Қазақстандағы тұңғыш жоғары оқу орны – Абай атандағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті алғаш ашылғанда онда жалғыз ғана педагогикалық факультет болған еді. Келе-келе еліміздегі білім беру саласының қажеттілігіне сай әртүрлі мамандықтар бойынша жаңа факультеттер ашыла бастады. 1963 жылы белгілі ғалым Шабаз Омашевтің бастамасымен және күш-жігер жұмсауымен тұңғыш жоғары оқу орнында «сурет және сызу пәнінің мұғалімі» мамандығы ашылды.

1969 жылы сурет және сызу мамандығы жеке дара «Бейнелеу өнері және сызу» факультеті болып қайта құрылған. Абай атындағы ҚазҰПУ бүгінгі 50 жылдық мерейтойын атап өтіп жатқан «Өнер, мәдениет және спорт» институтының тарихы сол 1969 жылдан бастау алады.

Көркем сурет-графика факультеті өмірге келген соң көркем сурет, графика, мүсін өнеріне құштар жас қауым осы мамандықтар бойынша жаппай оқуға келе бастады. Сөйтіп ҚазПИ-дің бұл факультеті Қазақстандағы өнер мамандарын даярлайтын  басты оқу орнына айналды. Еліміздегі атақты суретшілер мен графиктердің, мүсіншілердің көбі осы білім ордасының түлектері.

Қазан айының 9-12 жұлдызында Абай атандығы ҚазҰПУ оның құрамындағы Өнер, мәдениет және спорт институтының 50 жылдығына арналған салтанатты іс-шаралар болып өтті. Мерейтойды ұйымдастыруға институттың директоры, еңбектері елімізге кеңінен танымал суретші, профессор Тоққожа Қожағұлов бастаған институт ұжымы және университеттің түлектер қауымдастығының атқарушы директоры Болатбек Нұрбатыров белсене атсалысты. Университет ректоры Такир Оспанұлы Балықбаев және университет басшылығы да іс-шаралардың ұйымшылдықпен өткізілуіне бас-көз болып отырды.

Мерейтойлық шараға Абай атындағы ҚазҰПУ-дың әр жылдардағы түлектері, елімізден және әріптес шетелдерденің өнер мамандарын даярлайтын педагогикалық жоғары оқу  орындарының ғалым-ұстаздары, әртүрлі өнер ұжымдарының өкілдері қатысты. Алғашқы күні олар университеттің оқу ғимараттарын аралап, өнер, мәдениет және спорт институтының музейімен танысты. Осы күні институттың 2009 жылғы түлектерінің шығармашылық көрмесі ашылды.

Мерейтойға жиналғандарға Латвия университеті мен Абай атындағы ҚазҰПУ өнерпаздарының бірлескен хоры өнер көрсетті. Сондай-ақ Нижневартовск мемлекеттік университеті өнер және дизайн факультетінің профессор-оқытушылары шығармаларының көрмесі ашылды.

Мерейтойдың екінші күні «Ұлы Дала қырлары: бүгінгі таңдағы көркем білім беру» тақырыбында халықаралық арт-форумнан басталды. Форумның модераторы, университет ректоры, профессор Такир Балықбаев жиналғандарға  Қазақстандағы тұңғыш жоғары оқу орны – Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің 90 жылдық даңқты жолдары мен бүгінгі таңдағы қол жеткізген жетістіктері, оның ішінде «Өнер, мәдениет және спорт институтының даму кезеңдері,  бүгінгі шыққан биіктері туралы баяндап берді.

11 қазанда Қазақстан Республикасы Орталық мұражайында Абай атындағы ҚазҰПУ «Өнер, мәдениет және спорт» институтының түлектері  мен оқытушы-профессорлары еңбектерінің (живопись, графика, мүсін өнерінің) «Мерекелік палитра» көрмесі ашылды. Оны университет ректоры Т.Балықбаев ашып, көрме жұмысына табыс тіледі.

Мерейтолық іс-шаралар «Өнер, мәдениет және спорт» институтының 50 жылдығына арналған салтанатты мәжіліспен және мерекелік концертпен қорытындыланды.

Ректор Такир Оспанұлы Балықбаев өзінің мерейтолық баяндамасында  Өнер, мәдениет және спорт институтының жүріп өткен жолдарына шолу жасай келіп, оның бүгінгі табыстары мен алдағы асуларына тоқталды. Ректор институттың професор-оқытушылары мен қонақтарын мерекелік медальдармен марапаттады.

Мырзахан АХМЕТОВ, Абай атындағы ҚазҰПУ Қоғаммен байланыс бөлімінің бастығы

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Please enter your comment!
Please enter your name here