Қазіргі таңда еліміздегі діни ахуал айтарлықай тұрақтанды десек болады. Осы ретте жағдайдың қалыпқа келуіне нендей іс-шаралар әсер етті деген заңды сұрақ туындайды. Қазіргі таңда жат ағымдар кез келген мемлекет үшін қауіпті дүние екенін жұрттың бәрі біледі. Қазақстанда жұрттың жат ағымның жетегінде кетуіне діни сауатсыздық әсер еткені белгілі.

Ал қазір жағдай түбірімен өзгерген. Қазақстан діни басқармасы мен Дін істері жөніндегі мемлекеттік мекемелердің қажырлы еңбегінің арқасында жағдай біршама ретке келгені белгілі.  

Соңғы жылдары жергілікті жерлердегі діни ахуалды бақылайтын, жат ағымдардың бой көтеруіне жол бермеу үшін аудандық әкімдіктер жанынан Дін істері жөніндегі бөлім құрылып, жүйелі насихат жұмыстарын жүргізіп, еліміздегі діни алауыздыққа тосқауыл қойғанын маңызды жұмыс деп бағалауға болады.    

2018 жылы«Дін мәселелері жөніндегі ақпараттық-түсіндіру топтарының мүшелерін даярлау және қайта даярлау» жобасы қолға алынып, жер-жердегі дін саласындағы кадрларды оқыту жұмыстары қазірдің өзінде өз жемісін бере бастады.

Айталық, бұл жоба қолға алынған жылы Қарағанды, Алматы, Батыс Қазақстан, Ақмола облыстарында және Нұр-Сұлтан қаласында ақпараттық-түсіндіру топтарының мүшелеріне семинар ұйымдастырылып, білікті мамандардың шоғыры қалыптаса түсті. Ақпараттық-түсіндіріу топтары мүшелерін даярлау барысында 552 адам қайта даярлықтан өтіп, маңызды сертификатқа ие болған еді. 

Мұндай әлеуметтік маңызы зор жобаны іске асырудың арқасында халық арасында ақпараттық-түсіндіру және оңалту жұмыстарының сапасын арттырары сөзсіз. Сол себепті қазіргі таңда өңірлерде ақпараттық түсіндіру топтарының жұмыстарын ұдайы жүргізудің маңызы зор.  

Жоба аясында топ мүшелерін даярлау және біліктілігін арттыру мақсатында семинар-тренингтер, лекциялар, мақсатты оқу курстары, дін саласындағы шетелдік сарапшылардың онлайн-лекциялары ұйымдастырылады. Бұдан кейін ақпараттық түсіндіру жұмыстарымен біліктілігін шыңдаған дін мамандары елімізде діни экстремизмнің алдын алу мен елдің терроризмге қарсы иммунитетін қалыптастыруға күш салатыны айтпаса да түсінікті.

Осы жұмыстардың арқасында еліміз бойынша бірыңғай әдіснамалық және әдістемелік көзқарас қалыптасты.

Осы ретте жобаны жүзеге асыру нәтижесінде қазақстандық қоғамның рухани дамуының дәстүрлі негіздерін, Қазақстан Республикасы мемлекеттік жүйесінің зайырлы принциптерін сақтау, азаматтық бірегейлік ұстанымды ұстануға, бөтен идеологияға қарсы иммунитет қалыптастыруға, қауіп-қатерлерге тойтарыс беруге қабілетті мамандар даярлауға мүмкіндік береді.

Жоғарыдағы жайттардан жоба жұмысы ауқымды екенін байқауға болады. Мұндай маңызды жұмысты ел көлемінде іске асыру үшін білікті мамандар қажет.

Бұл бағыттағы жұмыстарды жүргізуде еліміздегі қоғамдық ұйымдар, азаматтық қоғам өкілдері, дін мамандары бел буып, білек сыбана кіріскенін айта кетуіміз керек. Жобаны ұйымдастырушылар маңызды істі сапалы жүзеге асыру үшін сырттан елімізге белгілі 40-қа жуық ғалымдар мен білікті мамандарды тартқан.

Мұнан басқа мүдделі органдармен, әсіресе, Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі, қалалар мен облыстардың дін істері басқармалары, Дін проблемаларын зерттеу орталықтары, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының облыстық филиалдары, «Әль-Фараби» атындағы Қазақ ұлттық университеті  мәдениеттану және дінтану кафедрасы, Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университеті дінтану және философия кафедралары, «Нұр-Мүбарак Египет ислам мәдениеті университеті», «Мысль» дінді қолданбалы зерттеулер орталығы, «Салауат» ағартушылық-мәдени орталығы, «Ақниет» ақпараттық-насихаттау және бейімдеу қоғамдық қоры», Нұр-Сұлтан қаласының ақпараттық-насихаттау және бейімдеу орталығы сынды ұйымдармен тізе қоса отырып іске асырған. Осындай берекелі жұмыстардың арқасында діни ахуал тұрақтанып, қарапайым адамдар арам пиғылды жат ағымдарға алданбайтын деңгейге жетіп отыр.

Жарбол КЕНТҰЛЫ

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Please enter your comment!
Please enter your name here