Жастарды кәсіпкерлікке баулу және баспанамен қамту – басты мәселе

0
3183

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың биылғы жылды «Жастар жылы» деп жариялауы көптеген жастардың арманын ұштап, қиялына қанат бітіргені анық. Жастар еліміздің ертеңі. Елдің келешегі кемел болуы үшін қазірден бастап жастардың қоғамдық-саяси өмірде өз орнын табуына барынша жағдай жасаудың маңызы зор.

«Болашақ» бағдарламасы білім алуға жол ашты

Еліміз тәуелсіздікке ие болған күннен бері мемлекет жастарға қолдау, көмегін көрсетіп келеді. Бұл ретте ойымызға Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тікелей бастамасымен іске асқан, қазақ жастарының дамыған елдердің жетекші оқу орындарында білім алуына мүмкіндік туғызатын «Болашақ» бағдарламасы оралатыны анық.

Бұл жобаны Тәуелсіздік жылдары сәтті іске асқан маңызды бағдарлама десек артық айтқандық болмас еді. Қазіргі таңда мыңдаған жас шетелде білім алып, қазір ортақ Отанымыз Қазақстанды дамытуға өз үлесін қосып жатыр. Бұдан кейінгі жылдары «Дипломмен ауылға!» бағдарламасы да ауыл жастарына көрсетілген маңызды қолдау болғаны сөзсіз. Сонымен қатар жастардың кадрлық резерві сынды маңызды жобалары да қарапайым отбасынан шыққан ауыл жастарының өз мүмкіндіктерін барынша көрсетуге кеңінен жол ашқаны белгілі.

Ал соңғы кезде қабылданған бағдарламалар жастардың әлеуметтік мәселелерін шешуге бағытталғанын анық. Біздің пайымдауымызша, Жастар жылы аясында еліміздің әр аймағындағы жастарға көрсетілетін қолдаулар бір сәтке де толастамауы керек.  

Елбасы жастар қамқоршысы

Өмір заңын алып қарайтын болсақ, адамның өмір сүруі мен дамуына білім, жұмыс және баспана сөзсіз әсер ететіні белгілі. Өз кезегінде Елбасы дәл осы негізгі факторларға ерекше назар аударып, олардың өзектілігіне тоқталған болатын.

Жастар жылы аясында еліміздің үш ірі қаласында жұмыс істейтін жастарды жылына мыңға жуық пәтермен қамту, жастар бизнесін қолдауды 20 мың грантқа көтеру, Жастар стартаптарын қолдау Қорын құру, студент- волонтерлердің шәкіртақысын көтеру, жас ғалымдардың жобаларын қаржыландыру, студенттік құрылыс қозғалыстарын дамыту, сонымен қатар жас отбасыларға қолдау көрсету – бұл тек Жастар жылында ғана емес, одан кейінгі жылдары да тиімді шаралар қабылдауды талап ететін басты мәселелер болып қала беретінін қадап тұрып айтқан болатын.      

Бүгінде қазақ жастары креативті идеялар мен өнертапқыштық ұсыныстар, батыл дәлелдерімен көпшіліктің назарын өзіне аударып келе жатқаны белгілі. Осы ретте ел жастары еліміздің мәдени, рухани, ғылыми дамуының көшбасында келеді деп нық сеніммен айтуға болады.

Студенттік жатақхана өзекті мәселе

Бүгінде еліміздегі жоғары оқу орындары арасында жатақхана жетіспеуі күн тәртібінде тұрғаны жасырын емес. Иә, бұл бағыттағы жұмыстар бір ғана жылдың ішінде шешіле салмайтын мәселе екенін түсінеміз. Ең бастысы, бұл іске қозғау салынғанын айта кетуіміз керек. Бұл да мемлекеттің жастарға жасап отырған қамқорлығы десек болады.

Өз кезегінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Бес бастама» жобасы аясында студенттерді жатақханамен қамтамасыз етуге тоқталып, бұл істің мемлекеттің маңызды міндеті екенін айтты.

Осы бастаманың нәтижесінде Алматы, Нұр-Сұлтан, Шымкент, Қарағанды, Атырау сынды ірі қалаларда студенттік жатақханалар бой көтеріп, алғашқылары пайдалануға берілді.

Жыл сайын жаңа оқу жылы кезінде шарқ ұрып, жатақхана іздеп кететін жастар көп. Шәкіртақысы баспана жалдап тұруға жетпесе де, бірлесіп күнелтіп тұруға мәжбүр болып келді. Осыны ескерген Елбасы 2020 жылға дейін 75 мың орын болатын жатақхана салуға тапсырма берген еді. Әрине, бұл мәселені төрт жылда шешу оңай емес. Бүгінде қалаға ауылдан келіп  білім алатын жастар саны 41 пайызды құрап отыр. Осы жайттан-ақ елімізде студенттерге арнап жатақхана салу мәселесі өзінің өзектілігін әлі жоймағанын байқауға болады.

Бизнес және жастар – басты бағдар

Қазіргі таңда жастарды бизнеске баулу да еліміз үшін маңызды мәселелердің бірі десек артық айтқандық болмас еді.

Тұңғыш Президентіміз, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Жастар жылының ашылу рәсімінде еліміздегі жас кәсіпкерлерге мемлекет тарапынан берілген мүмкіндіктер мен көрсетіліп жатқан көмектің нәтижесінде ірі бастамалардың сәтті жүзеге асқандығын айтты.

Сол кезде Елбасы «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының тәжірибесі туралы айтып, «Жас кәсіпкер» бағдарламасын әзірлеуді тапсырған болатын. Бұл бағдарламаны шағын несие берудің және оқыту ісінің оң тәжірибесі негізінде құру қажеттігін де баса айтты.

Тіпті жоба аясында жыл сайын білім алатын жұмыссыз жастар мен өзін-өзі жұмыспен қамтығандар санын 100 мыңға дейін жеткізу межесін белгілеп берді. Қазіргі таңда бұл бағыттағы жұмыстар жер-жерде табысты іске асып жатыр.

Елімізде жастардың кәсіпкерлігін дамытатын барлық мүмкіндіктер бар. Сөзіміз дәлелді болуы үшін айта кетуіміз керек, бір ғана «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының «Бастау» жобасы аясында ауылдар мен шағын қалаларда 43 мың тұрғын кәсіпкерліктің қыр-сырын меңгеріп шыққан болатын. «Бастау» кәсіпкерлік негіздерін оқыту жобасы мемлекеттік бағдарламаға енбес бұрын, 2016 жылы екі Маңғыстау мен Ақтөбе облыстарында іске асып, оң нәтиже көрсеткен еді.

Қазіргі таңда жастарды кәсіпкерлік салаға баулуда жекелеген компаниялар, қоғамдық ұйымдар және жергілікті билік орындары да бар күш-жігерін жұмсап еңбек етіп келеді.

Жастарды баспанамен қамту мен кәсіпкерлік саланың қыр-сырын үйрету мемлекетіміз үшін стратегиялық міндетке айналуы керек деп есептейміз. Алдағы уақытта осы екі сала «Болашақ» бағдарламасы секілді нәтижелі болып, ел дамуына серпіліс беруі керек. Сондықтан бұл бағыттағы жұмыстар Жастар жылымен шектелмей, алдағы уақытта да өз жалғасын табуы тиіс. 

Айнұр ЖҰМАХАН

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Please enter your comment!
Please enter your name here