Биылғы жылы елімізде Кәсіподақтар күні алғаш рет ресми деңгейде аталып өтті.

Осы мерекеге арналған салтанатты жиында Қазақстанның Кәсіподақтар федерациясының басшысы Ералы Тоғжанов елімізде кәсіподақтардың ықпалы артып келе жатқанын айтты.

«Кәсіподақтар қауымдастығы 2 млн-нан аса кәсіподақ мүшелерін бір жұдырыққа жұмылдырып отырған еліміздегі ең ірі қоғамдық ұйым. Кәсіподақтар қоғамдағы өзгерістер мен тенденциялардың тамырын тап басып отыруы қажет. Қазақстандық жұмысшылардың жағдайын жақсартуға бағытталған бастамалардың басы-қасында жүргені маңызды», – деді Тоғжанов.

Оның айтуынша, бұдан былай кәсіподақтар халықпен тікелей байланыс орнатудың озық әдіс-тәсілдерін меңгеріп, жұмысшылардың арыз-шағымдарына баса көңіл бөлетін болады. Бұл ретте Жолдаудағы міндеттер кәсіподақ басшыларының назарынан тыс қалмауы тиіс.

«Кәсіподақтар қауымдастығының әлеуеті зор. Федерацияның ұйымдастырушылық қабілетін тиімді пайдаланып, маңызды мәселелерді шешуге, қоғамдық маңызы бар тақырыптарды талқылауға белсенді түрде атсалыстырған жөн. Биылдан бастап әлеуметтік әріптестікті дамытып, жұмыс орнын сақтау, жұмысшылардың құқығын қорғау секілді талаптарды күшейтіп, өзектендіретін боламыз», – деді Ералы Тоғжанов.

Әзір еліміздің Кәсіподақтар федерациясы 125 мыңнан астам меморандум бекітіп үлгерген. Бұл бойынша 2 млн 292 мың жұмысшылар қауымдастық қанатының астына өтіпті.

Кәсіподақтар федерациясының басшысы елімізде айлығы төмен жұмысшылардың жалақысын көтеру мәселесін ұдайы назарда ұстайтынын, қазіргі таңда Қазақстандағы 200 мыңға жуық жұмыс беруші 1,1 млн жұмысшының жалақысын көтергенін тілге тиек етті.

Кәсіподақтар күні алғаш рет аталып өткен салтанатты шарада еліміздің кәсіподақтар қозғалысын құруда белсенділік танытқан азаматтар, кәсіподақтар қозғалысының ардагерлері бағалы сыйлықтармен марапатталып, Президенттің алғыс хаты табысталды. Федерация басшысы Ералы Тоғжанов жиындағы қауымға Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтау хатын оқып берді.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Please enter your comment!
Please enter your name here