Қазақстандағы өзге ұлт өкілдерінің арасында осы кәрістерге таңым бар. Иә, олардың еңбекқор екені рас. Менің айтпағым басқа. Байқауымша, кәрістер кез келген елге, ортаға тез сіңіп кететін халық. Кәрістердің қызыл кеңірдек болып айтысып, тартысқанын көрмейсіз.

Посткеңестік елдер арасындағы кәрістердің есімдері – Олег Ким, Владимир Нам болып кете береді. Әрине, кеңестік жүйе кезінде күн көру үшін кәрістер осындай қадамға барды.

Ойлаңызшы, кәрістен басқа қаншама халық ормандай орыстың езігісінде болды. Қазақ, ұйғыр, шешен, түрік, поляк, эстон дейсіз бе? Бірақ осы аты аталған ұлттардың ешқайсысы есімін орысшалаған жоқ.

Тағы бір қызығы, аты-жөндерін орысшалаған кәрістердің түп-тамырынан, салт-дәстүрінен басқа ұлттар сияқты қатты ажырғаны да шындық.

Бүгінде Қазақстанның қай қаласына барсаңыз да кәрістің сан түрлі тағамы бойынша ас-су дайындайтын дәмхана алдыңыздан шығады.

Тіптен, қазір қазақтың тойы кәрістің салатынсыз өтпейтінін жұрттың бәрі біледі. Осылайша, кез келген жағдайға бейімделіп, өзінің ұлттық тамырынан айырылмайтын кәрістердің қасиеті мені қайран қалдырды.

Шартарапты шарласаңыз, кәрістей толерантты ұлтты таппайсыз. Сондықтан бір мекемеде бірге істейтін Олег Киммен соңғы кездері жиі араласа бастадым. Қазақстандағы кәрістердің тыныс-тіршілігі, ой-пайымы жайында біле түсуге ықыласым ауды.

Кимнің мерекелік кештерде, түрлі басқосуларда анау айтқандай көзге түскенін көрген емеспін. Қашан көрсеңіз жылы жымиып, жусаннан аласа, бетегеден биік қалпынан айнымайды.

Олег Кимнің әке-шешесі Қиыр Шығыста туғанымен, өзінің кіндік қаны Қазақстанда тамған, таза «қазақстандық» азамат.

Онымен ашыла сөйлесіп, «кәріс тілін білесің бе» деп сұрағанымда, ана тілін білмейтінін айтты. Содан кейін «Кореяға бардың ба?» деп едім. Ата-бабаларының кіндік қаны тамған корей еліне ат ізін салмағанын да білдім. Бұдан кейін тілімнің ұшына келіп қалған «Сен өзі оңтүстіктің кәрісісің бе  әлде солтүстіктің бе» деген сұрақты қойсам, саяси қате болатынын түсіндім.

Осылайша, Олегжанға біраз сұрақ қойғаннан кейін оның өз елімен болашағын байланыстырмайтынына толық көз жеткіздім.

– Олег, сенің атың орысша, тегің кәрісше, бұл қалай? Неге атыңды кәрісше қоймаған, – дедім.

– Білмеймін. Әке-шешем солай қойған. Олар кезінде Қиыр Шығыста тұрып әбден орыстанған ғой, – деді. – Бірақ біз қазір Ресейде емес, Қазақстанда тұрамыз. Сіз білесіз бе, мен ұлымның атын Қайрат Ким деп қойғанмын. Өйткені баламның мен сияқты Қазақстанды өз Отаны ретінде сезінгенін қаладым. – деді.

– Қайрат Ким, жақсы естіледі екен. Өте дұрыс істегенсің, – деп кәріс досыма ішім жылып қалды.

Әне, өзге ұлт өкілдері қазақылануға дайын. Алдағы уақытта Болат Ивановтар, Қайрат Кимдер өмірге келіп жатса, ұлтаралық татулықтың нағыз белгісі болатыны анық. Болашағын Қазақстанмен байланыстыратын Олег Ким сияқты өзге ұлттар көбейсін арамызда!

Нұрлан ЖҰМАХАН  

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Please enter your comment!
Please enter your name here