Жусан исін сағындым…

0
900

Сирияға кеткен 15 жасар Мәриямның қилы тағдыры

Сириядағы соғысқа аттанып, артынан опық жеген қандастарымызды елге қайтаруда «Жусан» бағдарламасы көңілге қонымды нәтиже көрсетті. Қаншама қазақ азаматтарына атамекеніне қайтарылды. Дінтанушы, ақпараттық түсіндіру тобының мүшесі Тыныштық Байманованың айтуынша, мұның артында жүздеген адамның тағдыры тұр.

Әсіресе, әке-шешесіне еріп, шетел асқан балалар мен жеткіншектер үшін бұл сапар ауыр сынақ болды. Көпшілігі соғыстан алған әсерден айыға алмай, көпке дейін бейбіт өмірге үйренісе алмаған екен.

 «Қала мен Дала» Сириядан оралғандардың кейінгі өмірін бағдарлаған дінтанушының ой-пікірін оқырман назарына ұсынады.   

«Сириядағы соғыстан соққы алып, үлкен күйзеліспен оралған жерлестерімізге жедел түрде теологиялық және психологиялық көмек көрсетілді. Олар арнайы бейімдеу орталықтарына орналасты.

Әлбетте, адам өмірі – ең басты құндылық. «Жусан» операциясы біздің елдің қандастарының тағдырына бейжай қарамайтынын дәлелдеді», – дейді Тыныштық Байманова.

Оның пікірінше, осынау операцияның нәтижесінде елге оралған қазақстандықтар жаңа өмір бастауға мүмкіндік алған.

Мәселен, осы операция аясында Түркістан облысына 15-ке жуық әйел адам және 40-қа тарта бала келіпті. Мамандар олардың әрқайсысымен жеке тілдесіп, Сирияға кетуінің себебін сұрап, ішкі күйзелісін бөліскен.

Қыз-келіншектердің көпшілігі Сирияға жақсы өмірді армандағандықтан барғанын ашыла айтты. Алайда ол жақтағы шынайы ахуалды көріп, қатты өкінген.

«Көпшілігі Сирияда жүріп жусан иісін сағынғанын айтып ағынан жарылды, алайда елге оралудың амалын таппаған олар іштен тынып жүрген», – дейді дінтанушы.

Тыныштық Байманова соған орай «Жусан-3» операциясының көмегімен туған жеріне оралған 15 жасар қыздың қилы тағдырын қаз-қалпында баяндап берді.

«15 жасар Мәриям (Сириядағы лақап аты) Түркістан облысы, Жетісай жерінде өмірге келген. 6 жасқа толған шағында ата-анасы ажырасып, анасымен бірге Алматыға қоныс аударған екен.

Сол тұста анасы теріс діни ағымдағы ер-азаматтың арбауына түсіп, алдауына көніп қалады. Бірінші сыныпты аяқтамастан, қаршадай қыз анасымен бірге Сирияға көшеді.

Алайда Алматыда жолықтырған күйеуі елден шыға алмай, көп ұзамай Қазақстандағы құқыққорғау органдарының қолына түседі де, 9 жылға сотталып кете барады.

Мәриямның анасы сол жақта үшінші рет некесін қидырады. Анасы қызын араб мектебіне табыстайды. Оның бұдан әрі қарайғы өмір өте ауыр өрбиді.

Мехнатты, азапты кезеңді бастан өткереді. 13-ке толар-толмас шағында анасының мәжбүрлеуімен 18 жастағы жігітке тұрмысқа шығады. 13 жасар бала не білсін? Анасының айтқанына амалсыз көнеді.

«Егер көнбейтін болсақ, онда сені бұдан зорғы жаза күтіп тұр. «Мойныңа бомбасы барып қамыт киіп, «кәпірлерге» қарсы жарылыс ұйымдастырып, шахитше өлімге кесілесің» дейді анасы.

Алайда анасының үгіт-насихаты мұнымен шектелмеген. Бос уақытында қызына орыс тіліндегі адастыратын, радикалды бағыттағы уағыздар тыңдатқан. Мәриямның шешесі Сирияға соғыста қаңғыған оқтан қаза болды…», – дейді дінтанушы.

 …

15 жасар қаршадай қыздың осы жасына дейін көрмегені жоқ. Ал оны елге оралту аса жауапты да, күрделі миссия еді.

«Жусан-2» операциясы нәтижесінде Мәриям Ақтау қаласына келіп, дәл осы арада 2 ай діни білім алады. Анасы санасын улап тастаған теріс түсініктерден біржолата арылу алғашқы уақытта қиынға соғады.

Тыныштық Байманованың айтуынша, алғашқыда Мәриям айналасына үрке қараған. Ұзақ уақыт қоғамнан ажырап қалған ол үгіт-насихат жүргізген білікті, білімді дінтанушыларға сенбей, олардың барлығы да өтірік айтып жүр деп ойлапты.

«Уақыт өте Мәриямның бойында оң өзгерістер байқалды. Алдымен медреседе оқыды, дұрыс діни білім алды. Дұрыс ортаға келді. Дұрыс адамдармен араласты. Осының нәтижесінде Сириядағы діни білімнің адам санасын уларына көзі жетті.

Мәриямның туған әкесі қызының медресе, мектепте оқуына қарсы шықты. Қызының қарсылығына қарамай бір ахиға тұрмысқа да бермек болды. Алайда бұл уақытта Мәриямның көкірек көзі ашылып, дінге қатысты өз пікірі қалыптасқан еді.

Ол әкесінің теріс наным-сенімде жүргеніне көзі жетіп, сөзіне ермеді. Керісінше, «әкемнің сәләфи ұстанымы менің балалық шағымды бұзды. Марқұм анам да осы бағытқа көзсіз сенді, ақыры адасқан ілімнің құрбаны болды. Мен әке-шешім секілді қателескім келмейді», – деді Мәриям. Біз оның бұл шешіміне жан-жақты қолдау көрсеттік», – дейді дінтанушы.

Мәриямның қазіргі хал-жағдайы қандай? Қайда тұрады? Қайда оқиды? Тыныштық Байманованың айтуынша, ол қазір Шымкент қаласында, нағашыларының қолында тұрады.

Мектеп бітіргеннен кейін Нұр-Мүбәрәк университетіне оқуға түсуді армандайды екен. Бастысы үй-ішімен ғана емес, медреседегі және мектептегі құрбы-құрдастарымен арақатынасы түзу. Оның өткен тағдыры бүгінгі өміріне салқынын тигізбеген.

«Сирияға жер ауғандардың арасында әлемнің әр түкпірінен келген елдің азаматтары көп. Көпшілігі олардан әлдеқашан үміт үзген. Оларды елге қайтаруды қаламайды. Себебі ұстанымынан қауіптенеді. Дұрыс насихат жүргізеріне сенбейді.

«Ислам халифатының» қатарына өткен қандастарын «құтқаруға» әлемде жалғыз ел Қазақстан ғана бел буды. Мұның аржағында қазақтың тектілігі, адамгершілігі, имани байлығы мен кең пейілі жатыр.

Елінен безіп, жақынынан жеріп, ата-дәстүрден бас тартқан азаматтардың көпшілігі артынан қатты өкінеді. Міне, сол кезде оларға қолұшын созу керек. Ата дінімізге құрметпен қарау парыз. Дәстүрлі жолдың түбі – кеніш», – дейді дінтанушы.

Дайындаған Қуаныш СМАҒҰЛ

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Please enter your comment!
Please enter your name here