Алматы облысының Ассамблея мүшелері Елбасыға қолдау білдіруде

Қоғам қайраткері, Алматы облыстық славян қозғалысының  төрағасы Наталья Белик коронавирус жұқтырып алған Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевқа үн қатып, Елбасының індеттен тездетіп жазылуына тілектестік білдірді.

Айта кетелік, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтан COVID-19 анықталған болатын.

«Бұл жаңалық барша қазақстандықтарды қатты қапаландырып отырған жайы бар. Сіз біз үшін ерлік пен қайсарлықтың символысыз. Сіздің ерік-жігеріңіз осы бір сынақтан сүрінбей өтуге септесері анық. Сіздің осы аурудан құлан-таза айығып, қатарға қосыларыңызға еш күмәнданбаймыз. Бүтін бір ел сіздің тілеуіңізді тілеп отыр», – деді Наталья Белик.

Алматы облыстық Ассамблея мүшелерінің ешбірін осы бір оқиға бейжай қалдырған жоқ.

Өз кезегінде танымал блогер және Ассамблеяның Алматы облысындағы өкілі Эмиль Хаджиев Елбасы үшін алынбас қамал жоқтығын, тәуелсіздіктің елең-алаңындағы сынақтың бұдан да ауыр болғанын тілге тиек етті.

«Жетісулықтар, жерлестеріңіз сізбен бірге. Тездетіп жазылып кетуіңізге бәріміз де тілеулеспіз. Білесіз бе, сіздің қажыр-қайратыңыз кез келген вирусқа төтеп бере алады. Сіздің өршіл мінезіңіз бен күш-қуатыңыз біздерді әлі талай жылдар бойына алға жетелемек. Сізге мықты денсаулық тілеймін. Індеттен толықтай айығуыңызды асыға күтіп жүрміз», – деді Эмиль Хаджиев.

Тағы бір Ассамблея мүшесі, Жансүгіров атындағы ғылыми зерттеулер орталығының директоры Дамир Дигай барша Жетісу жастарының атынан Елбасының ертелетіп жазылып, тездетіп сауығып, қызметке кірісуін күтіп отырғанын айтты.

Ассамблея жанындағы «Жаңғыру жолы» республикалық жастар қозғалысының аймақтық жетекшісі Руфина Усанованың айтуынша, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев кез келген тығырықтан шыға алатын, кез келген түйткілдің түйінін шеше алатын тұлға.

«Иә, біз бәріміз де Нұрсұлтан Әбішұлының осы бір қасиетін ұнатамыз. Қиындықтан қорықпай, қасқайып қарсы алатын мінезінің арқасында Қазақстанды дамыған елдердің қатарына қосты. Осы күнге дейін ел мен жердің тағдырын ойлап келген Тұңғыш Президентіміз өз басы ауыр жағдаймен бетпе-бет келді. Осы ретте Алматы облысының барша жастары атынан Елбасына аман-саулық тілеймін. Коронавирус өте қауіпті індет. Жас пен мансап талғамайды. Бәріміз де карантин шараларын сақтап, сақ жүрейік», – дейді Руфина Усанова.

Ассамблеяның Алматы облыстық филиалының белсенді мүшесі, «Хильниченко» шаруа қожалығының басшысы Виктор Хильниченко Елбасының білікті басшы ғана емес, кішіге де, үлкенге де қамқор үлкен жүректі азамат екенін айтты.

Нұрсұлтан Назарбаевтың коронавирус жұқтырағаны туралы хабарды естіп, әрі-сәрі күйге түстім. Шыны керек, қатты қобалжып отырмын.

«Тұңғыш Президент біздің еліміз үшін Қазақстанды халықаралық деңгейге көтерген тарихи тұлға. Елбасыға мықты денсаулық тілеймін. Дәрігерлердің ем-домы шипасын беріп, індеттен толықтай айығып кетсін. Біз бәріміз де Елбасының вирусты жеңіп, ортамызға ораларына сенімдіміз», – деді кәсіпкер. 

Кәсіпкер өз сөзінде Назарбаевтың аграрлық салаға әркезде қолдау танытқанын, бизнесін дөңгелеткісі келетін кәсіпкерлерді әрдайым демеп отырғанын еске салды.

Айта кетелік, Нұрсұлтан Назарбаев коронавирус жұқтырса да жұмысын доғарған жоқ. Елдегі жағдайды бақылауда ұстап, қашықтан жұмыс істеуде.

Вирустың өте қауіпті екенін Тұңғыш Президент бірнеше рет ескертіп, ел азаматтарын сақ жүруге шақырған еді.

Сәуір айында жарық көрген «Бірлесе білген ел бәрін жеңеді» атты мақаласында Нұрсұлтан Назарбаев коронавирус инфекциясының салдарынан туындайтын қауіп-қатер жөнінде ашып айтқан.

 «Ұлт денсаулығы мен мемлекет қауіпсіздігі бір-бірімен етене, егіз ұғымдар. Мемлекет бұл қиындықтан шығу үшін қолдан келгеннің бәрін жасайды және тиісті шараның барлығын атқарады. Бірде-бір адам, еліміздің ешбір азаматы қамқорлықсыз қалмайды. Біз – біртұтас ел, бірлігі берік жұртпыз.

Мен әрқашан халқыммен бірге болғанмын, бұл жолы да сіздермен біргемін. Біз біргеміз. Қиындыққа қайыспай, белімізді бекем буып, береке-бірлігімізден айрылмайық» деп айрықша атап өткен еді Тұңғыш Президент.

Ал Қазақстан халқы Ассамблеясы осыған байланысты арнайы үндеу жасап,  Елбасыға сын сағатта қолдау білдірген еді.

«Бүгінгі таңда Қазақстанның барша азаматтары Сіздің тапсырмаларыңыздың толығымен орындалғанын көріп отыр, азаматтар бұрын-соңды болмаған әлеуметтік қолдау алды.

Президент Қ.Тоқаев пен ел Үкіметі халықты пандемиядан қорғау, ел экономикасы мен азаматтардың әл-ауқатын жан-жақты қолдау жөніндегі ауқымды шаралар кешенін жүзеге асырды.

Осының бәрі халқымыздың сын сағатта Сіздің ерік-жігеріңізге және кемеңгерлігіңізге деген шексіз сенімінің арқасында мүмкін болды.

Ал бүгінде бүкіл ел халқы әр тілде Сіздің сауығып кетуіңізге тілек білдіруде, барлық діндер өкілдері Жаратушыдан Сіздің аурудан айығып кетуіңізді сұрайды. Халықтың Өзіңізге деген ақ тілегі мен жанашырлығы Сізге рухани күш пен сергектік сыйлап, аурудан айығуға көмектеседі деп үміттенеміз!», – деген Ассамблеяның ресми мәлімдемесінде.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Please enter your comment!
Please enter your name here