Нұрлыбай Наурызбаев: «Jasа жастар жобасы қоғамға қызмет етеді»

0
1449

Биылғы жыл елімізде «Жастар жылы» болып белгіленгенін білесіздер. Бұл биыл жастарға,  жастардың мәселесіне басымдық беріледі деген сөз. Ал осы бағытта не атқарылып жатыр, жастардың талап-тілегі ескерілетін қандай бастамаларға куә боламыз?

Соның бірі – JasA жобасы. Ақпарат пен қоғамдық даму министрлігін және «Жас қызметкерлер қауымдастығының» ұйытқы болуымен қолға алынған осынау бағдарламаның көздегені – жастардың жеке бастамаларын қолдау.

Күні кеше жобаның жоспары жасалып, алдағы атқарар істер межеленді.

Осыған орай «Қала мен Дала» тілшісі «Жас қызметкерлер қауымдастығының» жетекшісі Нұрлыбай НАУРЫЗБАЕВПЕН тілдесіп, жоба туралы ой-пікірін білді.

– Жастардың JasA жобасына қызығушылығы қандай? Сіздерге жастардың тарапынан қандай өтініш-тілектер келіп түсіп жатыр?

– Жобаның бағыт-бағдарын барынша насихаттап, бұған жастарды тарту үшін үлкен жұмыс атқардық. Мақсатымыз жастардың бастамашылдық қабілетті жетілдіру, айналып келгенде тұлға ретінде қалыптасудың бірден-бір жолы қоғамдық іске белсене қатысу ғой. JasA жобасы осыны көздейді.

Әзіргі күнге дейін қоржынымызға жалпы саны 1200-ге тарта өтініш келіп түсті. Әр өтініштік асықпай сараптай, електен өткіземіз. Бұл өте жауапты жұмыс. Себебі, әр өтініштің артында ең аз дегенде 2 адам тұр, тіпті 10 адамнан құралған жастар тобы да тұруы мүмкін. Орта есеппен айтқанда JasA жобасы жалпы саны 3000-ға жақын белсенді жастарды қамтығаны анық.

– JasA жобасы жастардың бастамаларын қолдайды екен. Бұл бастамалардың бағыт-бағдары қандай, нақтылап өтсеңіз?

– JasA бірінші кезекте жастардың урбанистикалық жобаларын қолдайды. Айталық өз өмір сүретін қаланың келбетін өзгертетін, экологиялық ахуалына оң септігін тигізіп, тұрғындар үшін жайлы қалаға айналдыратын креативтік жобалары болса JasA бағдарламасының көмегіне арқа сүйеуіне болады. 

– Жоба аясында жалпы саны қанша грант бөлінді?

Грант ізденімпаз жастардың шабытын шыңдап, қиялын қанат бітіретін мотивацияның бір түрі. Жоба аясында барлығы 600 белсенді жастың жобаларын қамтитын 100 шағын грант бөлінді. 

Грантты ұтып алу үшін көп еңбектену қажет. Жастармен жүздескен кезде мұны әрдайым айтып отырамыз. Осы мақсатта еліміздегі жастар ісі бағытындағы сауатын арттыру үшін 68 сарапшыға арналған «Жастар ісі мен жастар топтарың жұмысын жеңілдету» тақырыбында 4 күнге созылған семинар өткіздік.

Шараны ұйымдастыруға Жас қызметкер қауымдастығы ұйытқы болды. Тренингке жастар ісін бүге-шігесіне дейін білетін халықаралық деңгейдегі маман, Батыстағы Жастар басқармасының бапкерлер қосынының мүшесі Юлия Станкевич және еліміздегі жастар ісі саласындағы зерттеушілерді шақырдық.

4 күнге созылған тренингте көшбасшылық негіздері, ұжым аясында жұмыс істеу, жастарға арналған тренингтердің қалай өткізілетіні және осы төңіректегі өзге мәселелер жан-жақты баяндалды.

– Урбанистикалық жобалардың үлгілері қандай болуы мүмкін? Осы туралы да тарқатып айтып берсеңіз.

– Кез-келген жас азаматтың өзі өмір сүретін қаланы көріктендірсем, келбетіне сән кіргізсем деген арманы бар. Міне, JasA жобасы осы арманды жүзеге асыруға жолбасшы, демеуші болады. Айталық, креативтік идеясы асып-тасыған жас азаматтың өзі тұратын үйдің ауласын, саябақтарды, көшелерді өзгертуге деген ұмтылысы болуы мүмкін. JasA жобасы аясында ол осы бағыттағы жобасын назарға ұсынып, грант ұтып алу мүмкіндігіне ие болады. Идеяны қағазға түсіргеннен кейін ол іріктеу комиссиясының елегінен өтеді. Үздік дегендерге грант беріледі. Нақтылап айтар болсам бір гранттың көлемі 610 мың теңгенің көлемінде. Идеясын жүзеге асырғысы келетін жастар үшін бұл қомақты қаражат.

JasA жобасының осы күнге дейін жобалардан, бағдарламалардан қандай айырмашылығы бар?

– Бұл жай ғана жоба емес, өзіндік көзқарасы, идеясы бар жастарды біріктірген біртұтас бағдарлама. Ал бағдарламаның нәтижесі болауы қажет. JasA жобасынан нақты нәтиже күтеміз. Жастардың бойындағы креативтіліктің нәтижесінде қалаларымызда жаңа инфрақұрылымдық жобалар әзірленеді, әрі қолданысқа енеді.

Айталық, көптеген елді-мекендерде балалар ойнайтын алаңдар тапшы. Жобаға қатысқан жастар осы олқылықтың орнын толтыруға тырысады. Түптеп келгенде, JasA жобасы – халыққа, қоғамға қызмет ететін бағдарлама.

Жастар ортаны өзгерткісі келсе, заманауи идеяларын JasA жобасының көмегімен жүзеге асыруға мүмкіндік алады.

JasA жобасына Үкімет тарапынан ерекше көңіл бөлініп отыр. Осы мақсатқа 100 млн теңге бөлінген болатын. Бұл қаржы бұдан бөлек жастардың білім деңгейін көтеруге, екіншіден аймақтық деңгейдегі жастар қауымдастығының жұмысын жүрдектетуге бағытталады. Жобаға қатысқығы келетін жастар қауымы бұған қатысты толық мәліметті jashome.org сайтынан алуына болады.

Әңгімелескен, Аяулым ШАЙМАРДАН

«ҚАЛА МЕН ДАЛА» АНЫҚТАМАСЫ:

JasA жобасына 14-29 жас аралығындағы жастар, оның ішінде өңірлік деңгейдегі еріктілер ұйымдары, шығармашылық ұжым құрған жастардың тобы, жастар ісін жетік білетін жас қызметкерлер қатыса алады.

Жобаның толық атауы:  «Қоғамдық ортаны сапаландыруға (урбанистика) әрі жергілікті қоғамдастықтарды (қалалар, аудандар және ауылдар деңгейі) дамытуға негізделген Жастардың бастамаларын қолдау жөніндегі жобаны іске асыру».

Осы арқылы мемлекет жастардың азаматтық әрі әлеуметтік белсенділігін көтеруді көздейді. Жоба аясындағы тәжірибелік тренингтер негізінде жастар әлеуметтік маңызы бар идеяларды қоғамдық өмірге қалай кіріктіруге боларын оқып біледі.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Please enter your comment!
Please enter your name here