Еңбек және әлеуметтік қорғау министрі Мәдина Әбілқасымова Үкімет «көп балалы жанұялардың нақты неге зәру екенін әлі анықтау үстінде» деп хабарлады. Әбілқасымованың сөзінше, әзірге әрбір өңірде қанша көп балалы отбасы бар екені анықталған.

– Көпбалалы отбасылар неге мұқтаж екенін біліп барып қол ұшын созу керек. Айталық, бірінде денсаулық мәселесі, енді бірі баспанаға зәру,  қаржылық қиындықтарға тап болған отбасылар бар, – деді Әбілқасымова.

Министрдің айтуынша, күні кеше көпбалалы аналар көтерген мәселелердің көпшілігі оң шешімін табатын болады.

Иә, дәл қазір барлығын мұндай отбасыларға берілетін әлеуметтік көмектің қаншаға өсетіні қызықтырып отыр? Бұл туралы міндетті түрде хабарлаймыз. Бұл мақсатқа бөлінетін қаражат Қаржы министрлігінің есептеуінен соң жарияланады, – деді Әбілқасымова.

Мұндай көмекті тағайындарда жағдайы төмен көпбалалы және аз қамтылған отбасылар басты назарда болатынын тағы бір шегелеп өтті министр. «Табыс деңгейі жақсы болуы үшін [көпбалалы отбасыларға] әжептеуір қаржылай көмек көрсетіледі деп ойлаймын», – деді ол.

Айта кетелік, Астанадағы қайғылы жағдайдан кейін Үкіметте елдің тұрмысын жақсартпақ ниетте арнайы жұмыс тобы құрылған-тұғын.

Бұл комиссияның құрамында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі де бар.

 

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Please enter your comment!
Please enter your name here