Тұрар Рысқұлов – тарихи тұлға

0
9205

С.Жиенбаев атындағы Ақтөбе облыстық жасөспірімдер кітапханасы жастар арасында тарихи тұлға, мемлекет қайраткері Тұрар Рысқұловтың туғанына 125 жыл толуына орай «Тарихи тұлға – Тұрар Рысқұлов» атты танымдық сағат өткізді.  

ХХ ғасыр басында қазақ қоғамында саяси күреске шыққан ұлт зиялыларының әрбір қадамы патша үкіметі тарапынан бақылауға алынып, үкімет саясатына қарсы шыққандар қуғындалып, алдына айыппұл салынса, «аса қауіпті» атанғандар ұзақ мерзімге басқа өңірге жер аударылды немесе абақтыға қамалды.

Тұрар Рұсқұлов 1894 жылы 26 желтоқсанда Жетісу өңірінде дүниеге келген. Жастайынан абақтының азабын көріп, өмірдің суығын ерте тартқанын тарихтан білеміз. Жасынан анасынан жетім қалған ол әкесінен де айырылады. Шара барысында жастарға тағдыр тауқыметін көп көрген мемлекет қайраткері туралы оқушыларға кеңінен ақпарат айтылды.

Арнайы дайындалған бейне материал көрсетіліп, кітап көрмесі таныстырылды. Көрмеге Шерхан Мұртазаның «Қызыл жебе» атты кітабы және Тараз энциклопедиясы, тағы басқа да мәліметтер қойылды. Көрмеге Шынар Манарбекқызы библиографиялық шолу жасады.

Кезінде Сталиннен қаймықпай, елінің мүддесі үшін қызмет еткен тұлғаның қазақ тарихында алар орны да ерекше. Әсіресе оның мыңдаған қазақты аштықтан құтқарып қалғанын ел аңыз ғып айтады. Белгілі Халық жазушысы Шерхан Мұртаза ол туралы «Қызыл жебе» атты роман жазып, Тұрарға кітаппен ескерткіш қойды.

Тұрардың ортасы, араласқан адамдары өте белсенді кісілер болған. Соның бірі – оның сырласы Мұхтар Әуезов. Тұрар әкесінің әңгімесін досы Мұхтарға айтып берген, Әуезов осы әңгімеден «Қараш-Қараш» оқиғасын өмірге әкелген. Оқушылар арасында осы шығарманы талқылап, мәні мен мағынасына үңілдік. Тарихымыздағы ұлы тұлғалар туралы, олардың ерлік істері туралы да әңгіме қозғалды. Болашақ жас ұрпақтың бойына ұлттық намыс пен жігерді осы кезден қалыптастыруымыз керек.

Лаура ЕРІКҚЫЗЫ, С.Жиенбаев атындағы облыстық жасөспірімдер кітапханасының кітапханашысы.

Ақтөбе қаласы.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Please enter your comment!
Please enter your name here