Қайырымдылық қазақты ұлт ретінде сақтап қалды

0
1446

Елордадағы еріктілер жиынында Тоқаев айтқан 4 тезис

Білетін боларсыздар, биыл «Еріктілер жылы». Елордада осыған орай волонтерлер бас қосатын Birgemiz кеңсесінің (front officе) ашылуы салтанаты өтті. Шараға Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қатысты.

Мемлекет басшысы еліміздегі еріктілер қозғалысының бағыт-бағдарын айқындап, оның ертеңіне шолу жасады, еріктілерге ақыл-кеңесін айтты және Қордайдағы трагедияға жеке тоқталып өтті.

Осынау шараға қатысқан «Қала мен Дала» тілшісі Тоқаевтың сөзіндегі еріктілер ғана емес, жалпы елге қарата айтылған бірқатар тоқтамды ойларды қағазға түсірді.

Шараға Президенттен бөлек Үкімет мүшелері, мемлекеттік орган жетекшілері, халықаралық және үкіметтік емес ұйымдардың мүшелері және еріктілер қатысты.

Front office дегеніміз не?

Бұл еліміздегі еріктілер жүзеге асырған жобаларды бақылайтын, еріктілерді оқу-тәжірибеден өткізіп, қажет кезде қол ұшын созатын, осы бағыттағы өзекті консультация беретін ақпараттық орталық. Орталық «Еріктілер жылы» аясында ашылды.

Осы шараға қатысқан Мемлекет басшысы не деді?

Шара барысында Қасым-Жомарт Тоқаевқа еліміздегі еріктілер қозғалысының құрметті елшісі статусы берілді.

 «Мен бұл статусты қабыл алдым. Неге? Себебі менің Төтенше және өкілетті елші деген дипломатиялық деңгейім бар. Еріктілер қозғалысының құрметті өкілі атану үшін дипломатиялық мәртебеден кем емес. Жұмысты бірге жүргізетін боламыз. Бәріміз бірге боламыз. «Бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығара» білсек, алмайтын асуымыз болмайды», – деді Президент.

Шараның шымылдығын түрген Тоқаев еріктілер қозғалысының бүгінгі өмірде аса өзекті екенін айтып, волонтерлік пен патриотизм ұғымдарын байланыстырды.

– Волонтерлік шындап келгенде, патриотизмнің нақ өзі. Волонтерлік нақты іспен бекиді. Еріктілер атқара білетін жұмысымен сыйлы. Дәл қазір осы шараға қатысып отырған еріктілердің барлығы еліміздің, мемлекетіміздің патриоттары.

Отанға, елге деген махаббат – ұраншылдық, дабырашылдық, құр айғай, құр сөз емес. Бұл күнделікті қарекет, ел мүддесі жолында өзгелермен қойын-қолтықтасып еңбек сіңіру, – деді Тоқаев.

Мемлекет басшысы осы арада сырт көзге елінің намысын жыртқан боп көрінетін, жалған патриоттарды сынға алды.

Біреудің үйінің құлпын бұзып, есігін талқандап, әлгі адамның барын барымталап кету – нағыз надандық. Бүлдіруін бүлдіріп алып, артынан жалған  патриоттық ұрандарды желеу ететіндер патриот емес.

Бұлар заңнан аттап-бұттап кеткен қылмыскерлер, қылмыс әлемінің бір бөлшегі. Сондықтан мұндай басбұзарлар мемлекет, қоғам алдында жауап беріп, қатаң түрде жазалануы тиіс», – деді Мемлекет басшысы.

Абаев не дейді?

Шараға қатысқан Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев қазір Қазақстанда 200-ге тарта еріктілер қозғалысы жұмыс істейтінін, еліміздегі волонтерлердің саны 50 мың адамнан асып жығылатынын айтты.

–  Волонтерлік қоғамдық-әлеуметтік өміріміздің ажырамас бөлігіне айналды. Бұған Арыстағы жағдай дәлел. Арыс қаласын қалпына келтіруге жүздеген, мыңдаған ерікті жастар атсалысты.  

Дегенмен еріктілер туралы айтқанда мұндай қозғалыстардың жұмысы әлі де болса жүйеленбей отырғанын жасыра алмаймыз. Қазақстандықтардың 6 пайызы ғана белсенді волонтер екен. Әйтсе де, халықтың бұл іске деген қызығушылығы жоғары. Халқымыздың 48 пайызы еріктілер қозғалысына қосылуға әзір, – деді Дәурен Абаев.

Ал Қасым-Жомарт Тоқаев өзінде бар мәліметті ортаға салды.

Оның дерегінше, елімізде «патриоттық ұстанымдағы 16 мың азамат» бар. Мемлекет басшысы «Қазақстандағы еріктілер қозғалысына 100 мыңнан аса азамат өзінің жүрек қалауымен атсалысуға әзір» деп мәлімдеді.

Оның пікірінше, еріктілер қозғалысы елімізде жаңа технологиялардың негізінде құралған жаңа экономиканы қалыптастыруға үлес қосады.

– Елдің болашағы мына сіздердің, жастардың қолында. Сіздердің ақыл-ойларыңыз, саналарыңыз, бояу-болмыстарыңыз жаңаша болғаны қажет. Әйтпесе, Қазақстан ешқашан дамыған елге айналмайды. Жастарға әркезде ізденісте, ұмтылыста болуы керек, – деді Тоқаев.  

Президент әрі қарай өзінің әйгілі француз актрисасы Бриджит Бардодан хат алғанын айтты. Онда не делінген?

– Жақында маған танымал киноактриса Бриджит Бардо хат жолдады.  Хатында жануарларды қорғауға қолдау көрсетуді сұраған екен. Меніңше, бұл хаттың маңызы зор және біз оған назар аударуымыз керек. Жан-жануарға мейріммен қарайтын ұлт – саналы ұлт. Біз азаматтарға, балаларға ғана емес, жануарларға да мейіріммен қарап үйренуіміз керек. Бұл өркениетті елдің белгісі, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент өз сөзінде жақынына қол ұшын созып, қолтығынан демейтін қасиет қазақтың қанында бар екенін еске салды. Осы дәстүрдің арқасында қазақ ұлт ретінде өзін-өзі сақтап қала алды және еліміздегі еріктілер қозғалысы осынау дәстүрмен тығыз байланысты.

– Осы мүмкіндікті пайдаланып «Лидер.кз» еріктілер қозғалысының еңбегін ерекше атап өткім келеді. Бұл ұйым төтенше жағдай кезінде көптеген азаматтарға көмек қолын созды. Қазіргі күні жоғалып кеткен адамдарды іздеуге атсалысып жүр. Қазір бұл қозғалыстың 1500 мүшесі бар», – деді Мемлекет басшысы.  

Және жұртшылықты жаңа волонтерлік құруға белсене қатысуға шақырды. Еріктілер жобасын құруға Birgemiz кеңсесі ақпараттық тұрғыдан, заңдық тұрғыдан болсын көмектеседі деп атап өтті Президент. Еріктілер қозғалысын жандандыру мақсатында еліміздегі заңдық-құқықтық нормаларға өзгеріс енеді.

Сөз соңында Қасым-Жомарт Тоқаев «Еріктілер жылына» кәсіпкерлерді де белсене атсалысуға шақырды.

–  ЖОО-ларда, колледждерде, мектептерде волонтерлік ұйымдар құрылады. Осы арқылы елімізде көпқұрылымды және нақты нәтиже беретін еріктілер жүйесін құрамыз. Еріктілер жобасын мемлекеттік органдар және бизнеспен бірлесіп жүзеге асырған жөн.  

Үкіметті, өңірлердегі барлық атқарушы органдарға осындай тапсырма жүктеймін, – деді Тоқаев. Еліміздегі еріктілер қозғалысы мемлекеттік және компаниялардың жұмыс мәдениетіне енуі қажет, волонтерлік жобаларға белсене қатысқан азаматтарға әлеуметтік лифтімен көтерілуге мүмкіндік беру керек деп түйіндеді сөзін Мемлекет басшысы.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Please enter your comment!
Please enter your name here