Ұлттық компаниялар «Жастар жылына» қандай үлес қосады?

0
1121

Еліміздегі әлеуметтік мәселе аса өзекті тақырыптардың бірі. «Жастар жылы» жариялана салысымен, жастарды жұмыспен қамту мәселесі төтесінен қойылып, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Жастар жылына» ұлттық компаниялардың атсалысуы қажет екенін қадап айтқан. 

Мемлекет басшысының тапсырмасына алғашқылардың бірі боп құлақ түрген «Қазтрансойл» биылғы жастар жылына орай бірқатар әлеуметтік жобаны жүзеге асырыпты.

Соның нәтижесінде Жаңаөзен қаласының студенттері компанияда іс-тәжірибеден өтуде.

Дәл қазір техникалық бағытта білім алатын жаңаөзендік студенттер мен колледж оқушылары алпауыт компанияның өндірістік нысандарын аралап, тәжірибелерін шыңдауда.

Алғашқылардың бірі болып компанияға Жаңаөзенде орналасқан О.Тұрмағанбетов атындағы техникалық колледждің 10 студенті келді. Қазіргі таңда олар компанияның негізгі мұнай айдау стансысында өндірістік тәжірибеден өтіп жатыр.

Осы арқылы «Жастар жылына» қолдау танытқан компания тәжірибеден өткізуге негізінен, көпбалалы отбасылардың балаларын шақырған екен.

Білім, білігін шыңдауға мүмкіндік алған балалар үйлеріне құралақан қайтпайды. Тәжірибеден өтуден бөлек, университет студенттеріне 120 мың, ал колледж тәлімгерлеріне 80 мың теңгеден шәкіртақы төленетін болады.

Айталық, көпбалалы отбасыдан шыққан 3-курс студенті Самат Нұрғазыұлы үшін биылғы жаз табысты болғалы тұр.

Самат қазіргі күні қаладағы Маңғыстау мұнай құбыры департаментіне қарайтын «Өзен» мұнай айдау стансысында айлығы төленетін өндірістік іс-тәжірибеден өтуде.

– Әрине, айлығы төленетіні бізге қосымша стимул. Алайда ең бастысы, тәжірибе. Жетекшімізбен бірге мұнай құбырларына арналған қуат сұлбаларын көзімізбен көрдік, саламызға қатысты құрылғыларды басқаруды үйрендік, бұдан артық не керек? Тәжірибемді толыстырсам, ертеңгі күні мықты маман болып шығарым анық. Бұл жас азамат ретінде маған үлкен көмек, – дейді ол.

Тәжірибе негізінде білім, білігін шыңдайтын жастарға арнап саланы бүге-шігесіне дейін білетін арнайы тәлімгерлер бекітілген. Олардың жастардың жұмыс күнін бақылау, белгілі бір құрылғының жұмысын қаншалықты игергеніне баға береді.

«Өзен – Атырау – Самары» мұнай құбыры арқылы өтетін ауқымды мұндай тасымалдау үрдісімен танысу студенттер үшін үлкен мүмкіндік. Жаңа технологиялармен таныса отыра шеберлігін шыңдайды. Ертең үлкен өмірге араласып, жұмысқа тұрғанда жеңіл болады.

Тәжірибеден өтуге келген студенттер сұйық қойма паркін аралады, сорап стансыларын, мұнай игеруге қажетті энергожабдықтарды, мұнайды қыздыратын заманауи пештерді көзімен көріп қана қоймай, олардың жұмысымен жете танысуға мүмкіндік алды», – дейді бұл ретте «Өзен» бас мұнай айдау стансысының бастығы Ерболат Бешімов.

Қауіпсіздік мәселесіне келгенде тәжірибеден өтетін тәлімгерлер компанияға келмей тұрып барлығы 10 сағаттық курстан өткен. Олар түскі тамақпен және арнайы өндірістік киім-кешекпен қамтамасыз етілген.

«Жастардың үйренуге деген ынтасы жоғары. Барлық іске қызығушылықпен қарайды. Талпыныстары болса заманауи құрылғыларды тез-ақ игереді», – дейді «Қазтрансойл» мамандары.

Айта кетелік, осынау әлеуметтік жоба алдағы 5 жылға жоспарланған. Осы 5 жылдың көлемінде Қазақстанның 12 аймағынан барлығы 450-ге жуық студент өндірістік іс-тәжірибеден өтпек.

Бір ғана Маңғыстау облысында осы жазда 70-ке тарта тәлімгер жалақысы төленетін практикадан өтеді.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Please enter your comment!
Please enter your name here