Жетісу өңірі – 105 этнос өкілінің қара шаңырағы

0
2415

Ресми деректер көрсеткендей, Жетісу жерінде 105 этнос өкілдері өмір сүреді.

Талдықорған қаласындағы «Достық үйі – қоғамдық келісім орталығында» 26 этномәдени орталық жұмыс жасайды. Өңірдегі өзгеде аудандар мен  қалаларда 45 құрылымдық бөлімшелері бар.

Қазақстан халқы Ассамблеясы қанатының астында бірқатар орталықтар түрлі бағыт бойынша қызметтерін жалғастыруда.

Мәселен, І.Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетіндегі ғылыми-сараптамалық топ, ҚХА кафедрасы, этносаралық тақырып бойынша жетекші журналистер мен сарапшылардың клубы, «Ұлағат» ақсақалдар кеңесі, «Аналар кеңесі», «Қоғамдық келісім кеңесі», «Бірлік» жастар қауымдастығы және жетекші журналистер клубын айрықша атап өткен жөн.

Сондай-ақ «Парасат» тіл жанашырлар клубы, «Өрнек» би ансамблі, «Полония» вокалды тобы, «Вайнах» шешен-ингуш ән-би ансамблі де облыс орталығындағы мәдениеттің дамуына сүбелі үлесін қосуда.

 «Қоғамдық келісім» кеңесі атауы Алты алашқа етене жақын. Бұл  ұйым да   Ассамблеяның төңірегінде,  ел ішіндегі тыныштық пен бейбітшілікті сақтау жолында еңбек етуде.

Алматы облысы бойынша 627 қоғамдық келісім кеңестері бар. Олардың қатарын 1 облыстық, 16 ауданда және 3 қалада, 252 ауылдық округте, 340 елді мекенде, 15 ірі кәсіпорында құрылған кеңестер толықтырып тұр.

  4 209 адам Қоғамдық кеңестерге мүше. Атына заты сай ұйымның жұмысы елмен тығыз байланысты. Ағымдағы жылдың өзінде аталған кеңестің ұйымдастыруымен 663 іс-шара өткізілген.

 Әлеуметтік салада көтерілген мәселелер де Қоғамдық кеңестің назарынан тыс қалған емес. Осы уақытқа дейін 59 адамнан өтініш түссе, сорлардың бірсыпырасының түйіні тарқатылған. Осының арқасында тұрғындардың ахуалы біршама оңалған. Бұл сауапты істің нәтижесі деп толық айтуға негіз бар.

Айта кетерлігі, Қазақстан халқы Ассамблеясы облыстық хатшылығының  жанынан Аналар кеңесі құрылған болатын. Кеңеске 876 адам мүше.

Өмірдің ақ пен қарасын бірдей көрген, ақ жаулықты аналардан құралған  кеңес ұрпақ тәрбиесі мен перзентіне елінің алдындағы парызын ұғындыруды нысанаға алған.  

Қазақстан халқы Ассамблеясы Алматы облыстық филиалы басшысының орынбасары, хатшылық меңгерушісі Ғабит Тұрсынбайұлы, «ұлт пен ұлыстың бірлігін нығайтатын нақты мақсаттар жолға қойылған» дейді.

Ел мен елдің арасындағы татулықты туындататын мейірімділік болса, аталған мөлдір сезімнің  жалауының жығылмауына қайырымдылық себепкер болары сөзсіз.

 Ассамблея сауапты істен іргесін алшақ салған емес. Мәселен, этномәдени орталықтардың бастамасымен «Қайырымды Ел» жалпы республикалық акциясы аясында 527 қайырымдылық шара ұйымдастырылып, 731 жағдайы төмен отбасы мен 272 жеке тұлғаларға және көмекке мұқтаж 1430 кәмелеттік жасқа толмаған жастарға көмек қолы созылған.

Барлығы 2433 адамға 24 689 000 теңге көлемінде демеу берілген. Мұндай игі бастама «Достық дастарқаны», «Рождество», «Масленица» шаралары аясында  жалғасын тауып жатады.

 Осы тұста «Ер жүрек адам қайырымдылық жасауға басқадан гөрі қабілетті келеді»  деген қанатты сөз ойға оралады. Осыған қарап өңірдегі тау төбеліндей ғана өзге ұлт өкілдерінің кең әрі ер жүректі жандар екенін аңғаруға болады.  

Жақында Қазақстан халқы Ассамблеясы Алматы облыстық филиалы осы жылдың бірінші тоқсаны бойынша  ұлттар арасындағы татулықты сақтап қалу мақсатында әлеуметтік зерттеу жүргізген болатын.

Зерттеу барысында сарапшылардың қатысуымен әлеуметтік сауалнамалар таратылды. Тұрғындар арасында «Face to face» тәсілімен жүргізілген зерттеуге мыңнан  астам адам қатысқан. Қазақ, орыс тілдерінде қойылған сауалдарға берілген шынайы жауаптан, аймақтағы этнос өкілдері арасындағы татулықтың салтанат құрғанына толықтай көз жеткізілді.

  –  Аталған тексеру жұмыстарының нәтижесіне сәйкес, тек облыс орталығы ғана емес, оның маңында орналасқан елді мекендерде де жағдайдың қалыпты екені анықталды. Зерттеуге қатысқан  тұрғындар мемлекет пен жергілікті атқарушы органдарға сенім артатындарын және ұлттар арасындағы келісімді сақтауға бағытталған саясатты қолдайтындарын  танытты, – дейді Қазақстан халқы Ассамблеясы Алматы облыстық филиалы басшысының орынбасары, хатшылық меңгерушісі Ғабит Тұрсынбайұлы.

Сіз білесіз бе?

Ассамблея жанындағы Аналар кеңесі де алғаш тәжірибе түрінде Алматы облысында бастау алды. Кейін нәтижесі оң бағаланып, республика көлемінде қанат жайды. Бүгінгі таңда Алматы облысында 68 медиация бөлмесі бар. Олар тек Талдықорған қаласы ғана емес, өңірдегі басқа да аудандарда ашылған.

Бір ғана былтырғы жылы Алматы облысына қарасты Ассамблея филиалдары 670 қайырымдылық акциясын өткізіп, осынау іс-шараларының арқасында көмекке мұқтаж жандарға 252 млн теңге таратып берген.

Әзірлеген Анар САБЫРОВА

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Please enter your comment!
Please enter your name here