Жетісудың «Жаңғыру жолы» өңірлік штабы осы жылды қорытындылады

0
1103
????????????????????????????????????

Күні кеше ғана Талдықорғандағы «Достық үйінде» Алматы облысы Қазақстан халқы Ассамблеясының айнымас әріптесі «Жаңғыру жолы» қозғалысының өңірлік штабының отырысы болып өтті. Басқосу барысында 2020 жылда атқарылған жұмыстар, карантин кезінде тұрмысы төмен отбасылар мен қарт азаматтарға көрсетілген қайырымдылық көмек, сондай-ақ 2021 жылға арналған жоспарлар талқыланды.

Алматы облысындағы «Жаңғыру жолы» жастар қозғалысы 2018 жылы құрылып, содан бері қарқынды жұмыс істеп келеді. Еліміз бойынша құрылған қозғалыстың мақсаты – Қазақстанда қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікті нығайту жұмыстарына жастарды тарту болған еді.

Сонымен қатар «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыруда бірлесіп жұмыс істеуге түрлі ұлт өкілдерінің жастарын тарту көзделген болатын.

Осылайша, еліміздегі этностардың жастары да қоғамдық жұмыстан шет қалмай «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында жұмыс істеп, жастардың бойына қазақтың мәдениеті мен рухани құндылықтарын сіңіруге бел буып, білек сыбана кірісті.

Мені, содан бері екі жыл көзді ашып-жұмғандай өте шықты. Қазіргі таңда Алматы облысындағы «Жаңғыру жолы» қозғалысының белсенділері ойға алған мақсаттарына қол жеткізіп, халық арасына танымал ұйымға айналды.

«Достық үйінде» өткен басқосуда «Жаңғыру жолы» штабының төрайымы Руфина Усанова өзі жетекшілік жасайтын ұйымның белсенділері пандемия кезінде халыққа барынша көмек-қолдауын көрсетіп, жұмыс істегенін алға тартты. Сонымен қатар қазғалысты белсенді қатысушыларының саны артып, Алматы облысы аумағында қайырымдылық іс-шараларына белсене қатысқанын да алға тартты.

– О баста біздер Алматы облысындағы жастарға жоба-жоспарымызды жан-жақты таныстырып, оларды ортақ мақсатқа бағыттауды ойлаған едік. Бүгінде сол мақсатымызға толықтай қол жеткіздік десек болады. Алматы облысындағы аудандарды аралап, сол жердің тұрмыс-тіршілігімен танысып, жастармен кездесіп, олардың ойларын білуге күш салдық. Қазіргі таңда айналасында болып жатқан жайттарға бейжай қармайтын белсенді жастардың басын бір арнаға тоғыстырып, ойға алған істерімізге қол жеткізіп келеміз. Біздің қозғалыс құрылған күнінен бастап еліміздегі экологиялық, ұлтаралық татулық мәселелеріне баса көңіл бөліп, осы бағытта маңызды іс-шараларды ұйымдастырды. Атап айтсақ, облыс орталығы Талдықорған қаласында «Таза саябақ – Таза қала» іс-шарасын ұйымдастырып, қала тұрғындарын тазалықты сақтауға үндедік. Ал пандемия кезінде біздің жұмысымыздың маңызы арта түсті. Халыққа азық-түлік, дәрі-дәрмек таратып, жұмысымыз қыза түсті. Алдағы уақытта да облыс көлеміндегі жұмыстарымызды ширатып, Жетісу жастарының отаншылдыққа деген сезімін ояту жолында еңбек ететін боламыз, – деді «Жаңғыру жолы» штабының төрағасы Руфина Усанова.

Жиынға қатысқанымызда «Жаңғыру жолы» қозғалысының белсенділері  І.Жансүгіров атындағы ЖМУ студенттері мен Талдықорған қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушылары республикалық «Birgemiz.Bilim» жобасын ұйымдастырып, стартап жобалар байқауын өткізгенін де білдік.  

Тұтас елімізді қамтыған республикалық шара барысында Алматы облысының ауылдық жерлеріндегі жоғары сынып оқушыларын ҰБТ-ға дайындық кезінде ағылшын тіліне, компьютерлік және құқықтық сауаттылыққа үйретуге «Жаңғыру жолы» қозғалысының еріктілері көмек көрсетіпті. Осы игілікті жұмыстың аясында мамыр-шілде айларында ҰБТ-ға дайындық бойынша 184 оқушы қосымша сабақ алу мүмкіндігіне ие болды. Нәтижесінде, олардың 80%-ы еліміздегі жоғары оқу орындары мен колледждеріне грантқа оқуға түсіп, студент атанғанын мақтанышпен айтуға болады. Бұдан кейін тағы да 100-ге жуық оқушы қыркүйек-қараша айларында ҰБТ-ға дайындық бойынша қосымша сабақ алған.  

Пандемия кезінде балаларды ҰБТ-ға дайындау ісі ата-аналар үшін өзекті мәселеге айналғаны жасырын емес. Осы ретте «Жаңғыру жолы» қозғалысының белсенділері бұл қиындықтан шығудың жолын ұсынып, ата-аналар мен оқушылардың алғысына ие болды.

Алматы облысындағы «Жаңғыру жолы» қозғалысының үстіміздегі жылы атқарған маңызды жұмыстарының бірі ретінде 2020 жылдың 17 қаңтарында «Достық үйі» ғимаратында Алматы облысы Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы волонтерлік орталығын ашқанын айрықша атап өтуге болады.  Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елімізде еріктілердің жұмысын жандандыру ісін жергілікті билік орындары мен ведомстволық салаларға тапсырған болатын. Президент тапсырмасын орындауға «Жаңғыру жолы» қозғалысының белсенділері де бел буып, білек сыбана кіріскен болатын.

Алматы облысында еріктілер қызметі негізінен білім беру, мәдениет, қоршаған ортаны қорғау, қиын өмірлік жағдайға тап болған мүмкіндігі шектеулі балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға әлеуметтік көмек көрсетуге қатысу, спорттық іс-шараларда волонтерлік қызмет ету, халықтың әлеуметтік осал топтарына және паллиативтік көмек көрсету және хабар-ошарсыз кеткен адамдарды іздеуге қатысу бағыттарында ұйымдастырылғанын айта кетуіміз керек. Еріктілердің жұмысы жайында облыс әкімі Амандық Баталов былайша пайымдаған болатын:

– Біздің келешегіміз жастардың қолында! Еріктілер қозғалысы студенттердi әлеуметтік жауапкершілік тұрғысынан тәрбиелеуге, отансүйгiштiкке, лидерлiк сапаларға,өзара қолдау мен түсінушілікті қамтамасыз етеді. Бүгінде облысымыздағы еріктілер қатары 3782 адамға жетті. Әр аудан, қаламызда еріктілер қозғалысының күннен-күнге саны артып келеді. Еріктілердің қоғамда орны ерекше, өйткені еріктілер жасаған жақсылықтары үшін өтемақы немесе материалдық қажеттілік талап етпейді, бірақ оның орнына алғыс алып, жақсылыққа кенеледі. Ерікті жастардың мерейі тасып, еңбектері жемісті болсын деймін, – деп ойын ортаға салған болатын.

Алматы облысындағы ауыл және қала жастарын еріктілік қызметіне үйретумен оның мән-мағынасын тереңінен түсіндіру мақсатында жасалған шараға, волонтерлік саласының майталманы болып саналатын 9 спикер шақырылған. Олар «Этно волонтерлік қызметі» неміс орталығынан Евгения Еременко,  «Жаңғыру жолы» РМҚК өңірлік штабының төрайымы Руфина Усанова, «Жеңіс жобасының» волонтері Мақсат Кенешев, «Мерейлі Жетісу» Қоғамдық қорынан Мариям Нигмеджанова, Алматы волонтерлер лигасынан Айсұлу Көбенова, «Rina.kz» ерікті іздеу қозғалысының үйлестірушісі Ирина Мордосова, «Зооволонтер» Ирина Омлеченко, «Парыз» волонтерлік жобасы Аслан Көбентаев бастаған жастар бұл іске барынша араласып, Жетісу жерінде еріктілердің жұмысын жан-жақты насихаттады.

Төтенше жағдай кезінде волонтер жастардың да сыналған шағы болды десек артық айтпаспыз. Өйткені олар көмекке мұқтаж жандарға жәрдем көрсетумен айналысып, дезинфекциялық жұмыстарға атсалысты. Тәулік бойы шұғыл қоңырау қабылдайтын қауырт желіде телефонға жауап қату да оңай емес. Сондай-ақ өңір еріктілерінің атсалысуымен 50 мың медициналық маска тігіліп, таратылды. Әлеуметтік жағдайы төмен, аз қамтылған және көпбалалы отбасылар мен жалғызбасты аналарға, жалпы 10 мың отбасына әлеуметтік көмек көрсетіліп, азық-түлікпен қамтамасыз етілді. Әрі волонтерлер жалғызбасты қариялардың үйлеріне тазалық жұмыстарын жүргізеді.

Жалпы, қазір Алматы облысындағы волонтерлердің жұмысын бір арнаға тоғыстырған «Мейірімді Жетісу» фронт-кеңсесінің жұмысы қыза түскен. Ал жастардың қоғамды ілгері сүйреуге қосқан үлесі мемлекет тарапынан да еленіп отыр. Осы фронт-кеңсенің үйлестірушісі Жансая Смағұлова волонтерлік қызметі мен төтенше жағдай кезіндегі еріктілердің жұмысын жоғары деңгейде ұйымдастырғаны үшін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Алғыс хатымен марапатталды. Президенттің алғысын Жансаяға облыс әкімі Амандық Баталов табыс етті. Құттықтау барысында облыс басшысы Жансаяның төтенше жағдай кезінде ұжымдық еріктілікті ұйымдастырудағы, мұқтаж жандарға қол ұшын созу жұмыстарын үйлестірудегі, волонтерлердің атқарған істерін бұқаралық ақпарат құралдарында насихаттаудағы үлесін атап өтіп, Президенттің Алғыс хатын және сый ретінде өзінің қолтаңбасы бар кітап табыстады.

Бұдан басқа, «Жаңғыру жолы» өңірлік штабы ақпан айында Қарасай ауданында «Тұңғыш Президент жолымен» атты халық экспедициясына қатысып белсенділік танытып, шілде айында «Маска тағыңыз» атты республикалық акциясы өткізіліп, қаламыздың жастары акцияға өз үлестерін қосты. Штаб мүшелері еліміздің азаматтарына, сондай-ақ тұрақты этносаралық және конфессияаралық қатынастардың қалыптасуына үлкен көмек пен қолдау көрсетті.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Please enter your comment!
Please enter your name here