Астанада Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымына мүше 140 елдің, халықаралық ұйымдар мен әлемдік академиялық элита өкілдерінің қатысуымен Алматы декларациясының 40 жылдығына орай «Алматыдан басталған денсаулық сақтау қызметтерімен жаппай қамтуға және тұрақты даму мақсаттарына» деген атаумен медициналық-санитариялық алғашқы көмек бойынша халықаралық конференция өтті. Айтулы шараға дүниежүзі елдерінен 1500-ге жуық білікті мамандар қатысты.

Конференцияның ашылу салтанатына және жоғары деңгейлі сессияға ҚР Премьер-министрі Бақытжан Сағынтаев қатысты.

Конференция қатысушыларының басты мақсаты – медициналық-санитариялық алғашқы көмекті одан әрі дамытуды жоғары деңгейде талқылау, медициналық-санитариялық алғашқы көмек бойынша Астана декларациясын қабылдау.

Конференцияны Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев ашып, бейнебайланыс жүйесі арқылы шара қатысушыларына өз сөзін арнады.

– Денсаулық сақтауды жақсартуға бүкіл әлемде үлес қосу медициналық қауымдастықтың маңызды игі ісіне айналды. Ол тарихи құжат (БҰҰ «Әлемдік денсаулық сақтаудың ұлы хартиясы» деп атаған Алматы декларациясы) басқа елдердің көптеген ЖОО-ларының оқулықтарына енді. 1978 жылы қол қойылған ДДСҰ Декларациясы халықаралық ұмтылыстардың көрнекті мысалына айналды. Құжатта МСАК дамытудың негізгі қағидалары атап көрсетілген. Бұл халықты санитарлық ағартуды, ана мен бала денсаулығын қорғауды, аурулардың алдын алуды, оның ішінде екпе егуді, сондай-ақ дәрі-дәрмектермен қамтамасыз етуді қамтиды. Сол уақыттан бастап бүкіл әлемде денсаулық сақтау осы басты бағыттарға сәйкес дамыды, – деді Қазақстан Президенті.

Мемлекет басшысының айтуынша, бүгінде адамзат алдында жаңа сын-тегеуріндер тұр – қоршаған ортаның нашарлауы, аз қимылдауға әкелетін өмір салты, сапасыз астан созылмалы аурулардың көбеюі. Сонымен қатар Елбасы технологиялық революция дамуының қазіргі беталыстары адамзат үшін жаңа перспективалар ашып отырғанын атап өтті.

– Бүгін Қазақстанда, әлемдегі тәрізді, цифрлық трансформация үрдістері белсене жүргізіліп жатыр, оның ішінде денсаулық сақтау саласы да қамтылған. Халықтың денсаулығын қолдауды қамтамасыз ету – ұлттың орнықты дамуы мен әл-ауқатының өсуінің негізі. Мен барлық елдердің көшбасшыларын мұны мемлекет саясатының басты басымдығы ретінде белгілеуге үндеймін. Медициналық-санитариялық алғашқы көмек туралы жаңа Астана декларациясының қабылдануы дүниежүзіндегі денсаулық сақтау жүйесін жетілдіру жолында маңызды іс болады. Бұл бағдарламалық құжаттың жаһандық деңгейде адамдардың өмір сапасын арттырып, денсаулықтарын нығайтуға септігін тигізетініне сенемін. Конференцияға белсене қатысқандарыңыз үшін алғысымды айтамын, табыс пен жемісті жұмыс тілеймін, – деді Қазақстан Президенті.

Сонымен қатар БҰҰ Бас хатшысы А.Гуттериш бейнебайланыс арқылы жаһандық конференция қатысушыларына сөзін арнады.

– Халық денсаулығы – орнықты дамудың нәтижесі мен драйвері. Денсаулық сақтау сапасы өмір сапасымен тікелей байланысты. Біздің денсаулық сақтау жүйеміз, бірінші кезекте, алдын алуға бағытталған. 40 жыл бұрын Алматы декларациясы алғашқы медициналық көмектің маңыздылығын мойындады, дегенмен де қазірдің өзінде алғашқы медициналық көмек ала алмай отырған адамдар саны көп. Мақсат айқын – адамдардың дене және психологиялық әл-ауқатын қорғап, оған ықпал ету. Осы мақсатты ұстанатыныңызға алғыс  айтамын, –деді БҰҰ Бас хатшысы.

Қазақстан Премьер-министрі Бақытжан Сағынтаев өз сөзінде Астанада жаһандық конференцияны өткізудің маңыздылығын атап өтті. 40 жыл бұрын Қазақстан жерінде Алматы декларациясы қабылданды. Бұл құжаттың маңыздылығы, адамзат тарихында тұңғыш рет адамдардың денсаулық сақтауға тең құқығын барлық мемлекеттердің ресми түрде мойындауы болды. Сонымен қатар әлемнің өзгеруін есепке алғанда, технологиялық прогресс көзқарастардың жаңаруын және жаңа сын-тегеуріндерге үн қатуды талап етеді.

– ДСҰ-ға мүше елдердің, халықаралық ұйымдар мен академиялық қауымдастықтың бірігіп күш-жігер салуының нәтижесінде медициналық-санитариялық алғашқы көмек туралы жаңа Декларация әзірленді. Оның қабылдануы кез келген елдің денсаулық сақтау жүйесінің негізі ретінде МСАК-ның дамуы үшін бағыт-бағдар болады. Жаңа Декларацияда жетілдірілген МСАК арқылы баршаның денсаулыққа қол жеткізуі үшін мемлекеттің, адамдардың, қауымдастықтардың, денсаулық сақтау жүйесі мен серіктестерінің міндеттемелері көрсетілген, – деп Бақытжан Сағынтаев, Астанадағы жаһандық Конференция көптеген сауалдарға жауап табуға мүмкіндік беретініне сенім білдірді.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Please enter your comment!
Please enter your name here