Ренат Бекбергеновке сауал қоюға мүмкіндік алды.

Оның айтуынша, Тәуелсіздікті ұлықтауға арналған «Қайырымды іс марафоны» іс-шарасы аясында жалпыұлттық және де қалалық деңгейде 900-ден аса іс-шара өткізу жоспарланып отыр.

«Айталық, маусым-шілде айында Алматыда еліміздің Мемлекеттік рәміздер күніне, Полиция күніне және медицина мамандарының күніне арналған 70-ке жуық түрлі бағыттағы іс-шаралар өтті. Қаладағы тұрғын үйлердің терезелеріне еліміздің жалауы қойылып, ел Әнұраны бір мезгілде шырқалды. Халық көп топтасатын аумақта еліміздің туы таратылды», – деді Алматы қаласы қоғамдық даму басқармасының өкілі.

Оның айтуынша, Оңтүстік астанада ашылған жаңа жобалардың басым көпшілігі Тәуелсіздікке тарту етілетін сый.

«Тәуелсіздікке тарту ретінде 25 өнеркәсіптік және әлеуметтік нысандар қолданысқа берілді. Мұндағы мақсат – мерейтойды халыққа пайда әкелерлік бағытта атап өтуді жоспарлап отырамыз. Соның ішінде шетелдік компаниялармен байланысты жолға қоя білдік. Соңғы айларда «АДС Индастриес» фармокология зауыты, «Терренкур» жаяу жүргіншілерге арналған аймағы, жаңа мектептер мен балабақшалар пайдалануға берілді», – деді Ренат Бекбергенов.

Бұл биылғы жылдың алты айында атқарылған істер. Ал 2-жартыжылдықта Алматы қаласының әкімдігі «Қайырымды іс марафоны» іс-шарасы шеңберінде 800-ге жуық іс-шара өткізуді жоспарлап қойған.

«Алдағы айдың соңы мен күздің басында Мұғалімдер конференциясы өтеді, еліміздің Конституция күніне арналған ауқымды жобаларымыз бар. Бұдан бөлек, Алматыдағы барлық мектептер мен балабақшаларда «Егемен елдің жетістіктері» атты тақырыпта сынып сағаты мен ашық сабақтар ұйымдастырылады. Күздің соңында қазақ халқының ағартушы ғалымы Ыбырай Алтынсаринге ескерткіш орнатылады, бұдан сырт 13 жаңа мектепті пайдалануға бермекпіз», – деді спикер өз сөзінде.

Өндірістік жобаларға келсек, Тәуелсіздік күніне орай Алматы қаласында индустриялық һәм инновациялық және де әлеуметтік нысандарды іске қосу, «Алматы – Тәуелсіздіктің алтын бесігі» атты жалпыұлттық форум және «Creative jastar» инновациялық жобалар конкурсы ұйымдастырылады.

Желтоқсанда Тұңғыш Президент күніне арналып «Тәуелсіздік шежіресі» атты танымдық көрме және тағы да басқа ғылыми-практикалық іс-шаралар жоспарланған.

Ілгеріде айтып кеткен Сағынтаев әкімдігі Желтоқсан оқиғасының 35 жылдығына ерекше көңіл бөлуді жоспарлап отыр.

Дәл осы күні қала бойынша қайырымдылық шарасы өткізіледі. Соның ішінде шын мұқтаж жандарға материалдық қолдау көрсетіледі.

«Қайырымды іс марафоны» бұл жай ғана мереке емес, бірінші кезекте қайырымдылық миссиясы. Соның арқасында тұрмысы төмен отбасыларға азық-түлік жеткізіп береміз, олардың тұрғын үйін жөндеуге қол ұшын созамыз. Жалпы саны 20 мыңнан аса қала тұрғыны қолдау алады», – деді өз сөзінде Ренат Бекбергенов.

Қала көлемінде ұйымдастырылып жатқан «Қайырымды іс марафонына» Алматыдағы беделді, қалталы кәсіпкерлер де атсалысуда. Атап айтар болсақ, «Металл Пром Group» компаниясы қайырымдылыққа 100 млн теңге бөлген.

«Тұтастай алғанда, соңғы үш жылдың бедерінде мұқтаж отбасыларға 450 млн теңгеден аса қайырымдылық көмек көрсетілген екен. Алматыда қайырымдылыққа атсалысқысы келетін кәсіпорындар көп. Бұл олардың тарапынан жасалған гуманистік әрекет. Бизнестің бірінші ұстанымы – халыққа пайда әкелу. Сол арқылы қоғамдық маңызды мәселелерді шешіп, мемлекеттің бір жағына шығысады», – деді осы шараға спикер ретінде қатысқан Алматыдағы «Қазақстан ұйғырларының республикалық мәдени орталығы» төрағасының орынбасары Долкунтай Абдухалел.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Please enter your comment!
Please enter your name here