Амангелді Айталы «Дінаралық келсім адамзаттың ғасырлар бойғы арманы»

0
2574

«Дінаралық келісім адамзаттың ғасырлар бойғы асыл арманы»

Әлемдік және дәстүрлі діндер форумының 7-съезі Нұр-Сұлтанда 2021 жылдың маусымында өтеді деп белгіленді. Бұл жайында съезд хатшылығының он сегізінші отырысында айтылды.

 Бұл орайда осынау форумның маңызы мен мақсаты туралы ғалым, мемлекет және қоғам қайраткері Амангелді Айталы айтып берген еді.


– Амангелді Әбдірахманұлы, күні кеше өткен Әлемдік және дәстүрлі діндердің форумы туралы ой толғасақ…

– Алдымен, бүгін әлемдік деңгейдегі осындай шараларды өткізудің себеп-салдарына тоқталық.

Дінаралық қатынастардың қайшылықтары бүгін пайда болған жоқ. Өйткені діндер пайда болғаннан кейін осы діндер арасында бәсекелестік те пайда болды.

Бәсекелестік көп жағдайда дінаралық қақтығысқа алып келді. Талай соғыстардың, қуғын-сүргіндердің болғаны тарихтан белгілі. Осыдан келіп, адамзат осы діни қақтығыстардан қалай құтылуға болатыны туралы ойлана бастады.

Абай: «Махаббатпен жаратқан адамзатты, Сен де сүй ол Алланы жаннан тәтті. Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп. Және  хақ жолы осы деп әділетті» деген ғой.

Алланы сүю, Алланың құлымыз деп өзін сезіну, өзгені де сыйлау қай кезде де өте бір қиын мәселе болған.

Содан ХV ғасырда, яғни 1453 жылы философ Николай Кузинский дінаралық үйлесім туралы еңбегін жазыпты. Онда философ адамдар зорлық-зомбылықтан арылып, ортақ мәселелердің төңірегінде топтасып, бейбітшілік орнаса екен, әлемдегі діндердің өкілдері, оның ішінде еуропалықтар да бар, арабтар да бар, еврейлер де бар, кездесіп, түрлі дау-дамай туғызатын жайлардың төңірегінде келісімге келсе екен, бейбітшілік жолмен шешу үшін біріксе екен деп армандаған. Міне, көріп отырсыз, дінаралық келісім – адамзаттың сонау ХV ғасырдан келе жатқан арманы.

 Елімізде дәстүрлі түрде өткізілетін Әлемдік және дәстүрлі діндер съезінің ерекшеліктері неде?

– Әлемдік және дәстүрлі діндердің съезіне әлемнің 30-дан аса елінен 100-ге тарта делегация қатысады.

 Сондықтан біздің елімізде өткен форум, біртіндеп көптеген елдер өкілдерінің қатысуымен ерекшеленеді.

 Екіншіден, Қазақстанда бұл съезд белгілі бір тұрақты жағдайда жұмыс жасап келеді.

Бүгін алтыншы форум өтсе, болашақта жетіншісі болады. Белгілі бір сабақ- тастық, белгілі бір диалог жалғасып келеді.

 Елбасы өзінің баяндамасында: «Планетаның түрлі өңірлерінде адамдар Құдайдың басты өсиетін бұзып, бірін-бірі өлтіруді жалғастыруда» деді. Оның дәлелі ретінде Ыстамбұлда, Мумбайда, Пешаварда, Бағдатта ауқымы жағынан бұрын-соңды болмаған лаңкестік әрекеттер орын алғанын айтты. Бүгінгі күні мұның себебі не? Осы мәселенің төңірегінде ойлансақ дегендей ой тастады.

Мұның себебі көп. Оны біздің Президент те айтты, оны басқалар да қолдады. Бүгінгі күні адамдар рухани құндылықтардан гөрі материалдық құндылықтарға, ақшаға көп мән беріп, ашқарақтыққа, табыс жолында ойсыз бәсекеге, билікке, билеп-төстеуге көп назар аударуда.

Бұлай өмірдің адамгершілік жақтары ұмытылып, тұтынуға табынушылық не- ліктен көптеген адамдар үшін өмірдің мәніне айналды? «Адамзаттың ғұмыр кешуінің шынайы мәні осында ма? Бәлкім, тоқтап, «біз осы қайда барамыз, бізді болашақта не күтіп тұр?» дегенді ойланатын уақыт жеткен шығар» дегенді білдіреді.

Батыстың бір публицисі «Остановите мир. Я хочу сойти!» деген кітап жазыпты. Мұның астарында не жатыр?

Біз өзіміздің не боларымызды білмей, тіпті қазір осы дүниенің бәрін тоқтатып: «Осы біз кімбіз? Біз адамбыз ба, адамдықтан айырылып бара жатқан жоқпыз ба, болашақта не боламыз?» деп ойлансақ екен» дейді автор. Себебі біз алды-артымызға қарап, есімізді жия алмай жатырмыз. Әрбір діннің өкілі алдынан имам ба, священник пе, басқа ма, әр күні жүздеген, миллиондаған адамдар өтеді. Жүздеген, миллиондаған адамдар олардың уағыздарын тыңдайды. Осы уағыз арқылы халықтың санасына адамдық құндылықтарды сіңіру біздің басты мақсатымыз болуы тиіс деген ой Астанада болған діндер лидерлерінің съезінде де айтылды. «Сонда қандай мәселелердің төңірегінде уағыз айтуымыз қажет?

Қай жағынан адамзат азып жатыр» деген сұрақ тағы бар.

  • Ол сұрақтың жауабы қандай болмақ?
  • Біріншіден, бүгінгі күні ең бір күрделі мәселе – отбасы.
  • Неге?
  • Қазір Еуропада өмірге келіп жатқан сәбилердің 30 пайыздан астамы – некесіз балалар. Америкада одан да көп. Жалғызбасты аналар көбейді. Жалғызбасты әкелер көбейді. Бұрын әкелер балаларын тастап кететін, енді әйелдер балаларын әкелеріне тастап кететін үрдіс пайда болды. Бұған дін қалай қарайды? Міне, мәселе.

Осы ретте әлемде болып жатқан жағымсыз әрекеттердің басты себебі отбасында тәрбие алмағандықтан, үлгілі отбасының болмауынан деген ой соңғы съезде де көрінді.

Амангелді Әбдірахманұлы, осы съезді дәстүрлі діндер лидерлерінің съезі дейміз. Оның астарында қандай мән бар?

– Бұрынғы съездерде де, осы съезде де қайта-қайта көтерілген мәселенің бірі – діни бірлестік аталып жүргендердің бәрінің бірдей ізгілік әкелетін діндер еместігі, өзін бүркемелеп жүргендердің бар екендігі. Сол себепті съезд осы жолы да дәстүрлі діндер лидерлерінің съезі деп аталса, дәстүрлі діндер де атап көрсетілді. Бұл сегіз дін: ислам, христиан, буддизм, иудаизм, индуизм, даосизм, синтоизм жене зороастризм.

Өзін дінбіз деген басқадай секталар, ағымдар адамды ізгілікке апармайды. Халықтың дәстүрлі тарихы мен мәдениетімен, салт-дәстүрімен наным-сенімімен біте қайнасқан діндер емес, адамды аздырушы секталар. Міне, соңғы съездерде осыған назар аударылып келеді.

Басқосуларда, кездесулерде үнемі мәселе көтеріліп, жақсы ойлар, пікірлер айтылады. Бірақ дін мәселесінің өткір күйінде қала беретіні қалай?

– Мұның бір себебі – лидерлердің, қалай болғанда да, мемлекеттің саясатына ықпал жасай алмай, әлсіз болып отырғандығында. Американың бұрынғы президенті Джордж Буш өзінің Ирак, Ауғанстан басқа да мұсылман елдеріне соғыс жариялауын үшінші дүниежүзілік соғыс деп, бүкіл әлемді екіге бөлді.

Бізді қолдайтындар – демократ, қолдамайтындар демократияға қарсы, бізбен бірге жүргендер ғана демократ деп ашық айтты.

Екіншіден, әлемдік дәстүрлі діндер лидерлері жылы сөз айтып, үн қатысуға, келісімге, өзара төзімділікке шақырғанмен де, өмір сүріп жатқан ортада ол қағидатты басшылыққа ала бермейді. Мысалы, Еуропада 20 миллионға жуық мұсылмандар бар. Осы мұсылмандар Еуропада сыйлы, Еуропа демократиясына сай өмір сүріп жатыр ма? Жағдай мұндай емес. Мысалы, 75 миллион халқы бар мұсылман мемлекеті Түркияны Еуроодаққа қабылдамай отыр. Оның себебі не? Түркия десе – мұсылман, мұсылман десе – Бен Ладен, Ирак, Ауғанстан. Осылардың барлығы еуропалықтарға үрей туғызатын сияқты.

Христиан елдері мұсылман елдеріндегі дін мен мемлекеттің тұтастығын мойындағысы келмейді.

Қазақстанда еуропалық стандарт…

– Иә, біздер дінді мемлекеттен бөліп, еуропалық стандартты қабылдадық. Ал отыз шақты мұсылман мемлекетінде дін мен мемлекет біртұтас.

Мәселен, шариғат – мұсылманның құқы. Оған қарсы тұру мүмкін емес. Себебі мұсылман елдерінің өзінің қағидасы, принциптері бар. Шариғатпен өмір сүру Батысқа тұрпайы көрінгенмен, мұсылман елдері үшін ол – ғасырлар бойы қалыптасқан үрдіс, тәртіп.

Мен осы съездің материалдарымен танысқанда, буддизм өкілінің: «Адамзат баласы – ажырамас бір дене. Ол денені бөлшектеуге, кесуге, ажыратуға, бөліп тастауға болмайды. Сондықтан біз қақтығыстар тууына үлкен тосқауыл қоюымыз қажет» деген сөзіне мән бердім.

 Ол әр дінге сенуші әлемнің тұтастығын сақтауға міндетті деген идеясын бейнелеп айтып отыр.

Саясатта да, дін саласында да плюрализм, діни еркіндік, діни бостандық сөздерін көп айтамыз. Шын мәнісінде, плюрализм деген жақсы. Бірақ демократияны бетперде етіп, бостандықты жамылып, түрлі діндерге, діни ағымдарға, көзқарастарға еркіндік беруге болмайды. Әр мемлекет өзінің елінің діни қауіпсіздігін қамтамасыз етуге тиіс. Осылай жасалса, әлемде де қауіпті жағдай тумайды.

Бізде өткен, өтетін съезд тағы да адамзаттың бүгінгі әлемдегі қауіп-қатерге назарын аударды дей тұра, съездің маңызын өз елімізде де, басқа елдерде де иманды адамдардың саналарына сіңіру қатысушылардың, әлем лидерлерінің парызы ғой деп ойлаймын.  

Керісінше, осындай шаралардан кейін елімізге басқа дін өкілдері қаптап келе бастайды деген пікірлер бар…

– Әр дін өкілінің Қазақстанға келіп, сөйлеп, өзінің пікірін ортаға салуы, өзін көрсетуі ынтаны, қызығушылықты тудыратыны сөзсіз. Мысалы, 2001 жылы Қазақстанға Рим папасы келгенде, Мәжіліс залында православие дініндегі біздің кейбір орыс депутаттарының католик дініне көзқарасы ашықтан-ашық көрініп тұрды. Осындай мәселе болуы мүмкін.

Дегенмен біздер съезді өткізу арқылы елімізді таныттық, тағы да елімізді көрсеттік. Біздің елдің бір артықшылығы отаршыларға қарсы ұлт-азаттық қозғалыстар болғанмең ол қозғалыстар, негізінен, дінге қарсы болмады. Дінаралық емес, саяси сипат алды. Елде дінаралық бірлік болды. Діни қақтығыстар көп болған елдердің үйренгісі келетіні белгілі. Біз қалай болғанда да, басқа діндер туралы мағлұмат алуымыз, олардың келгенінен қорықпауымыз керек.

«Діни нарық» деген сөз бар. Дінді нарық секілді тауар етіп қарамағанмен діндердің арасында бәсекелестік болған соң, басқа діндермен өзіміздің дінді салыстырып, соның артықшылығын білуге тиіспіз. Сонда өзіміздің дінімізді жоғары бағалаймыз.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Please enter your comment!
Please enter your name here