Тоқаевтың тапсырмасы орындала ма?

0
1240

Президент Тоқаев Үкіметке азаматтық қоғамды дамытудың 2025 жылға дейінгі тұжырымдамасын дайындауды тапсырған.

Ал, біз сауал қойған азаматтар «Қазақстанда азаматтық қоғамның аты болғанмен, заты жоқ» дейді.

 Мұның себебі неде? Азаматтық қоғамның дамуына не кедергі? Мұндай қоғамның құрылуына қарсы күштер бар ма? Еліміздегі үкіметтік емес ұйымдар саяси-қоғамдық мәселеден басын ала қашатыны рас па?

 «Қала мен Дала» осы сауалды үкіметтік емес ұйымдар, қоғамдық қорлардың басшыларына төтесінен қойды.

Эдуард ПОЛЕТАЕВ, «Еуразия әлемі» қоғамдық қорының жетекшісі:

«ҚАЗАҚСТАНДА АЗАМАТТЫҚ ҚОҒАМ ҚАЛЫПТАСҚАН ЖОҚ…» 

«Талдап, таразылар болсақ, халық  «азаматтық қоғам» деген екі ауыз мән-мағынасын әлі күнге дейін жете түсінбейді. Азаматтық қоғамның аты бар, заты да жоғы да содан туындап тұр.

Қоғамда белгілі бір мәселені өз бетінше шешетін, Үкіметке жалтақтамай, өз тағдырын өз жауапкершілігіне алатын иммунитет әлі күнге қалыптасқан жоқ.

 Қазақстандағы азаматтық қоғамның дамуын тежеп отырған ең басты фактор осы. Есейген, кемелденген қоғам билік пен халықтың арасын ушықтыратын қаңқу сөз, астыртын әңгімелерге сеніп алып – ұшып кетпейді. Кез-келген дүниеге сын көзімен қарап, уақыт елегінен өткізеді.  

Азаматтық қоғамда халықтың түрлі топтары ортақ мүдде мен мақсатқа жүрігіп, етене әрекет етеді. Мұндай қоғам, мұндай топтар әлбетте пайда табуы көздемейді. Керісінше өз белсенділігін халық игігіліне бағыттап, қоғамдық өмірдің түрлі саласында туындайтын пробеламаларды шешуге жұмсайды.

Өркениетті елдерде белгілі бір қоғамдық ұйымның төңірегіне топтасқан жүздеген, мыңдаған белсенді азаматтардан тұратын еріктілер қозғалысы бар. Олар арзан популизмге ұрынып, саяси ұпай жинауды көздемейді. Билікке жетуді де мақсат тұтпайды.

Мұны азаматтық қоғам деп атайды. Демократиялы елдерде үкіметтік емес ұйымдардың қызметі билік органдарына қарағанда нәтижелі болатыны содан.

Замир ҚАРАЖАНОВ, Caspian Bridge сараптама орталығының жетекшісі:

«23 МЫҢ ҰЙЫМНЫҢ 5 МЫҢЫ ҒАНА ТҰРАҚТЫ ІСТЕЙДІ»

«Азаматтық қоғамның дамуын кедергі келтіріп отырған мәселенің бірі – ресми статистикадағы жаңсақтық.

Соңғы деректерге қарағанда елімізде 23 мыңға жуық үкіметтік емес ұйымдар тіркелген екен. 18 млн халқы бар Қазақстан үшін бұл әсте аз емес.

Алайда олардың қаншасы нақты жұмыс істейді? Қаншасы халықпен қойын-қолтықтасып әрекет етуде? Жалпы қоғамның қажетіне жарайтын жобаларды жүзеге асыруда? Осы жағынан келгенде статистика ақсап тұр.

Менің білуімше Қазақстанда тіркелген 23 мың қоғамдық ұйымның тек 5 мың ғана тұрақты жұмыс істеуде, ал өзгесі санда болғанмен, санатта жоқ.

АСЫЛБЕК ҚОЖАХМЕТОВ, «Қазақстанның Азаматтық Альянсы» заңды тұлғалар қауымдастығының төрағасы:

«ҮКІМЕТ БІРАЗ ЖҰМЫСТЫ ҚОҒАМДЫҚ ҰЙЫМДАРҒА ТАПСЫРУЫ ҚАЖЕТ»

«Бұған қатысты пікірімжі Ұлттық қоғам сенім кеңесінің отырысында егжей-тегжейлі айтқанмын. Әлем өзгеріп, заман жаңарып жатқан тұста мемлекет уысында ұстап отырған көптеген функцияларды азаматтық қоғамға табыстауы қажет. Сонда ғана азаматтық қоғамның дамуына жол ашылып, қоғамдық ұйымдардың көкжиегі кеңейеді.

Үкіметтік емес ұйымдар мемлекет атқарып отырған істі мұқалтпай іліп әкетуге әлеуеті жетеді. Айталық, жастарға қатысты мемлекеттік деңгейдегі іс-шаралар, қазақтың қабырғалы қайраткерлерінің мерейтойлары, инвестиция тартуға арналған түрлі форумдар, конференциялар, әл-ауқаты төмен отбасылар және мүмкіндігі шектеуле азаматтарға сервистік қызмет секілді әлеуметтік саламен тығыз байланысты бағыттарды қоғамдық ұйымдар өз жауапкершілігіне алуға әзір.

Азаматтық қоғамның белсенді қауымына өңірлердегі ахуалды зерттеу жұмыстарын сеніп тапсыруға болады. Тәуелсіз сарапшылар проблеманы бүгіп қалмайды, аймақтың мәселесі мен кемшіліктерін көріп қана қоймай, оны шеше білудің тетіктерін ұсынады.

Мемлекет қоғамдық ұйымдарға сенім артса, Үкіметтің атынан сараптама жүргізуге, ақсап тұрған салалардың кемшіліктерін атап айтуға ерік берсе бұл азаматтық қоғамның дамуын жаңа деңгейге көтерер еді.

Андрей ЧЕБОТАРЕВ, «Балама» әлеуметтік зерттеулер орталығының директоры:

«ҮШІНШІ СЕКТОР КӘСІБИ МАМАНДАРҒА ЗӘРУ»

«Үшінші секторды қаржыландыру мәселесіне әлі күнге жете көңіл бөлінбеуде. Иә, соңғы жылдары үкіметтік емес ұйымдарға берілетін әлеуметтік тапсырыстың көлемі артуда.

Мысалы, былтырғы жылы ҮЕҰ-ларға арнап 18 млрд теңге бөлінген екен. Бұл 2017 жылмен салыстырғанда 30 пайызға көп.

Дегенмен қоғамдық ұйымдардың қоғамдағы іргелі күшке айналып күрделі мәселелерді шешуге ықпал еткенін қаласақ бұл қаражат жеткіліксіз. Миллиардтар бөлінді деп ауыз толтыра айтқанымызбен, ел тұрғындарының жан басына шаққанда мың теңгеге жетер жетпес екен. Ал Францияда бұл көрсеткіш адам басына 320 долларды құрайды.

Әрине Үкімет үшінші секторды «асырауға» міндетті емес. Үкіметтік емес ұйымдарды қаржыландыруға бизнес өкілдері де атсалысса деген ұсынысымыз бар. Еліміздегі ірі бизнес өкілдері қоғамдық, әлеуметтік мәселемен айналысатын ұйымдарға қолдау көрсетсе, үшінші сектор үлкен күшке айналар еді.

Үшінші секторға бөлінетін ақшаның аздығынан бұл саладағы кадр мәселесі

ақсап тұр. Қоғамдық ұйымға жұмысқа тұратындар мамандардың көпшілігіне кәсибілік жетпей жатады. Айлықтың аздығынан бір орында ұзақ аялдай алмайды.

Гүлмира ИЛЕУОВА, «Стратегия» әлеуметтік-саяси зерттеулер орталығының президенті: 

«БІЗГЕ САЯСИ-ҚОҒАМДЫҚ БАҒЫТТАҒЫ ҰЙЫМДАР ҚАЖЕТ»

«Азаматтық қоғамды қалыптастыру үшін қоғамдық ұйымдардың көпшілігі құрылымын өзгертуі керек. Бізде әлеуметтік бағытта жұмыс істейтін үкіметтік емес ұйымдар жетіп артылады. Ал саяси-қоғамдық бағыттағы ұйымдар тым аз. 

Ата-анасынан айырылып жетіп қалғандарға қол ұшын созу, көп балалы жанұяларға қарайласу, мүгедек азаматтарға көмектесу не болмаса әйелдердің құқығын қорғау, нәзік жанды қауымның лайықты еңбек етуіне жағдай жасау дау жоқ маңызды, сауапты іс.

Әйткенмен демократиялық елдерде үкіметтік емес ұйымдар негізінен саяси-қоғамдық бағыттағы жұмыстарды белсенді атқарады. Қоғамдық ұйымдар туралы айтқанда бізде осы жағы ақсап тұр».

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Please enter your comment!
Please enter your name here