Жетісудағы Ассамблея мүшелері коронавируспен күресте белсенділік танытты

0
1527

«Бірлігі бекем елді дау да, жау да алмайды» деген тәмсілді нысанаға алған текті халық үшін қашанда тұтастық пен ымыраластықтың орны бөлек, мәртебесі биік. Осы мақсатта Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Әбішұлының бастамасымен Қазақстан халқы Ассамблеясы құрылған еді. Ұлт пен ұлысты бір шаңырақ астына жинаған осынау құрылым әлі күнге жемісті еңбек етіп келеді. Бұл қатарда Алматы облысындағы Ассамблеяның филиалы да бар.

Жетісу өңірінде ынтымағы жарасқан 105 этнос өкілдері өзара, тату-тәтті өмір сүруде. 71 этномәдени бірлестік оның ішінде – 26 облыстық, аудандардағы  39 және қалалардағы 6 филиалы тіркелген. Елімізде тұратын этнос өкілдеріне өз мәдениетін дамытып, салт-дәстүрлерін сақтауға лайықты жағдайлар жасалған.

Алматы облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы жанында тұрақты негізде ғылыми-сараптамалық топ, этносаралық тақырып бойынша жетекші журналистер мен сарапшылардың клубы, «Ұлағат» ақсақалдар кеңесі, «Аналар кеңесі», «Облыстық Қоғамдық келісім кеңесі» жұмыс істейді. Сонымен қатар «Бірлік» жастар қауымдастығы, өңірлік «Жаңғыру жолы» жастар қозғалысының штабы, «Парасат» тіл жанашырлары, «Айбын» әскери-патриоттық клубтары, «Өрнек» би ансамблі, «Көркем-ай» өнер-тәлім отауының да атқарып жатқан жұмыстарын ауыз толтырып айтуға болады. Бүгінгі таңда республикаға, облысымызға танымал қоғамдық пікір көшбасшылары – 32 адам, әр этнос өкілдері Қазақстан халқы Ассамблеясына мүше болып табылады.                                                                                                    

Қазіргі кезде 422 Қоғамдық келісім кеңестері бар. Оның ішінде,                       1 облыстық, 20 аудан, қалалық, 393 ауылдық деңгейде және ірі кәсіпорындарда 8 қоғамдық келісім кеңестері қызмет атқарады. Барлық деңгейдегі Қоғамдық келісім кеңестерінің мүшелері 4209 адамды құрайды. Олар – қоғам қайраткерлері, этномәдени орталықтардың өкілдері, ардагерлер, аналар, жастар, үкіметтік емес ұйымдар, кәсіподақ өкілдері және ауылдық округ әкімдері мен полицияның учаскелік инспекторлары.

Ассамблея мүшелері бүгінде қоғамның кетігін жамауға барынша атсалысып келеді. Олар әрқашан келелі істің басы-қасында екені жасырын емес.

Жер жаһанды жайлаған пандемия кезінде де қол қусырып қарап отырмады.

Өңірдегі барлық аудан, қалаларда облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы құрылымдарының мүшелері, қоғамдық пікір көшбасшылары, еріктілер коронавирус инфекциясымен күресте де белсенділік танытты.

Мәселен, Панфилов ауданында аудандық Аналар кеңесінің мүшесі, көп балалы ана Мейрамгүл Мұқаева аудандық  аурухананың провизорлық  бөлімінде ауырып жатқан науқастарға күнде таңертең 10-15 литр саумалды тегін  жеткізіп беріп жүрді.

Ал Жамбыл аудандық  Аналар кеңесінің мүшелері «Ақтерек» қоғамдық қорымен бірлесе аудандық ауруханаға 210 мың теңгеге дәрі-дәрмек алып, аурухананың дәрілік қорын көбейтуге тамшыдай болса үлесін тигізсе, аталған кеңестің төрағасы Т.Қожахметов емделуші науқастарға ұлттық сусын таратты.

Алакөлдік Қоғамдық келісім, аналар кеңестерінің мүшелері, жергілікті кәсіпкерлермен бірлесіп аудандық ауруханаға 11 оттегі концентратын алып берсе, «Мерей – Асем» ЖШС жетекшісі С.Қарабеков 50 дана «Pulse Oximeter» аппаратын сыйға тартты.

Еңбекшіқазақ ауданында қоғамдық келісім кеңесінің мүшесі, ауыл ақсақалы Е.Сұлтанғазиев отбасының атынан Шелек ауылдық ауруханасына 2 дана тыныс алу аппаратын табыстады.

Сондай-ақ Рахат, Балтабай, Жанашар ауылдық округтерінің қоғамдық пікір көшбасшыларының ұйымдастыруымен аудандық орталық ауруханаға күнделікті 100 литрден астам тегін қымыз жеткізіліп отырды.

Аудан жастары мен еріктілері бірлесе, қажетті қаражат жинап, індетпен күресіп жатқан азаматтарға 6 оттегі концентратын табыстады. Ауданаралық көпсалалы аурухананың қызметкерлеріне 250 литр қымыз ұсынды. Мұндай игілікті шарадан текеліліктер де қалыс қалмады.

Текелі қалалық ауруханасындағы 50 медицина қызметкерлерін 3 уақыт тегін ыстық тамақпен қамтамасыз етіп,  қоғамдық пікір көшбасшылары 765 000 мың теңгеге 3 оттегі концентраттары мен пульс оксиметрін алып берген еді. 

Ал Ұйғыр ауданында ҚХА құрылымдарының мүшелері мен белсенділері 3 000 000 теңге қаражат жинап, 8 демалуға арналған тыныс алу аппаратын,  63  демалуға арналған «Бобров» аппаратын, ауруханадағы емделушілерге арналған 19 төсек,  30 дана төсек жабдықтары  және 2 кір жуғыш машина сыйлады.

Маңызы зор әлеуметтік шара көпшіліктен оң бағасын алып, жалғасын табуда. Медицина қызметкерлеріне барлығы: 1415 000 теңгеге ет және 2 350 000 теңгеге азық-түлік себеттері таратылды.

Алматы облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері тек қана, пандемиямен күресте ғана емес, мемлекеттік деңгейдегі барлық шараларда да алдыңғы шептен көрініп жүр. 

Күні кеше, ел аумағында тұңғыш рет атап өтілген «Абай күні» Ассамблея мүшелері, әр этнос өкілдерінің жастары ұлттық киімдерімен облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасымен бірлесіп, хәкім Абайдың 175 жылдығына арналған бейнеролик түсіріп, әлеуметтік желілерде кеңінен насихаттаған болатын.

Бұдан басқа,  аудан, қалалардағы этномәдени бірлестіктердің төрағалары мен кәсіби және қоғамдық медиаторлардың қатысуымен, «Абайдың заң, құқық және адамгершілік тұрғысындағы пікірлерінің бүгінгі таңдағы өзектілігі» онлайн режимінде дөгелек үстел өткізілді.

Айта кетерлігі, облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы  ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Қазақстан Республикасының Конституциясы мен Қазақстан халқы Ассамблеясының 25 жылдығын ұйымдастыру және өткізу жөніндегі ұлттық іс-шаралар жоспарының 31-тармағына сәйкес,  «Ата Заң аптасын» ұйымдастырып жатыр.

24   тамыздан бастап,  апта бойы онлайн форматта вебинарлар, тегін заң консультациялары, қайырымдылық акциялары және басқа да іс-шаралар өткізіледі деп күтілуде.

Тізе берсек бір талай істің томағасын сыпырып жүрген облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының мойнына алған жауапкершілігі мен атқарар ісі ұшан-теңіз. Еске салайық, биыл Ассамблеяның 25 жылдық мерейтойы. Елдегі келеңсіз сәтке тұспа-тұс келген мереке кең ауқымда өтпесе де, онлайн форматта жалғасын табады.

Алдағы таңда, еліміздегі қоғамдық тұрақтылық пен этносаралық қатынасты дамытуға зор үлес қосқан жетісулық азаматтарды  26 тамыз күні ҚР Президентінің Жарлығымен бекітілген  «Қазақстан халқы Ассамблеясының   25 жылдығы» мерейтойлық медалімен марапаттау жоспарланған.

Анар САБЫРОВА, Алматы облысы.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Please enter your comment!
Please enter your name here