Құжат дайындау үшін 100 млн теңге керек

0
1079

Құжат дайындау үшін 100 млн теңге керек

Қазақстанның саясат сахнасында өткір, ойындағысын ірікпей айтатын саясаткерлер өте аз. Көпшілігі жалтақ. «Сен тимесең мен тимен» деп, басын құмға тығып алатын түйеқұсқа ұқсайды. Бірақ солардың арасында реті келгенде іреп, сойып алатын бірнеше саясаткер бар. Солардың бірі һәм бірегейі – ҚР Парламенті Мәжілісінің Төрағасы Нұрлан Нығматулин.

Нұрекең осы аптада қос шатырлы Парламентке мәдениетті дамыту үшін жоба дайындауға 100 млн теңге сұрай келген ҚР Мәдениет және спорт министрінің вице-министрі Елдос Рамазановты сынап тастады.

– Елдос Мұратұлы, мәдениетке қамқорлық жасап, қаражат бөлудің маңызды дүние екенін түсінеміз. Сіздердің министрліктің аппаратында 300-ден астам адам жұмыс істейді. Бәрі білікті маман. Сіздер жұмысқа орналасқанда  түйіндемелеріңізге төрт-бес дипломдарыңыз бен дамыған елдерде тағылымдамадан өткендеріңізді жазасыздар. Ал айтыңызшы сіз өзіңізді қандай деңгейдегі маманға жатқызасыз?   

– Мен өзімді орташа маман деп бағалауға болатын шығар, – деп вице-министр Спикердің сөзіне сенімсіз жауап берді.  

– Сіздер төрт-бес дипломның иесі бола тұра «орта деңгейдегі маманбыз» дейсіздер. Мұны қалай түсінуге болады? Менің білуімше, сіз жұмыс істейтін министрліктің аппаратында 300-дей адам жұмыс істейді. Бұдан басқа еліміздегі көптеген мұражайлар мен мәдени мекемелер сіздерге қарайды.

Бір сөзбен айтқанда, министрлікке қарасты мекемелерде жүздеген ғылыми қызметкерлер жұмыс істейтінін жақсы білеміз. Егер осыншама қызметкерлердің арасынан министрліктің тұжырымдамасын дайындай алмайтын топ шықпаса, оларды не үшін ұстап отырсыздар?

Министрден «100 млн теңге не үшін керек» деп сұрағанымызда, ол «бұл ақша біздің құжатымызды жазып беретін топты жалдау үшін қажет» деп жауап берді.

Сонда министрліктегі мыңдаған адамның арасынан құжат дайындайтын 20-30 адам шықпағаны ма? Бұдан асқан масқара бола ма? Мұндай жағдай жалғыз Мәдениет және спорт министрлігінде ғана емес, өзге де ведмостволарда да жиі кездесетіні жасырын емес.

Сіздер әлде бір мекемеге 100 млн теңгеге жазғызып алған бағдарламаларыңызды Парламент пен Үкімет қабырғасында өздеріңіз жазғандай қорғайсыздар. Мұндай көзбояушылықты қойыңыздар.

Мемлекет министрліктердің даму бағдарламасын дайындау үшін артық ақша жұмсау керек? Кеше министр келіп «бізге бір жобаны дайындауға 30 млн теңге жетеді» деп базарда жүргендей бізбен саудаласты. Мемлекеттің қаржысына бұлайша қарауға бола ма? – деп Спикер өз ренішін жасырмай айтты.  

Бұдан кейін сөз алған вице-премьер Бердібек Сапарбаев министрліктегі қызметкерлерден қателіктің кеткенін, бұл мәселе қайта қаралатынын айтып, Спикердің ашуын басқандай болды.

Иә, қазіргі таңда әр министрлік болмашы дүниелерін алға тартып, бюджет қаражатына қол салуға құмар. Өкінішке орай, оларға көп жағдайда Нұрлан Нығматулин секілді басшылар бетінен қаға бермейді.

Қазіргі қазақ қоғамында қандай да бір шендіге тоқтау салу үшін басшының саяси салмағы болуы керек.

Ал Нығматулиннің Парламентке ақша сұрап келген вице-министрлерге тойтарыс беретін саяси салмағы да, құзіреті де бар. Нұрекең соны жиі пайдаланса жақсы болар еді.     

Нұрлан ЖҰМАХАН

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Please enter your comment!
Please enter your name here