Жастарды, жас отбасыларды баспанамен қамтамасыз еткенде ғана олар елдің саяси-экономикалық, әлеуметтік өміріне белсене араласып, ел дамуына өз үлестерін қосатын болады.
Жастарды баспанамен қамту мәселесі, әсіресе халқы жиі қоныстанған, жұрт көптеп жұмыс іздеп келетін облыстарда көкейтесті.
Еліміздегі үш ірі агломерация – Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларында жыл сайын жүздеген, мыңдаған жас үйленіп, отау құрады. Олардың барлығына бірдей баспана бұйырмасы белгілі.
Осыны ескерген Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі алдағы уақытта Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларында жастарға баспана бөлудің тиімді жоспарын әзірлеп, тәртібін белгілемек.
Бұл туралы Үкіметте есеп берген министрлік басшысы Роман Скляр өз баяндамасында егжей-тегжейлі айтып өтті.
«Жастардың көпшілігі Алматы, Нұр-Сұлтан қаласына қоныс аударып, сол жақта тұрақтап қалғанды қалайды. Үкімет өз тарапынан жұмыс істейтін жастарды пәтермен қамтудың жедел жобасын әзірледі. Алдағы екі жылда Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларында еңбек ететін жастарға арнап жылына 1 мыңға тарта жалдамалы пәтерлер салуды жоспарлап отырмыз.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сай сатып алу мақсатындағы және жалға берілетін тұрғын-үйлер салу үшін қаржыландыру көлемі жылына 20 млрд теңгеге дейін (соңғы 3 жылдың аралығында 64 млрд теңге) өсіп отыр», – дейді Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі.
Склярдың айтуынша, бұл қаржының орнымен жұмсалып, нақты мақсатқа бөлінуіне қатаң қадағалау жүргізіледі.
Биыл және алдағы екі жылда жұмысшы жастарға арналған 3 мыңнан аса пәтер жалға беріледі. Нақтылап айтар болсақ, Шымкент қаласында 900 пәтер, ал Алматы және Нұр-Сұлтан қалаларында 1050 пәтер жастар жалдап тұруға қолайлы бағада тапсырылатын болады.
«Өздеріңіз білетіндей, «Нұрлы жер» бағдарламасына өзгертулер енгізудеміз. Қаржыландыру көлемі жыл сайын өсіп келеді. Жастарға арналған жалдамалы пәтерлер әділ бөлінеді. Бұл іспен Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі жанындағы жастар саясаты жөніндегі уәкілетті орган айналысады. Жақында осы орган пәтер бөлудің шарттары мен тәртібін жариялайтын болады», – деді өз сөзінде Роман Скляр.