Қазіргі таңда елімізде азаматтар арасындағы дауларды әділ шешу бағытында көптеген жұмыстар атқарылуда. Тараптар арасындағы дау-шарды сотқа жеткізбей, оңтайлы шешуде медиацияның алатын орны ерекше. Бүгінде өзара дауласқан азаматтар медиаторлардың көмегімен араларындағы келіспеушілікті оңтайлы бағытта шешуде. Бұл жайтта Қазақстанның құқықтық жүйесі дамудың жаңа кезеңіне аяқ басқанын байқауға болады.
Дауларды үшінші тараптың көмегімен, яғни медиаторлардың көмегімен шешу ісі Шахтинск қаласында өз нәтижесін беруде. Егер де тараптар бір-бірін сотқа сүйресе көп уақытын жоғалтып, біршама шығынға бататыны белгілі. Бұл ретте сот алдына барған тараптар белгілі көлемде мемлекеттік төлемдер төлеуге мәжбүр болады. Бұдан басқа, тараптар өз құқықтарын сот залында қорғау үшін қорғаушылар жалдап та шығынданатыны да белгілі.
Ал дауды медиация жүйесі арқылы шешкен жағдайда тараптар көп уақытын үнемдеп, қосымша шығын шығармай, мәселені өзара шешу мүмкіндігіне ие болады. Қазіргі таңда қарапайым халық туындаған дауды осы медиация шеңберінде шешудің маңызы зор екенін түсініп келеді. Біздің бұл сөзімізге Шахтинск қаласындағы мына бір көрсеткіш айқын мысал бола алады.
2019 жылдың соңғы сегіз айында Шахтинск қалалық сотына азаматтық іс бойынша 168 іс келіп түскен екен. Осы ретте 165 істі медиаторлар қарастырып, дауласқан тараптарды ортақ шешімге келуіне ықпал еткенін үлкен жетістік деп қабылдауға болады. Осылайша, азаматтық істер сот жүйесінің жүктемесін азайтып, азаматтардың арасындағы дау-шарларды өрістетпей шешуде өзінің тиімділігін көрсетіп отыр. Бүгінде елімізде медиация саласының қарқынды дамуы ел азаматтарының құқықтық сауаттылығының артуына негіз болып отыр.
Қуанышбек ТҰРҒЫНБАЕВ, заңгер.