Жетісуда Орбұлақ шайқасының қойылымы өтті

0
1734

«Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Талдықорған қаласында бабалар ерлігі ұлықталған кең ауқымды шара өтті.

Қалалық ипподромда 100 жылға созылған қазақ-жоңғар соғысының шешуші сәті  – Орбұлақ шайқасы сахналанды.

Алтын Орданың 750 жылдығына арналған осынау күрделі де қомақты қойылымды халықаралық және аймақтық ұйымдардың, құрметті консулдықтардың, мәдени орталықтардың, ұлттық БАҚ өкілдері, сонымен қатар еліміздің түкпір-түкпірінен келген танымал актерлер мен блогерлер тамашалады.

Орбұлақ шайқасын сахналау, сол бір тарихи сәтті «қайта тірілту» оңайға түспегені анық. Бастысы, бұл қойылым өз миссиясын орындады, тарихи шайқасты тамашалаған өскелең буын білектің күші, найзаның ұшымен келген жеңістің куәсі болып, Орбұлақ шайқасы туралы мол мағлұмат алды.

1643 жылы Жәңгір хан мен Жалаңтөс батыр бастаған қазақтар Ерден Батур қолбасшылық қылған жоңғардың армиясын ойсырата жеңген қиян-кескі ұрыс көрермендердің көз алдынан қайта бір өтіп, тарихтың, ата-бабалар аруағының жаңғырығы іспетті әсер қалдырды.

Таудың етегінде, табиғи декорациямен қойылған қойылымның әсері мықты. Әсіресе, жастар мен өскелең ұрпақ бойындағы патриоттық сезімді шыңдауда теңдессіз.

Жау әскерінің өртке орануы, ұрыс алаңында шұрқырасқан аттардың омақаса құлауы, бейғам жатқан қазақ ауылына басқыншылардың шабуылы, құндақтағы сәбиді найзаның ұшына іліп, ес біліп қалған бала мен әйелді тұтқынға алуы, ойрандалып, шаңырағы ортасына түскен ауыл, өртенген киіз үйлер…

Ал көк байрақты желбіретіп, жауға қарсы шапқан қалың қолды көргенде көрерменде рух пайда болды. Түтін салу, атыс-шабыста көркем фильмнің элементтері де өте әсерлі шыққан. Ұйымдастырушылардың айтуынша, алдағы уақытта Орбұлақ шайқасы туралы көркем дүние жарыққа шығады. 

Негізі, бұл ұрыс кезінде шайқас болған өңірдің жер бедері шешуші рөл атқарғанын еске сала кетелік. Соғыс тактикасында шұңқырлар ұтымды пайдаланылған.

Зерттеушілер бұл шайқаста Жәңгір ханның қазақ әскери өнеріндегі бірқатар күрделі тактикаларды қолданғанын айтады.

Ұрыс алаңына алдымен 300 атты шығады, олар өзіне лап қойған жоңғар әскерін діттеген жерге ілестіріп әкеледі. Иә, осы кезде Жәңгір хан бастаған тағы 300 қол ұрыс даласының жер бедерін ұтымды пайдаланып, тау-тасқа, сайға, ойға тығылып, оларды күтіп бұғып жатқан еді.  Жоңғар әскері қоршауға түсті-ау дегенде қазақтар тау басынан оларға жаппай оқ жаудырып, қырып тастайды.

Бұл дүниежүзілік тарихта 300 спартандықтың 200 мыңдық парсы армиясын қынадай қырған ұрыстан кейінгі алғашқы жағдай. Ипподромда соғыс қимылдарын тамашалаған халық қойылым аяқталғанда көздеріне жас алып, жан тебіреністерін жасыра алмай, қол шапалақтаумен болды.

Осынау шараға қонақтар және қала тұрғындарымен бірге Алматы облысының әкімі Амандық Баталов та қатысты.

«Орбұлақ шайқасы дүниежүзілік тарихқа бірлік пен ынтымақтың керемет жеңіске әкелетінінің жарқын үлгісі ретінде әскери даңқ пен әскери шеберліктің символы болып енді.

Біздің кең даламыз бен асқар биік тауларымызды жаудан қорғап, сақтаған батырлығы, ержүректілігі, отансүйгіштігі үшін ата-бабаларымыздың алдында өле-өлгенше қарыздармыз. Сондықтан жас ұрпақ өткеннен мұра болып қалған тәуелсіздігімізді, азаттығымызды, бейбітшілігімізді бірлікті, достық пен келісімді сақтай отырып, оны аса қастерлеуі керек.

Бүгінгі шара көпшіліктің есінде ұзаққа қалатынына сенімдімін. Есіңізде болсын, бүгініңіз бен  ертеңіңізді ойдағыдай құру үшін сіз өткеніңізді ұмытпай, оны бағалай білуіңіз қажет», – деді өңір басшысы.

Шараға қатысқан саясаттанушы, журналист Бақытжан Бұхарбай Талдықорған ипподромында өткен кең ауқымды шараға өте жоғары баға беріп, ондай насихат тәсілін алда жиі пайдаланған дұрыс деп санайтынын айтты.

 «Мен осында келгеніме өте қуаныштымын. Орбұлақ шайқасын сол қалпында орындау секілді жобаларды кеңінен насихаттау дұрыс деп санаймын. Тарихты жаңғыртудың осы әдісін қолдану жастардың ата-бабасының өткеніне қызығушылықпен қарауға және патриотизм рухын қалыптастыруға бағыттай алады деп ойлаймын. Бұл адам жадынан көпке дейін өшпейтін, өте оңтайлы ұйымдастырылған шара болды», – дейді ол.

Елге керемет әсер берген бұл шараны Алматы облысы әкімдігінің қолдауымен Ішкі саясат басқармасы ұйымдастырғанын баса айта кетелік.

Ал шараға 1500-ге жуық адам тартылған. Олар – каскадерлер, садақшылар, актерлер және қойылымға тартылған қосалқы адамдар. Жауынгерлер мінген 150 атқа арнайы әскери ат әбзел-жабдықтары дайындалған. Қазақтың басқа да әскери өнер бұйымдары да жасалды.

Ұрыс алаңындағы әскери іс-қимылға танымал қазақстандық актер – Асылхан Төлепов, Аян Өтепберген, Болат Әбілманов және қазақ боксшысы Ибрагим Ескендір қатысты.

Ұрыстан бөлек көшпенділер өмір-салтын көз алдымызға әкелген көріністер ішінде ұлттық ойындар да болды: «Jamby aty», «Sadaq aty».

Ал «Qusbegi» шоуында заманауи әскерлер мен қазақтың ұлттық бұйымдарының көрмесі, шоу қойылымдар, сонымен қатар қазіргі заманға лайықталған ұлттық үлгідегі сән үлгілері бойынша көрсетілім болды. Оны танымал қазақстандық дизайнер Aya Bapani өткізді.

Сонымен қатар ұлттық киіммен келген қонақтарға бауырсақ, қымыз, құрт тегін таратылды. Олар «BAU YRSAQ PARTY» және «Qymyz BAR» сынды брендтермен өтті. Ал  балаларға арнайы ойын алаңдары жұмыс істеді.

Осы дүбірлі шара кезіндегі тағы бір қызықты оқиға – 2 тонна бауырсақтың дайындалуы болды. Бұл мәлімет Қазақстанның рекордтар кітабына тіркеліп, енгізілді.

Кәмшат СӘТИЕВА

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Please enter your comment!
Please enter your name here