Кәсіби біліктілігі жоғары полицей халық сеніміне ие болады

0
2020

Атқарушы билік пен қоғам арасын жақындатуда елімізде жұмыс істейтін қоғамдық кеңестер мен консультативтік органдардың маңызы зор. Қазіргі таңда белсенді қоғамдық ұйымдардың өкілдерінен құралған Қоғамдық кеңестер ведомстволық органдар мен жергілікті жердегі билік орындарында үйлесімді жұмыс істеп, қазақ қоғамының дамуына өз септігін тигізіп келеді.

Қоғам тарапынан Ішкі істер органдарының жұмысын дамытуға қатысты көптеген талап-тілектер айтылатыны белгілі. Осы ретте құқық қорғау саласы қоғам өкілдерімен тізе қосып, жұмыс істеу үшін әрбір аймақтағы Ішкі істер департаменті жанынан Консультативті кеңесу органы құрылған болатын. Таяуда «Қала мен Дала» газетінің тілшісі Солтүстік Қазақстан облысындағы жергілікті полиция департаментінің жанынан құрылған Консультативті кеңесу органының жетекшісі Жасұлан Ахметовпен кездесіп, көкейге тұнған біраз сұрақтарын қойып, тұшымды жауап алған еді. Саналы ғұмырын журналистика саласына арнаған әріптесіміз осындай қоғамдық кеңестердің арқасында қарапайым халықтың ой-пікірін жоғары жаққа жеткізіп, үйлесімді жұмыс істеудің мемлекет үшін тиімді екенін айтты.

– Жасұлан Баужанұлы, жыл басында өзіңіз басқаратын Консультативті кеңесу органының құрамы жаңарғанынан хабардармыз. Консультативті органға кімдер мүше болды? Алғашқы әңгімемізді осыдан бастасақ.

– Шындығында, Консультативті кеңесу органының құрамында анау айтқандай өзгеріс болған жоқ. Жалпы, бұл орган құрылған күннен бастап, оның құрамында облыс аумағында қоғамдық-саяси өмірде белсенділігімен көзге түскен азаматтарды тарттық. Олар 2016 жылы орган құрылған күннен бастап құқық қорғау органдары мен халық арасында алтын көпір қызметін атқарып, өздеріне тапсырылған міндетті мінсіз атқарып келеді.

Консультативті кеңесу органы құрылғанының арқасында өңірдегі халықтың полиция қызметкерлерімен арадағы байланысы жақсара түсуде. Сондықтан органның құрамын бәлендей өзгеріс жасаған жоқпыз.

Қоғамдық ұйым мүшелері жайында айтсам, Консультативті кеңесу органына мүше азаматтардың бәрі облысымызға аты мәлім білікті мамандар. Бірінші кезекте олардың қоғамдық-саяси қызметте мол тәжірибе жинағанын айрықша атап айту керек деп есептеймін. Олардың ел мүддесі үшін жұмыс істеп, талай сыннан сүрінбей өткен азаматтар екенін мақтанышпен айта аламын. Нақтырақ айтсам, Консультативті кеңесу органының құрамында бұқаралық ақпарат құралдарының, үкіметтік емес ұйымдардың, кәсіпкерлік сектордың  және депутаттар мен өз ісін жетік білетін заңгерлер жұмыс істейді.

Осы ретте айта кетуіміз керек, Консультативті кеңесу органына мүше болуға ықылас танытқан азаматтардың арасынан біздер органның жұмысымен айналысуға уақыты бар азаматтарды таңдап алуға тырыстық.

Егер жұмысы көп адамды органға мүше қылып алсақ, ертеңінде оның қолы тимей, ұйым жұмысына қатыса алмай жатса, органның жұмысы ақсайтыны белгілі. Сол себепті біздер кандидаттарға ұйым жұмысымен белсене арласу турасында талабымызды қойдық.

Қоғамдық өмірде Консультативті кеңесу органының жұмысы өте маңызды. Қазіргі таңда ұйымның жұмысына барлық мүшелері қалмай қатысып, қоғам алдындағы жауапкершілік жүгін сезініп отыр. Осылайша, Солтүстік Қазақстан облысында құқық қорғау органдарының жұмысын жандандыруға бәріміз бір кісідей атсалысып жатқан жайымыз бар.

– Жұмыстарыңыздың негізгі бағыттары жайында аз-кем айта кетсеңіз?

–  Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің Қазақстан халқына арнаған Жолдауында еліміз бойынша құқық қорғау органдарының жұмысын жетілдіруді тапсырғанын білесіз. Қоғам тарапынан қылмысқа төзбеушілік қағидатын қалыптастыру өте маңызды дүние деп есептеймін.

Құқық қорғау органдарының бәрі халықпен тікелей жұмыс істейді. Сондықтан қоғам тарапынан олардың жұмысына қатысты сын-ескертпелердің айтылуы қалыпты дүние.

Мұндай жағдайда Консультативті кеңесу органының мүшелері әрбір туындаған мәселеге жедел реакция беріп, халықпен кездесулер ұйымдастырып, істің тігісін жатқызуға тырысады. Бұдан басқа, жергілікті жердегі халықтың құқықтық сауатын жетілдіру ісінен де шет қалып жатқан жоқпыз.

Жоғарыдан басталған өзгерістер жайында облыс аумағына таралатын газет, теле-радиолар арқылы өз ой-пікірімізді білдіріп, халыққа қолға алынған өзгерістердің маңызын түсіндірудеміз. Осылайша, ақпараттық-насихат жұмыстарына белсене қатысатынымызды мақтанышпен айтуға болады.

Бұдан басқа, құқық қорғау органдары қызметкерлерінің басын қосып, дөңгелек үстелдер ұйымдастырып, қоғам үшін олардың жұмысының ашықтығын қамтамасыз етуге күш салып келеміз.

– Жасұлан Баужанұлы, сіздер арнайы жоспар құрып, қандай да бір ереже, жарғыларға сүйеніп жұмыс істейтіндеріңіз анық. Осы жағын кеңірек әңгімелей кетсеңіз?

– Бірден айтайын, Консультативті кеңесу органы Қазақстан Республикасының заңдарын басшылыққа алып жұмыс істейді. Біздер жұмысқа кіріспей тұрып, құқық қорғау органдарының жұмысын жандандыруға қатысты жұмыс жоспарымызды дайындап, Консультативті кеңесу орган мүшелерінің толықтай қатысуымен бекітіп аламыз.

Өзіңіз де білесіз, қазір заман күн сайын өзгеріп, алға озып барады. Сол себепті біздер әрбір тоқсан сайын жиналып, жұмыс жоспарымызды пысықтап отырамыз.

Жалпы, ұйымның жұмыс жоспарында қоғамдық тәртіпті сақтау, профилактикалық құқықбұзушылықтың алдын алу, жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету және жең ұшынан жалғасқан сыбайлас жемқорлыққа қарсы тұру сынды маңызды бағыттарды анықтап алғанбыз.

Тіпті, кей жағдайда өңіріміз үшін өте маңызды деген сұрақтарды Консультативті кеңесу органының мүшелері облыстық және қалалық мәслихаттың жиынында көтеріп, істің оң бағытта шешілуіне мұрындық болып жататын кездеріміз де болады.

– Қарапайым халықтың да арыз-шағымына назар аударатын шығарсыздар?

– Әлбетте. Қалыптасқан кестеге сай көпшілік қауымды жекелеген сұрақтары бойынша қабылдап, олардың шағымдарына назар аударып, түйіткілді мәселелердің оң бағытта шешілуіне ықпал етеміз.

Жылына кем дегенде маған 15-тен астам адам арнайы келіп, арыз-армандарын айтады. Бұдан кейін әлгі азаматтың мәселесі оң бағытта шешілуін бақылауда ұстап, қадағалаймыз. Кей жағдайда шағымдарға жазбаша жауап беретін кездеріміз де болады. Бір сөзбен айтқанда, бізге шағымданған кез келген азаматтың арызы жауапсыз қалмайды.

Соңғы уақыттары Солтүстік Қазақстан облысы Ішкі істер басқармасымен бірлесіп, жергілікті жердегі қоғамдық тәртіпті сақтауға жауапты учаскелік полициялардың жылына бір рет халықпен кездесіп, есеп беру ісіне де белсене араласудамыз. Құқық қорғау өкілдерінің мұндай есепті кездесулері екі жақ үшін де тиімділігін көрсетуде.  

– Жасұлан Баужанұлы, қоғамда халықтың полицияға деген сенімін қалай қалыптастыруға болады?

– Бұл өте өзекті сұрақ. Халық пен полицияның арасын жақындатуда құқық қорғау органдарының кәсіби деңгейінің жоғары болуы маңызды рөл атқарады деп есептеймін.

Бүгінде тәртіп сақшылары қоғамдық тәртіп пен халықтың қауіпсіздігін сақтау үшін жұмыс істейді. Олар жұмыстарын ойдағыдай атқаруы үшін қажетті материалдық жабдықтармен толықтай қамтамасыз етілуі тиіс. Сол кезде олар өздеріне тапсырылған міндетті ойдағыдай атқарып, халықтың сеніміне ие болады.

Қазіргі таңда Қазақстан полициясы заман талабына сай қажетті материалдық жабдықтармен қамтылған. Мемлекеттің мұндай қамқорлығы өз кезегінде тәртіп сақшыларының қоғам алдында жауапкершілігін көтеріп жатқанын күнделікті өмірден көріп жүрміз.

Біздер полицияның да біз секілді жұмыс басты пенде екенін түсінуіміз керек. Кез келген тәртіп сақшысы көтеріңкі көңіл күймен жұмысқа келуі үшін ол отбасының тұрмыстық жағдайына алаңдамауы тиіс.

Бүгінде ҚР Ішкі істер министрлігі сақшылардың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын көтеру үшін көптеген жұмыстар атқаруда. Атап айтар болсақ, жас полицейлерге баспана беру ісінің оң шешімін тапқанын маңызды іс деп айрықша атап айтуға болады.

Бүгінде Ішкі істер саласында жұмыс істеп жүрген жастардың бәрі өздерінің баспанасыз қалмайтынын жақсы біледі. Бұл жағдай олардың өз жұмысын адал әрі таза атқаруына барынша ықпал етері сөзсіз.

Тағы да айта түссек, жергілікті жерлердегі ішкі істер органдары жанынан қоғамдық Консультативті органдардың құрылуы да халықтың полицияға деген сенімін арттыра түскені анық. Міне, осындай қолға алынған жұмыстардың нәтижесінде халық пен полицияның арасы жақындады.

– Жыл басында сіз ҚР Ішкі істер министрлігінің жанындағы Қоғамдық кеңеске мүшесі болып сайландыңыз. Бұл ретте таңдаудың сізге түсуіне сіздің жергілікті жердегі табысты жұмысыңыз ықпал етті деп ойлайсыз ба?

– Кез келген адам өзінің жұмысына баға бере алмайды. Бұған дейін ҚР Ішкі істер министрлігінің жанындағы Қоғамдық кеңеске біздің СҚО-да ешқандай адам мүше болып сайланбағаны белгілі. Сол себепті республикалық деңгейдегі кеңеске мүше болуым осыған дейін атқарған жұмыстарыма берілген баға деп қабылдауға болатын шығар.

Осы ретте ҚР ІІМ жанындағы Қоғамдық кеңестің төрағасы, профессор Марат Қоғамовтың маған сенім білдіргеніне алғыс айтқым келеді. Ол кісі жұмыс барысымен біздің облысымызға бернеше рет келіп, мұндағы жағдаймен танысып, біздің атқарған жұмысымызға жоғары бағасын берген болатын. Қоғамдық кеңеске мүше болу арқылы үлкен жауапкершілік жүгін арқалағанымды сезініп отырмын. Алдағы уақытта Консультативті кеңесу органының жұмысын барынша ширатуға күш салатын боламыз.

– Әңгімеңізге рақмет! Сұхбаттасқан Нұрлан ӘУБӘКІР 

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Please enter your comment!
Please enter your name here