Асхат Аймағамбетов: «Алдағы 6 жылда білім саласын жаңа деңгейге көтереміз»

0
2579

Әңгіменің әлқиссасын Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовті қабылдауынан басталық.

Кездесуде Тоқаев министрліктің қазіргі және ертеңгі жасалар жұмыстарын қазбалап сұрап, білім мен ғылымға қатысты бағдарламалардың бел ортадан үзіліп, аяқсыз қалмауын нықтап тапсырды.

Қызметіне кеше ғана тағайындалған Асхат Аймағамбетов білім саласын басыбүтін жаңғыртып, кешенді дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған жобасымен таныстырып, оны қалай орындайтынын баян етті.

Жоба әлі мақұлданған жоқ. Дегенмен жақында бекітіліп, біртұтас бағдарламаға айналмақ. Үкіметбасы Асқар Мамин өз кезегінде жобаның жыл соңына дейін қабылданарына уәде еткен.

Аймағамбетовті алдына шақырған Тоқаев елдегі білім саласының сапасы көңіл көншітпейтінін жасырған жоқ. Оның айтуынша, отыз жыл өтсе де қала мен ауыл мектептерінің арасындағы білім сапасының алшақтығы айқын білінеді. Ауыл мектептерінің материалдық-техникалық базасы сын көтермейді.

Мұғалім мәртебесі

Тоқаевтың кабинетінен шыға сала су жаңа Білім және ғылым министрі Мемлекет басшысы айтқан ескертпелерді ескеріп, сөзден іске көшкен сыңайлы. Соның бірі – «Мұғалім мәртебесі туралы» заң.

Бұл заңды халық қалаулыларына қабылдатуды Аймағамбетов мырза оқу жылы басталғанша шешімін табуы тиіс басты мәселе деп атады.

 «Мұғалім мәртебесі туралы» заңды күзеп, түзеп, ұстаздар қауымының қалауынан шығатындай деңгейде әзірлеп жатқан жайымыз бар. Бұл заңды бір жыл бойына пісірдік, талқыладық, таразыладық, артық-кемшін тұсын екшедік. Ештеңе ескерусіз қалған жоқ. Ендігі жерде сабақ басталғанға дейін бұл заңды алып Мәжіліске кіреміз. Әзірге ауыз толтырып айтар дүние аз, нақты шешім шықсын, сол кезде толық мәлімет береміз», – деді ол.

Аймағамбетовті қабылдаған Қазақстан Президенті ұстаздардың абырой-беделін көтеретін заңды жыл аяғына жеткізбей қабылдауды тапсырған-тұғын.

Тоқаевтың айтуынша, мұғалімдер аталған заңның жемісін жеп, қызығын көріп, игілігін сезінуі тиіс.

ҰБТ: қосымша грант кімге бұйырады?

Айтпақшы, оқуға түсе алмаған түлектер үшін қосымша грант бөлінетін болды. Мұны да Аймағамбетов айтып отыр. Ведомство басшысы осы мақсатта қосымша 5 мың грант таратылады деп мәлімдеді.

Алайда грантты алудың өз ережесі бар. Гранттар тек 2 санатқа жататын түлектерге беріледі.

«Бұлар көпбалалы отбасыдан шыққан жастар және мемлекеттен атаулы көмек алатын жастар. Олар бастапқыда жалпы конкурста бақ сынай алады. Биылғы жылы оған 53 мың грант бөлгенбіз. Бұл гранттар тестілеуден жоғары балл алған түлектерге таратылады. Бұдан өте алмаған жағдайда алдағы айдың басында жергілікті жердегі атқарушы органдарға барып, өтініш бере алады. Барсын, білсін. Талаптарымен таныссын. Қосымша гранттардың ақшасын әкімдіктерге толығымен жіберіп қойдық», – дейді Аймағамбетов.

Көпбалалы отбасыдан шыққан не болмаса мемлекеттен жәрдемақы алатын түлектер әкімдікке барып құжат тапсыруы қажет. Бұдан соң Ұлттық бірыңғай тестілеудің куәлігін өткізуге тиісті.

Айтпақшы, ескерте кетелік қосымша грантқа таласатын үміткерлерді іріктегенде ұпай саны есепке алынатын болады.

«Айталық, педагогикаға түсетіндерге қосымша 100 грант бөлінеді делік. Бұған ел көлемінде 200 түлек таласса, гранттың 100 иегерін ҰБТ-ның қорытындысы бойынша анықтаймыз»», – деп атап өтті Аймағамбетов.

53 мың грантқа таласатын түлектер шілденің 21-і мен 31-і аралығында конкурсқа қатысып, бағын сынайтын болады. Грантқа іліге алмаған көпбалалы отбасыдан шыққан немесе мемлекеттен атаулы әлеуметтік көмек алатын түлектер қосымша бөлінген 5 мың грантты алу үшін білімі мен білігін тағы бір рет сынауға мүмкіндік алмақ. 5-інші және 10-ыншы тамыз аралығында қосымша гранттан үмітті түлектер жергілікті әкімдікке өтініш беруі қажет. 

Қосымша гранттың негізгі гранттан еш айырмашылығы жоқ. Қосымша гранттың иегерлері де 20 мың теңгенің көлемінде стипендия алады. Бұдан бөлек, демалыс алған кезінде екі рет жол жүру ақысын мемлекет төлеп береді.

«Болашақ» бағдарламасы «қызығын» кімдер көріп жүр?

Үкіметтің кеңейтілген отырысында Тоқаев «Болашақ» бағдарламасының кейбір олқылықтарын жіпке тізіп, орынды сын айтқан.

Мемлекет басшысы билік басындағы білдей министрлер мен вице-министрлердің «Болашақ» бағдарламасының «қызығын» көріп жатқанына шағымданған еді. Тоқаев бұл ретте білім және ғылым, ұлттық экономика министрлігін мысалға келтірген-тұғын.

«Министрдің орынбасары білім қуам деп, «Болашақ» бағдарламасы бойынша оқу үшін қызметтен сұраусыз кете салады екен. Жарайды, бойында жалыны бар жас болса бір жөн, арасында жасамыстары бар. 45 жастан кейін де оқуға түскендер болған. Бұл абсурд қой! Жұмыстан бос уақытта оқисың ба, басқа іспен айналысасың ба, ол жағы өз еркің. Шетелде оқығың келе ме, ендеше өз қаражатыңды жұмса. Бұл іске мемлекет қаржысы жұмсалмауы керек», – деген еді Мемлекет басшысы.

Тоқаевтың сынынан кейін  Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов бағдарламаның бастан-аяқ өзгертетінін мәлімдеді.

«Болашақтың» мемлекет үшін пайдалы, тиімді бағдарлама болғанын білесіздер. Қазір елге қызмет етіп жүрген талай талант осы бағдарлама бойынша білім алды. Дегенмен дәл қазір «Болашақтың» кем-кетігін түзеу керек. Президент бізге нақты тапсырма берді. Айтылған сыннан сабақ аламыз», – деді Білім және ғылым министрі.

Аймағамбетовтың айтуынша, «Болашақ» бағдарламасы бұдан былай мемлекеттік қызметкерлердің «майшелпегіне» айналмайтын болады. Мемлекеттік қызметкерлердің бағдарламаға қатысуы бойынша қатаң шектеу қойылады.

Айтмағамбетовтың айтуынша…

Елімізде мектепке 6 жасында келетін балалардың саны артып келеді. Айталық, осыдан бес жыл бұрын мектепке келетін балалардың 60 пайызы 6 жаста болса, былтыр бұл көрсеткіш 80 пайыздан асып жығылыпты.

«Ата-аналардың көпшілігі қаңқу сөзге тез сенеді. Баланы 6 жастан әкелмесе министрлік айыппұл салады деген сөз желдей есіп жүр. Бұл ақпарат түбірімен жалған», – дейді ол.

Роллан МҰҚАМЕТҚАЛИ

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Please enter your comment!
Please enter your name here