Театр сахнасындағы сиқырлы әлем

0
1140

Жақында М. Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрында Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген өнер қайраткері, Қазақстандағы анимациялық киноның негізін салушылардың бірі,  сахна көркемдеудің үздік шебері – Флобер Темірғалиұлы Мұқановқа  арналған «Театр сахнасындағы сиқырлы әлем» атты көрме өтті.

             «Театр сахнасындағы сиқырлы әлем» көрмесін М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театры музейінің жетекшісі, мәдениет саласының үздігі – Наргиз Тамабекқызы жүргізді.  Сонымен қоса көрмеге өнертанушы С.Шкляева, суретші, кескіндемеші, Ф. Мұқановтың              досы М.Қасымбеков, гобелен суретшісі, Ф. Мұқановтың ұлы  М.Мұқанов, режиссер-мультипликатор, Т.Мұқановтың жары Т.Мұқанова, М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының суретші-сценографы М.Сапаров қатысты.

   Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген  өнер қайраткері,  Қазақстандағы анимациялық киноның негізін салушылардың бірі, сахна көркемдеудің үздік шебері, суретші – Флобер Темірғалиұлы Мұқанов 1939 жылы 14 желтоқсанда Семей қаласында дүниеге  келген.

1960 жылы Алматы көркемсурет училищесін, 1978 жылы Мәскеудегі МХАТ студиясының қоюшы-суретшілік бөлімін бітірген. 1978 жылдан бастап М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрында  суретші қызметін атқарды. Қазақ сценография өнерінің дамуына мол үлес қосқан.

Ф.Мұқанов «Майра» (Ә.Тәжібаев), «Шыңғысхан» (Иран-Ғайып), «Абай»  ( М.Әуезов), «Қозы Көрпеш–Баян сұлу», «Ақан сері–Ақтоқты» (Ғ.Мүсірепов), т.б. спектакльдерінің декорациясын жасады. Ол Қазақстанның өзге де театрларында жұмыс жасап, көптеген халықаралық деңгейдегі көрмелердің  қоюшы-суретшісі болды.

Ф.Мұқанов пейзаж жанрында өзіндік қолтаңбасы бар суретші ретінде де белгілі. Оның графика, акварель, темпера техникасында салған шығармалары мемлекеттік және жеке қорларда сақтаулы.

    Сахнаның сұлулығын, эстетикасын, оның тұтастай атмосферасын түзуші мамандар –  сценограф-суретшілер. Театр суретшісінің жұмысын сахнаны әрлендіру және қойылыммен үндестігіне қарап бағалайды. Ал бір қарағанда қарапайымдау көрінетін жұмыстың астарында қаншама сыр мен ой жатқанын жас ұрпаққа, өнерсүйер көпшілікке, театр және театр тарихына қызығушы ізденушілерге аталмыш көрме арқылы түсіндіре отырып насихаттау маңызды.

Көрме театр  төрінде атақты суретші Ф.Мұқановтың еңбектерін  кезең-кезеңімен экспозицияда  көрсете отырып, театр әлемі тек режиссер және актерлермен  шектелмейтінін, сонымен қоса сахна сыртындағы өнер адамының шығармашылық еңбектерімен таныстыруды көздейді.  

Сая Ермекова

Абылайхан атындағы Қазақ Халықаралық Қатынастар және Әлем Тілдері Университетінің 4 – курс студенті

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Please enter your comment!
Please enter your name here