«Жусан» операциясын Еуроодақ жоғары бағалады. Неге?

0
1369

Ақпан айының басында Еуропарламентте «Қазақстан тәжірибесі: Сирияға кеткен жауынгерлер отбасын елге қайтару» атты конференция өтті. 

Осы шарада «Жусан» операциясының нәтижелері түйінделіп, Батыс саясаткерлері біздің елдің осынау бастамасына оң баға бергенін біреу білсе, біреу білмес. Себебі жалпы бұл шара ел назарынан елеусіз қалды.

Негізінде осы конференцияда Еуропа елдерінің дәл біздегідей жобаны жүзеге асыруға қаймығатыны көрініп қалды.

Қауіпті аймақтан өз азаматтарын алып шыққан Қазақстанның тәжірибесі Еуропарламент депутаттарының біразына ой салғанымен, кейбірінің көңіліне күдік ұялатыпты. 

Осы шарада Еуропа елдерінің Сирияға кетіп, артынан асығыс шешім қабылдағанын мойындаған өз азаматтарын елге қайтаруға сезіктенетіні айтылды.

Мәселен француз депутаты Тьерри Марианидің пікірінше «Франция бұл мәселеге сақтықпен қарайды. Балалар болмаса, ересек азаматтарды қауіпті аймақтан алып шығуда Еуропа елдерінің көпшілігі аса белсенді емес».

Әйтсе де Қазақстанның осы бір гуманитарлық операциясы Батыс депутаттары тарапынан аса жоғары бағаланды.

«Қазақстан жаһандық терроримзге қарсы қомақты үлес қосты. Бұдан біздің де үйренеріміз көп. Әлбетте «Жусан» операциясы лаңкестік отының ортасында қалған отбасыларды қауіптен құтқаруда ертеңгі күні қажетке жарар бірегей жоба», – дейді Еуропарламент.

Былтырғы жылдың басынан бастап Қазақстан Сирия аумағындағы азаматтарын елге қайтару мақсатында гуманитарлық операцияны қолға алған.

Қазақстанның Ұлттық қауіпсіздік комитеті дерегінше 2011-2016 жылдары 800-ге тарта қазақстандық Сирия мен Иракка жер ауған.

Міне, осы азаматтарды елге қайтару үшін еліміздің арнайы қызметі 2018 жылы оларды эвакуациялау жобасын әзірлеуге кірісті.

Бұл операцияны алғаш рет сол жылдың қыркүйегінде жүзеге асырмақ болғанбыз. Бұған сол кездегі президент Назарбаев пәрмен берген. Алайда ол жолы жолымыз болмады, сәтсіздікке ұшыраған арнайы отряд жол ортасына жеткенде кейін қайтты.

«Жусан» операциясының жүзеге асуы туралы баяндалған фильмде президент кеңесшісі Ерлан Қарин бұл туралы егжей-тегжейлі баяндайды. Фильм көрермен назарына былтыр ұсынылған болатын.

«Жусан» жобасы аясындағы алғашқы операция былтырғы жылдың қаңтар айында жүргізілді.

Арнайы қызмет өкілдері Сириядан 47 адамды, оның ішінде: 11 әйел, 6 ер азамат және 30 баланы Қазақстанға қайтарды.

Операция сәтті шығып, билік «Жусанды» жалғастыруды жөн деп тапты.

2019 жылдың 7-9 мамырында «Жусан-2» шарасы басталып Қазақстанға 231 азамат, оның ішінде 59 әйел, 16 ер-азамат және 156 бала қайтарылды.

28-31 мамырдың аралығында «Жусан-3» шарасы басталып Қазақстанға 238 адам, оның ішінде 67 әйел және 171 бала қайтарылды.

Алайда…

Оларды Отанына алып келу бұл іске нүкте қойылғанын білдірмесе керек. Қазақстанға қайтарылған азаматтарды діни дүниетанымын, қоғамға қатысты көзқарасын өзгерту секілді ауыр жұмыс күтіп тұрды. Экстремистік ортада ұзақ уақыт өмір сүрген оларды әуел бастағы ойынан айныту оңай емес еді.

Қазақстан қолға алған бастаманы әлемдегі бірде-бір ел жүзеге асыруға дәті барған жоқ. Әйткенмен, бұл азаматтарды елге оралтудың қажеті бар ма еді? Отанына оралған олар ертең халыққа қауіп төндірмей ме? Қазақстан үшін лаңкестік қауіп қазіргі уақытта қаншалықты қатерлі? Еліміздегі экстремизм мен радикализмінің ахуалы қай деңгейде?

«Қала мен Дала» осы сауалды саясаттанушы Ислам Құраевқа көлденеңінен қойды.

– Иә, соғысуға кеткендерді елге қайтарудың қажеті бар ма еді деп күмәнданатын азаматтар жоқ емес. Бұған берілер жауап біреу: мемлекет елдің әрбір азаматы үшін (ол тіпті террорист болса да) жауап береді. «Жусан» операциясы не үшін жүргізілді дегенге келсек, мұның екі себебі бар. Біріншіден, ел ішінде болашақта болуы мүмкін лаңкестіктің алдын алу, екіншіден осы арқылы әлемге үлгі көрсету.

– Мемлекет оралған азаматтарды, оның ішінде балаларды қазіргі ортаға бейімдеу ісімен қалай айналысуда?

– Мемлекеттің бұл тарапта нақты бағдары бар. Сириядан оралған балаларды ортаға бейімдеу оңай, ал олардың ата-анасының жаңа ортаға сіңісіп кетуі ауыр жүреді.

Оның үстіне ересектердің көпшілігі терроризм мен экстремизм үшін бірқатар баптар бойынша істі болған.

Сириядан оралған әйел азаматтар арнайы мекемелерде орналасқан. Олармен сол арада жұмыс жүргізіледі. Мойындау қажет ересектерді өздері бөтенсіп қалған қазіргі қоғамдық ортаға бейімдеу оңай емес. Жасыратыны жоқ, олардың көпшілігі бізге үйреншікті ортада енді қайтіп өмір сүре алмауы мүмкін.

Тиісінше мемлекетті ауыр әрі жауапты жұмыс күтіп тұр. Бұдан бөлек осыншама адамның басын айналдырып, Сирияға кетуге сендірген қауіпті каналдардың көзін табу қажет.

– Сөзіңізден шығады, мынаны айтыңызшы, Қазақстанға қандай террорлық ұйымдар қауіп төндіруі мүмкін?

– Қазіргі таңда мұндай ұйымдардың жұмыс тәсілі өзгерген. Олар бұрынғыдай баса-көктеп кірмейді. Дөрекілікке, қорқытып-үркітуге де сирек барады.

Бүгінгінің террорлық ұйымдары, оның ішінде осы ұйымдардың басшылары саясатқа араласып, сол арқылы бүтін бір елге ықпал етуді көздейді.

Бүгінгінің террорисі халыққа бір кездегідей мылтық алып жүгірмейді, әлдеқайда әккі, әлдеқайда сауатты әрекет етеді. Батыс пен АҚШ-тың «жұмсақ күшін» террористер жетік меңгеріп алды.

Бір радикал саясатқа араласса бұл елге ғана емес, бүкіл әлемге қауіп. Саясатқа араласқан радикал біртіндеп экономикалық салаға да бас сұға бастайды. Уақыт өте қала қатарластарының санын көбейте түсуі әбден мүмкін.

Сондықтан ертеңгі күні сойқан шығаруға мүмкін саясаттағы теріс пиғылдағы азаматтарды билік пен экономикаға маңайлатпау керек. Ұлттық қауіпсіздік қызметі осыған назар аударуға тиіс.

Бүгінгінің лаңкесшісі интернетті жақсы меңгерген. Ойындағы жалпақ жұртқа жеткізгісі келсе қолындағы смартфоны сақадай-сай тұр. Радикалдардың ақпарат тарату көзімен күрес болашақта осы бағытта арнайы жоба әзірлеуді қажет ететіндей.

Тоқ етерін айтқанда теріс пиғылдағы түрлі топтар мемлекеттік саясатқа ықпал етпеу үшін оларды «бесігінде тұншықтыруға» тиіспіз.

– Біздің елдің терроризм мен экстремизге қарсы заңы бүгінгі заман талабына сай ма осы?  

– Шетелдік үкіметтік емес ұйымдар бұл заңнан біраз кемшілік тапқан. Кей жерлерінде тым сойқан тармақтар бар дейді. Әлбетте терроризммен күресте бұған қатысты заңның қатаң болғаны жөн. Мәселе Батыстың бағалауына тіреліп тұр. Айталық шариғаттық бағыттағы Сауд Арабиясын АҚШ еркін ел деп есептейді, ал дәл осындай ұстанымдағы Иранды тоталитар мемлекет деп қабылдайды. Сондықтан бұл мәселені сыртқы күштердің саясиландыруына жол бермей, өзіміздің тәжірибеге сүйеніп шешім шығарған жөн.

Әзірлеген Роллан МҰҚАМЕТҚАЛИ

«ҚАЛА МЕН ДАЛА» ДЕРЕГІ:

Қазақстанның Ұлттық қауіпсіздік комитеті дерегінше 2011-2016 жылдары 800-ге тарта қазақстандық Сирия мен Иракка жер ауған.

«Жусан» жобасы аясындағы алғашқы операция былтырғы жылдың қаңтарында жүргізілді. Арнайы қызмет өкілдері Сириядан 47 адамды, оның ішінде: 11 әйел, 6 ер азамат және 30 баланы Қазақстанға қайтарды.

2019 жылдың 7-9 мамырында «Жусан-2» шарасы басталып Қазақстанға 231 азамат, оның ішінде 59 әйел, 16 ер-азамат және 156 бала қайтарылды. Осы айдың 28-31 аралығында «Жусан-3» шарасы басталып Қазақстанға 238 адам, оның ішінде 67 әйел және 171 бала қайтарылды.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Please enter your comment!
Please enter your name here