Медициналық сақтандыру қоры саланың сапасын көтермек

0
1800

Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры медицинадағы озық үлгілерді қолданысқа ендіріп, саланы заман көшіне ілестіруді қолға алмақ.

Бұл бағыттағы жұмыстар қызу жүріп жатыр. Қор мамандары 2020 жылға дейін медицинадағы көптеген кемшіліктер түзеледі деп сендіріп отыр.  

 «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының» төрағасы Айбатыр Жұмағұловтың айтуынша, келесі жылы Алматы қаласының медицинасын дамытуға бөлінетін қаржы бір жарым есеге дейін артпақ.

«Мұның игілігін тұрғындар көреді. Биылғы жылы қала тұрғындары үшін Үкімет тапсырысы аясында көрсетілетін тегін медициналық көмекке 114 млрд теңге бөлінсе, 2020 жылы осы мақсатқа бағытталатын қаржы 160 млрд теңгеге жетеді», – деді қор басшысы.

Оның сөзінше, медицинаға бөлінетін қаржының көбейуіне салаға сақтандыру жүйесінің кірігуі себепкер болған.

Айтпақшы, бірер айдан соң жүйе толыққанды іске қосылады. Халықты сақтандыру жүйесінің қыр-сырымен таныстыру мақсатында қор тарапынан ақпараттық-түсіндіру жұмыстары қарқынды жүргізілуде.

Ақпараттық хабарландыру жұмыстары Алматыдан басталуы да тегін емес.

«Еліміздің ең үлкен қаласы болғандықтан, халықты құлақтандыруды сақтандыру қоры Алматыдан бастағанды жөн санаған екен. Жалпы айтқанда, ел тұрғындарының түгелдей әлеуметтік медициналық сақтандыру жайлы мәлімет алу деңгейін көтеру керекпіз. Бұл арада бейресми жұмыс істейтін тұрғындардың статусын анықтау аса өзекті.

Осы ретте қорға хабарласқан әрбір тұрғынға анық-қанық ақпарат беру, туындаған сауалына толыққанды жауап беру осынау реформаны табысты жүзеге асыруға жол ашады», – деді Алматы әкімінің орынбасары Ержан Бабақұмар.

Айта кетелік, жұрттың медициналық сақтандыруға қатысты сұрақтарына тез әрі толыққанды жауап беру үшін қор басшылығы тікелей байланыс орталығын құруды жоспарлап отыр. 1406 орталығына хабарласқан тұрғындар сақтандыруға қатысты, жалпы медициналық көмек көрсету бойынша сарапшылардан нақты жауап алатын болады, сонымен бірге байланыс орталығының жанынан халықтан түскен арыз-шағымдарды қарастыратын бөлімше де ашылмақ.

Естеріңізге сала кетсек, «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ кепілдендірілген тегін медициналық көмек пен әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі шеңберінде көрсетілетін қызметтердің қаржы операторы болып табылады.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Please enter your comment!
Please enter your name here