Жақұт жан

0
2516

Әрбір адамға анадан ыстық, анадан артық, анадан жақын кім бар дейсіз бұл өмірде. Жер-ана, табиғат-ана деген ұғымдардың өзі ана құдіретінің шексіздігін, мәңгі жасампаздығын аңғартады. Жұмыр жердің бетінде ғажайып көп қой, солардың бірі ана, ана мәңгі үзілмей жалғасып келе жатқан тіршіліктің тірегі. Әрі өмірдің сабақтастығын өрге сүйрейтін де ана. «Жұмақтың кiлтi ананың аяғының астында» деген жалғыз ауыз сөздiң өзi, қазақы болмыспен астасып, қазақтың жан дүниесін адақтағандай. Сонау ілкі заманнан берi қазақта ел Анасына айналған тұлғалар әсте толастаған емес, Ұмай ана, Тұмар ханым, Домалақ ана, тіпті  әйел атымен аталатын ру-тайпалар да бар.

Мемлекет арқауы, ұлттық болмыстың өзегі отбасы екені белгілі. Отбасының өзегі әйел екені табиғи заңдылық, өмірге ұрпақ әкелу, үй ұстау, ошақтың берекесін арттыру ананың қолында. Қандай қоғам болмасын, отбасының көбеюі,  бала тәрбиесі әйелге тәуелді, ал сол үйдің шырайын келтіріп, отбасының құтын сақтайтын да ана.

Әрине, ана алдымен, отбасының ұйытқысы, ұйымдастырушысы. Отбасында қалыптасқан құндылықтар ұлттық танымдыққа ұласатынын ескерсек, қазақы болмыстың үзілмейтін сабақтастығын жалғастырушы.

Әлемдегі бар жақсылық ананың ақ сүтінен, ақ тілеуінен, ыстық ықыласынан, риясыз қамқорлығынан бастау алатындығы белгілі. Жазушы Ғабит Мүсіреповтің ана туралы «Сенің іздейтінің бір-ақ жан. Ол – ана. Ол саған бәрінен қымбат. Сондықтан сен бір-ақ жанды білесің. Ол – Ана» деген сөзі жүректі тебірентеді. Жарық дүниеге әкелгеннен кейін де, перзентіне аналық сүйіспеншілігімен жылу сыйлайтын да – ана.

Елуді еңсерсем де, мен бәрібір анам үшін әлі перзентпін. Анам бар болғандықтан, ұядағы балапан іспетті өзімді әлі де баладай сезінемін. Мен үшін жаныма жақын, жүрегіме жылы ұя – ана құшағы. Анамды сыйлаймын да, құрметтеймін де, әрине, еркелеймін де. Бұл жалғанда баланың еркелігін көтеретін анадан асқан жан бар ма? Анамның бар болғанына Аллаһқа мың шүкіршілік айтамын.

Ана туралы сыр шертіп, ойыңды түгесу мүмкін емес. Қаламгер болмасам да, маған өмір сыйлаған анама алғысымды білдіре отырып, қысқа да болса өз ойымды жеткізгім келеді. Бұл мақаламды жеке бастың қамын ойлап жазып отырған жоқпын. Ананың жақсы қасиеттерін қастерлеп, қадірін елге жеткізу қалақтай басымның парызы деп ойлаймын. Жарық дүниеге келген әр адамның жан дүниесі ананың құрсағынан бастау алып, ана ағзасынан нәрленіп, жүрегінің жылуынан қуат алмай ма?!

Ардақты анамның тілеуі шексіз, істеген ісі, сөйлеген сөзі, елжіреген көзқарасы анамның ақ тілеуін айғақтап тұрғандай. Сәби кезімде, әжемнің көзін ала бере құшырлана сүйетіні, еркелігіме ренжімейтіні, сабағымды жақсы оқығаныма қуанышы бәрі есімде, әлі көз алдыма елестейді.

Анамыздың мейірімді құшағы, жылы сөздері, шынында, біз үшін рухани азық еді. Бір отбасында он бала өсіріп, оған қосымша балабақшадағы 140-тан астам сәбилері бар, барлығының тәрбиесіне мән беретін.

Бала жанының бағбаны болу ерлік дер едім.«Ұстаз болу – жүректің батырлығы» деп Абай атамыз айтқандай, жүрегінің өлшеусіз мейірімі болар, ұрпақтары бүгінгі таңда мәуелі жемістей көз қуанышына айналды. Өлшеусіз еңбектің жемісі деген осы да.   

«Күнде шықты ата-анадай елжіреп» деп дана Абай жырлағандай, анамның жарқын жүзін көріп, жүрегім елжіреп кетеді. Адам көңілі әрдайым ыстық ықыласқа, жылылыққа ұмтылады емес пе, ананың мейіріміне шөліркеу де содан болар. Анамды сағынғанда балалық шағым еске түседі, ауылға қара шаңыраққа асығатыным бар.

Ауылға келгенде жылы шыраймен есік алдынан күтіп алатын анамның әдеті жанымды тебірентеді. Сексеннің сеңгіріне жақындаса да, сол баяғы әдеппен алдымнан шығып, құмарлана маңдайымнан иіскейді. Ардақты анамның осы әдебі ғасырлар бойы ұрпақтан-ұрпаққа жалғасқан қазақы мейірімнің алтын арқауы іспетті. Анамның осы ізеттілігі, бақилық өмірге аттанған асыл әжемнің алтын бейнесін көзіме елестетеді.

Анамның ағайын ортасында, туған-туыс арасында алтын көпір болғаны, ағайынның арасы алшақтап кетпесін деп бәйектеп жүргені. Әжемнің өнегесі, ана сүтімен дарыған қасиет болар, ағайын-туыстың жақсылығына қуанып, қолғабысын аямайтын, тұрмысы нашар туысқа жәрдем беріп, аяқтанып кетуіне бар көмегін көрсететін. Ізеттілікпен үлкеніне басулық айтса, кішісіне «ағаны сыйлаған арымас» деп ақылын айтып, сыйластық желісіне сызат түсірмеуге ұмтылатын.

Біздің отбасымыз қарапайым қалыпты тірлікпен өмір сүрді, әкем – мұғалім, анам – балабақша қызметкері, асып бара жатқан байлық та жоқ. Дегенмен, тіршілікке деген икемдері және ерінбейтін еңбексүйгіштік қабілеттерімен қазақы қонақжайлылыққа тән дастарқан әрдайым жайнап тұратын.

Анам өзіне тән кішіпейілділігіне, ізеттілігіне орай кеңшар адамдарымен, көршілермен өте жақсы араласты. Адамдармен жақсы қарым-қатынаста болғандықтан, әкемді аудан деңгейінде өнер адамы ретінде құрметтесе, анамды кеңшар (совхоз) мамандары мен қызметкерлері жақсы сыйлайтын. Қызметкерлер мен жұмыскерлердің балалары кеңшардағы жаңа үлгіде салынған, ғимараты әсем балабақшаға баратын. Осы балабақшаның іргесін өзі қалаған анам, балаларға деген мейірімділігімен, қамқорлығымен, ата-аналарға деген кішіпейілділігімен елге сыйлы болды.

Ақын адамның жұбайы болу әркімге бұйыра бермейтін сынақ. Анамның әйелге тән инабаттылығы болар, жеке басының қамынан отағасының абыройын биік қойды. Жан тыныштығынан ағайынның қамын жоғары қойды. Бұл менің анама тән мәрттік, даналық қасиеттері. Әкем қонақты күндіз де, түнде де алып келетін. Сонда анамның қабақ шытқанын байқамаппын. Баспасөзде жаңадан жарық көрген шығармаларын немесе жаңадан шыққан кітаптарын талқылауға қаламгерлер жинала қалса, бұл отырыстың арты қызу пікірталасқа ұласатын.

Біздің үйден аудан, облыс шеңберіндегі қаламгерлерден басқа, республикаға аттары мәлім атақты ақындар, жазушылар, әртістер қонақ болып, әжемнің батасын тыңдап, анамның қолынан дәм татты. Халық әртісі Дәнеш Рақышев ағамыз, біздің үйдің арнайы қонағы болатын, туыстығы да жақын еді. Дәнеш аға Панфилов ауданына концерттік сапармен келсе де, Белжайлауға демалуға келсе де, әжеме сәлем беріп, сыбағасынан ауыз тиетін. Адуынды ақын Өтежан Нұрғалиев, Рахметолла Нұрпейісов, Қасенхан Талғаров пен Жұматай Жақыпбаев, ауызша тарихтың атасы Ақселеу Сейдімбеков, профессор Қойшығара Салғарин, көсемсөзші Сабыржан Шүкіров, әйгілі әнші Нұрғали Нүсіпжанов, белгілі композиторлар Әсет Бейсеуов пен Ескендір Хасанғалиев, қаламгер Ақкөл Отарбаев, академик Әнуар Байжұманов пен Бескемпір Сейдалиев, қоғам қайраткерлері Қуаныш Сұлтанов, Рамазан Сарпеков және Оразкүл Асанова біздің үйде қонақ болып, анамыздың қолынан дәм татқан. Қоғам қайраткері Мырзағали Молдахметов, белгілі баспагер Ұлықман Асылов, халыққа танымал, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Бексұлтан Нұржекеев, оқырманы мол қаламгер Жүсіпбек Қорғасбек, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Байтұрсын Өмірбеков, тағы да бір топ шығармашылық адамдары ағайындық-туыстық қарым-қатынаста дастарқаннан дәм татып, анамның ықыласына бөленіп, баталарын берген жандар.

Осындай толассыз қонақтар анамның кең пейіліне біткен құт-ырыс болар. Нарыққа бет бұрғалы бері жұрттың есіл-дерті дүниеге ауды, ойлағандары – байлық. Әрине, «дүние тұрлаусыз, байлық қолдың кірі» дейміз, айтуға оңай, бірақ мағынасына үңіліп жатқан пенде аз. Бала болсақ та, көңілде қонақтаған, көкейде жатталған сол кезеңнің тынымсыз тірлігі, сол дәуірдің адамдарының жан жомарттығын, ұлттық болмыстан тамыры ажырамаған кеңпейілділігін, қайырымдылығын еске салып отырады.

Әкеміздің өнер адамдарына тән келетін тік мінезі бар, жұмыста қатал мұғалім болса, отбасында да қаталдығы басым отағасы болды. Осындай да, ағайынның арасын жақындатып, ынтымағын арттырып, әулеттің береке-құтын жарастыратын кепілдік анамның мейірімділігі, кішіпейілділігі, пейілінің кеңдігі еді.

Ана тәрбиесімен өмір жолын бастап, ене тәрбиесіне сусындаған анам тіршіліктен түйгені көп, ұлттық салт-дәстүрімізге тән жөн-жоралғылардың білгірі екенін ісімен дәлелдеп келе жатқан дара да дана қасиетке ие. Әрдайым ізетінен жаңылмай, кез келген шараға орай оның мәнін ашатын сый-сияпатын әзірлеумен айналасын үнемі тәнті етіп келеді. Құдаларын құдайдай күтетін анам, әр құдаға жеке дара кәдесін сақтап, дастарқанға  ұлттық тағамнан жасалған ас мәзірін дайындайтын. Ас әзірлеуде анамның дара қолтаңбасы  астың дәмін келтіріп, ұмытыла бастаған тағамдардың замана үдесіне сай қайта жаңғыруына да ықпалын тигізгені, қазақы салт-дәстүрге сүйіспеншілігін білдірер. Дастарқан жасағандағы өзіндік қолтаңбасы және ырым-жоралғыларды заманауи сипатта қолдану, қазақы дәстүрдің көркеюіне қосқан үлес дер едім.

Ата-анаға деген іңкәр ілтипатпен Әдепхан әулетінен тараған ұрпақтар жиылып, бір отаудан он шаңырақ өрбіткен ата-анамыздың жартығасырлық алтын тойын өткіздік. Алтын тойдан соң «әкемізге той жасап жатырмыз, ана сізге де арнайы той жасайық» деп, жетпіс бес жылдығына орай той ұйымдастырдық. Сонда анам,«Аллаға разымын, балаларыма рақмет, адам баласында арман таусылмайды, кейінгі ұрпақтар ұмытпасын, бөтен елде жатқан бабалардың басына құлпытас орнатқандарың жөн болар» деген ниетін білдірді.

Сонымен, арғы бетте қалған  бабамыз Жақыбай биге, атамыз Төрехан ақынға, қиын кезеңдерде құлпытас орнатылмаған әжеміз Әжібай болыс қызы Шаруан апамызға ескерткіш орнаттық. Бабалар құрметіне арналып арнайы ас беріліп, рухтарына Құран бағышталды. Қонақ келмесе көңілі құлазып тұратын, әсіресе, құдаларымен қауышуға ынтызар анамыз осылай ел-жұрттың  басын қосып, үлкен ас берудің дайындығына ерекше ықыласпен кірісті. Егделік болар, құдаларын күтіп алған соң, ас беретін күні он екі құрсақ көтерген анамның денсаулығы сыр берді. Ауруханада жатып, ас мәзірінің өткеніне алаңдап жатты. Осыдан соң, замана дерті сусамыр ауруы меңдеп, дүркін-дүркін қанты көтеріле берді. «Мама, балаларыңыздың қамын, ағайын-туыстың татулығын ойлап, немерелеріңіз бен шөберелеріңізге деген сүйіспеншілігіңізден қаныңыз тәтті болып жатыр, бір уақыт өзіңізді ойласаңыз» десем, жымиған жылы шыраймен тағы да Астанадағы немерелерін сұрап, аруақтарға бағышталған астың жақсы өткеніне разылығын білдіріп жатты.

Анам әдепті, көргенді әрі бауырмал қайырымды. Көңіл көкжиегі, ой дариясы өте кең. Кітаптарды көп оқыған, кеудесіне ғибратты сөздерді көп тоқыған зерделі, ізгі жан. Орыс тіліне жетік, қазақ тіліне шешен, ойы жүйрік, парасаты да жоғары. Әкем өлеңдерін қағазға төте жазумен түсіреді, осы жазғандарды кириллицаға түсіріп, баспаға дайындау анамның қызметі. 

Анам барлық үй шаруасын  жалғыз өзі тындыратын: оннан астам жаны бар отбасында үй ішін жинау, кірін қолмен жуу, табаға нан пісіру, ертелі-кеш пешке от жағу да анамның мойнында, таңғы ас пен түскі асты дайындап кетсе, кешкі тамақты өзі келгенде жасайтын. Қағілез мінезіне орай, жеңіл тұрады, жеңіл жүреді, жағдай талғамайтын шаруақор адам. 

Қызбала дүниеге келгенде несібесі мол, барған жерінің берекесін арттырып, құт әкелсін деген болар, атын Ырысжан деп қойған екен. Тағдырдың жазуы, әкесі соғысқа аттанып, төрт баласын құшақтап нағашы апам қалған екен. Нағашы апам шаруаға икемді әрі ісмерлігі бар, қажырлы жан болатын. Ырыс деп қазақ адам игілігіне қажет байлықты айтады емес пе. Халық санасында мал-жанның көбеюі, атқарған ісінің берекелі болуы, еңбегінің еленуі ырыс дарыған деген ұғыммен астасып жатады.

Анамның атасы Бықыбай Суан тайпасының ежелгі руы Жәдігер елінің беделді адамы болған. «Бықыбай ашасы» аталып кеткен жайлаудың бір саласы өрісі шүйгін, малға жайлы қоныс. Еренқабырға өңірі Айдарлы ауылының ең шұрайлы жері «Көктерек»  нағашы атамның көктеуі екен. Бұл мекен суы мол, таудың етегінде орналасқан, күз және көктем уақытындағы ызғардан малға ықтасын болатын, өте жайлы қоныс.

 «Берген жомарт па, алған жомарт па» дегендей, анам айналасындағыларға көмектесуге ниеті ауып тұрады. Ағайын-туыс арасында сыйымен бірге қатарласып сәлем-сауқаты жүреді. Ал тірліктері нашар отбасына қамқорлық жасаса жаны жайланып, көңілі тыншитын. Тым құрыса, көңілін аулап, жылы сөзімен демеу беретін.

Саналы өмірінде ақынға жар болған, он екі құрсақ көтеріп, бір отаудан он шаңырақ өрбіткен, бір әулеттің берекесін ұйытып, ырысын арттырған менің анамның жан дүниесі өте кең. Жан дүниеге адамның ақыл-ойы, санасы, таным-білімі және күш-жігері жатады десек, осы қасиеттердің барлығы анамның жүрегіне ұялаған. «Жүрек басты мүше, мұны тәннің ешқандай басқа мүшесі билемейді. … Жүрек ішкі табиғи жылылықтың көзі» деген екен ғұлама әл-Фараби. Басқа мүшелерге жылылық жүректен тарайтынын ескерсек, олар жүректен нәр алып отырады.

Сұлулықты ұғынуға, әсемдікті аялауға, өнерді бағалауға, ерінбей еңбек етуге, шыдамды болып, табандылықпен іс атқаруға, адам баласына адал болуға, жан-жағына шапағатын шашып, нұрланып жүруге анам сөзбен ғана емес, өз өмір-өнегесімен тәрбие берді.

Тұла бойы сұлулыққа, ізгілікке тұнған нәзік жанды анамызға, бойында өнер бұлқынған қызуқанды әкеміздің ыстық құштарлығы қосылып, махаббаттың отын маздатып, өмірдің өрелі шыңдарын ырықтарына бағындырған ғибратты ғұмырларына шүкір деймін. Әкеміздің ақындық қуатының бұлқынып шығуы анамызға деген ғашықтықтан туындаған болар деп пайымдаймын.

Асыл жарына деген ыстық сезіміне астасқан ойлары оннан астам өлеңмен өріліп, «Ақынды сүйген қыз қандай» атты тарихи өмірбаяндық дастанмен өрнектеліпті. Әнін де, сөзін де өзі шығарған «Жайлау әні» деген өлеңінде жүректе бұлқынған сезім иірімдерін ерекше әуенмен әспеттеген. Байырғы Суан тайпасы орныққан Еренқабырға тауын мекендеген халыққа тән әуезімен ерекшеленетін осы әнді Қазақстанның еңбек қайраткері, Дәнеш ағамыздың сүйікті шәкірті Нұржан Жампейісов ініміз орындап жүр. Көпшіліктің көңіліне қонақтаған, Жаркент өңірінде жиі орындалатын  «Сағыныш сазы» деген әннің сөзі,  әкеміздің анамызға деген сезімінен туындаған өлеңдердің бірі. Міне, ғашықтық іңкәр сезімнің құдіретімен махаббат отының маздаған арналары.

Менің білуімше, Наурызға қатысты тарихта екі ұлы жазба бар, Авеста мен Фирдоусидің «Наурызнамасы». Авеста жазбасында Имма патшалығы болғанын, сол кезеңде адамзат өркениеті керемет өрлеп, соның құрметіне Жаратқаннан нұр жауған, сол нұрмен бірге жақұт тақ түскен-мыс. Жақұт – алмастан кейінгі ең бағалы асыл тас екені белгілі. Таза жақұт астеризм эффектісіне ие, яғни оған күн сәулесі түскенде тастың ортасында алтыбұрышты жұлдыз пайда болатын қасиеті бар. Ертеректе «өмiр және махаббаттар тасы» деп есептелінген жақұтты, астрология ілімінде даналық тасы деп есептейді және иесіне өтірікті айыра алатын қасиет береді деген наным бар.

Отбасындағы ұлдың кенжесі өмірге келген қызына «Жақұт» деп есім бергені кездейсоқтық емес сияқты. Күнделікті тірлікте көп нәрсеге мән берілмейтіні шындық, осындайда тосыннан қойылған ат, мүмкін Алланың қалауымен ауызға түскен болар. Өйткені Жақұт есімді немере әкем мен анамның отау көтергендеріне 55 жыл толған «жақұт той» қарсаңында өмірге келді, екіншіден, біздің әулеттегі анамнан кейінгі «алтын алқалы» ана атанған келіннің «майкөтен» қызы. Мәриямкүл әжем бастаған Төрехановтар әулетінің бартал көшін анамыз Ырысжаннан кейін жалғастырған Алуа келініміз болды.

Әкемізді сыйлау арқылы ұлдарының бойына жігерлі болуды, намысқой қасиеттерді дарытты. Бүгінгі таңда,«өнеге көрген балаға ұлағат ұялайды» дегендей, барлық балалары ел алқаған елеулі жандар. Бақыт десеңіз де, Алла берген сый десек те, анамның өнегелі өмірі – рухани байлықтың алтын өзегі. Абай ізденістеріне сүйенсек, тәні таза, жан қуаты қарымды, сезімі ерек жандар әулие қатарына жатады. Әрине, әулие деген сөз көп қырлы, дегенмен, мен анамды әулие десем артық болмас. Абыройын көздің қарашығындай сақтап, сезімін аялап, сыйластығын аямаған, ақыл-ойы мен тәжірибесін үздіксіз байытып, адамгершілігіне қылау түсірмеген, қазақы дәстүрді мүлтіксіз сақтаған адамды әулиелер сапына қоссақ жарасып тұрары анық. Жақұт сөзі анамның жан қуатын анықтаса, әулие деген сөз керемет қасиетке ие, рухани тәрбие беруші тұлға ретінде анамның болмысын адақтағандай.

Ананы құрметтеу  – әр адамның парызы. «Мен өзіңді теңдесі жоқ құдірет деп түсінем, Сендік қуат мың есе артық Жердің тарту күшінен» деп Төлеген Айбергенов жырлағандай, Ана құдіретіне бас ию әр адамның көңiл түкпiрiнде жатқан үлкен бiр iзгi ниет дер едім. Біздің ауылдың байлығы да, асылы да, мәні мен сәні де менің аяулы анам. Аяулы Ана, тұңғыш балаңыздың көңіл тебіренісін өзіңізге деген алғысы деп қабылдарсыз.

Айбын ТӨРЕХАНОВ, ауыл шаруашылығы  ғылымдарының докторы, профессор, академик.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Please enter your comment!
Please enter your name here