Шыны керек, бізде шара көп. Той-томалақ көп. Күнде бір конференция өтеді. Сөз сөйленеді. Сұхбат беріледі.
Мінберге көтеріліп, бір-екі ауыз лебіз айтатын әкімді не болмаса оның орынбасарын күтіп, тағатың таусылатын сәттер де аз емес.
Бүгінгі дәуірде кеңестік үлгідегі жиындардан жұрт та, қыл аяғы әкімдердің өздері де қажыған.
Қазақстан халық Ассамблеясы соңғы жылдары сөз сапырған мұндай шаралардан бас тартып, нақты нәтиже беретін қарекетке көшіпті. Ал қарекет бар жерде берекет бар.
Ассамблея былтырдан бастап қайырымдылық акциялар өткізуді мықтап қолға алыпты және оның нәтижесі жоқ емес.
Бір ғана былтырғы жылы Алматы облысына қарасты Ассамблея филиалдары 670 қайырымдылық акциясын өткізіп, осынау іс-шараларының арқасында көмекке мұқтаждарға 252 млн теңге таратып берген.
Көпшілік мұны біле бермеуі мүмкін. Осындай ескерілмей отырған мәліметті, Ассамблеяның жергілікті ұйымдарымен тығыз жұмыс істейтінін «Қала мен Дала» ел назарына ұсынды.
«Қайырымдылық туралы» заңның шеңберінде ауқымды, ауыз толтырып айтарлық жұмыс атқарған Қазақстан халық Ассамблеясы өңірдегі барлық қайырымдылық акциялардың үйлестірушісі атаныпты.
Ассамблеяның бастамашы болуымен құрылған меценаттар ұйымының қатары күн өткен сайын өсіп келеді. Қазір меценаттар базасында барлығы 322 азамат бар. Олардың барлығы бай, қалталы адамдар.
Ассамблеяның ұйымдастырушылық жұмысы облыстарда ғана емес, аудандарда да айқын көрінуде. Аудан, ауылдардағы Ассамблея мүшелері қайырымдылық акцияларын облыстардан қалыспай атқаруда.
Жергілікті бизнесмен қалтасынан қаржы шығарып, өзі туып-өскен аудан-ауылындағы Мәдениет үйлерін жөндеген, спорт алаңдарын тұрғызған үлгілі істер көбейіп келеді.
Ассамблеяның қалқада қалған тағы бір толайым жұмысынан көпшілік хабарсыз. Бұл мәліметті де біз ұйымның Алматы облысындағы филиалынан алдық.
Ассамблея жанындағы медиация, жалпақ тілмен айтқанда араздасқан тараптарды татуластыру институты соңғы жылдары айқын ықпалға ие болып, ел төрелікке жүгінетін әділ қазыға айналып үлгерді.
Бұған дәлел, былтырғы жылы соттардың көмегімен 70 даулы мәселе ортақ шешім тапса, Ассамблея қатарындағы кәсіби медиаторлардың арқасында 700-ге тарта келіспеушіліктер оң шешіліпті.
Ассамблеяның тікелей атсалысуымен 394 конфликті дау-дамайсыз шешіліп, араздасқан тараптар қол алысып тарқасқан екен.
Қажетсіз шаралардан бас тартқан Ассамблея қатарында қазіргі күні айлық алмай, ерікті есебінде жұмыс істейтін 272 медиатор бар. Араздасқан, ұлт араздыққа сына түсіруі мүмкін дау-дамайларды жеке қарастыратын 68 медиация бөлмесі бар. Олардың 20-сы облыстың қалалары мен аудандарында ашылған.
Татуластыру тәжірибесін жетік меңгерген Ассамблея мүшелері қазіргі күні осы бағытта семинарлар мен тренингтер өткізуде.
Бұдан бұрын Ассамблея жанынан Аналар кеңесі құрылған. Бұл ұйымның іске кіріскені кеше ғана, сондықтан оның жұмысына нақты баға беруге әзір ерте. Уақыт өте келе бұл ұйым да қоғамнан өз орнын тауып, көпбалалы аналар мен Үкіметтің арасында дәнекер болуға қабілеті жетері анық.
Айтпақшы, Ассамблея жанындағы Аналар кеңесі алғаш тәжірибе түрінде Алматы облысында бастау алды. Кейін нәтижесі оң бағаланып, республика көлемінде қанат жайды.
Көпшілік мұны біле бермеуі мүмкін. Ассамблея туралы оның атқарған ісіне, нәтижелі жұмысына тоқталған жөн. Жылына жүз шара өткізетін, алайда нәтижесі нөлге тең кейбір құрылымдар мен ұйымдар Ассамблеядан үлгі алса құба-құп еді.
Тимур ШӘРІПЖАНОВ
Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі, экономист