ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – Ауыл шаруашылығы министрі Өмірзақ Шөкеев Түркістан облысына жұмыс сапарымен келді. Ол алдымен Ордабасы ауданындағы «KazKioti» трактор зауытында болды. Оңтүстік Корея инженерлерінің үлгісі бойынша трактор құрастырылатын зауыттың өніміне сұраныс жоғары. Қазір осы кәсіпорыннан трактор алатын шаруаларға «ҚазАгроҚаржы» қаржылық компаниясы арқылы несие беру шаралары қолға алынуда.  Сонымен қатар Өмірзақ Шөкеев өңірдегі агроөнеркәсіптік кешенін (АӨК) дамыту бағдарламасы мен инвестициялық жобалардың іске асу барысымен де танысты.

Бұл зауыт толық күшіне енсе, жылына 6 мың трактор құрастыруға қауқарлы. Өмірзақ Шөкеев кәсіпорынның жұмысына оң баға беріп, қажет болған жағдайда мемлекет тарапынан қаржылай қолдау көрсетілетінін жеткізді. Мұндай жобалар ел экономикасына пайдалы екеніне тоқталды. Сондай-ақ Өмірзақ Шөкеев Ордабасы ауданындағы жылыжайлардың жұмысына да жоғары баға берді. Ведомство басшысына Түркістан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев ауыл шаруашылығы, соның ішінде жылыжай ісін жандандыру бағытында жұмыстар жүргізіліп жатқанын атап өтті.

Одан кейін Өмірзақ Шөкеев Арыс қаласындағы Ақдала ауылдық округіне келіп, «Жаңа Ақдала» ЖШС егістігінің алқабын аралап көрді. Бұл кәсіпорында тәулігіне жоғары сапалы томат және алма пастасы өндіріледі. 2700 гектар аумақты алып жатқан кәсіпорын 2009 жылы құрылған. Қазіргі таңда «Жаңа Ақдала» ЖШС-інде 48 адам тұрақты жұмыс істейді. Ал маусымдық кезеңдерде жұмысшылар саны 200-ге жетеді.

Өмірзақ Шөкеев Түркістан облысында ауыл шаруашылығына баса мән беріліп, елге пайдалы жобалар жүзеге асырылу керектігін айтты. Елбасы Жолдауында ауыл шаруашылығын дамытып, шетелге өнім сату міндеті жүктелгеніне тоқталды. Шаруалармен жүздесіп, мемлекет тарапынан бұл салаға қолдау жоғары екенін атап өтіп, облыс шаруаларының бастамаларына сәттілік тіледі.

Өмірзақ Шөкеев Түркістан облысына жасаған жұмыс сапары барысында өңірдегі агроөнеркәсіптік кешенін (АӨК) дамыту бағдарламасы мен инвестициялық жобалардың іске асырылу барысын талқылауға арналған семинар-кеңеске қатысты.

Жер емген шаруаларға арналған жиынға Түркістан облысының әкімі Ж.Түймебаев, Ауыл шаруашылығы министрлігінің өкілдері, аудан, қала әкімдері, ауыл әкімдері және ірі тауар өндірушілер мен кооператив төрағалары қатысқанын да айта кетуіміз керек.

Мәжілісте ведомство басшысы саланы дамытудың перспективалық бағыттарын айтып, отандық тауар өндірушілерге көрсетілетін мемлекеттік қолдау саясаты  жайына да тоқталды.

Агроөнеркәсіптік кешенін дамыту бағдарламасының орындалуы тікелей аудан және ауыл әкімдерінің міндеті екенін айтқан Ө.Шөкеев әрбір аудандағы қолданылмай жатқан егістік жерлерді қолданысқа енгізіп, суармалы жерлердің көлемін арттыру, қарқынды бау шаруашылығын дамыту және ауылшаруашылық саласына инвестиция тартуды басты назарға алуды алға тартты.

Ауыл шаруашылығы саласына мемлекет тарапынан ауқымды қолдаулар көрсетіліп, агроөнеркәсіп кешенде жақсы нәтижелерге қол жеткізілгенін айтқан облыс әкімі алдағы уақытта осы бағыттағы жұмыстар тиісті деңгейде орындалатынын жеткізді. Сонымен қатар аймақ басшысы ауылшаруашылық саласында шешілмей жатқан мәселелерді қарайтын ортақ біріккен жұмысшы органын құруды ұсынды.

Жалпы, АӨК-ні дамытудың мемлекеттік бағдарламасы Мемлекет басшысының жыл сайынғы Жолдауларында жүктелген стратегиялық міндеттерді, бірінші кезекте АӨК-дегі еңбек өнімділігін және өңделген ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспортын кем дегенде 2,5 есеге ұлғайту міндетін іске асыруға бағытталған.

Аталған бағдарламаны жүзеге асыру мақсатында ауыл шаруашылығын дамыту үшін 4 бағыт айқындалып, 2018-2025 жылдарға арналған арнайы концепция әзірленді. Атап айтқанда, аудан, қалалардың климаттық ерекшеліктеріне байланысты мамандандыру, ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерін қол жетімді несие қаржылармен қамтамасыз ету, ауыл шаруашылығы кооперативтері жүйесі мен машина-тракторлық станциялар жүйесін жетілдіру және суармалы жерлердің көлемін ұлғайту, су өткізгіштік қабілетін жақсарту іс-шараларын атқару.

Айқындалған төрт бағыттағы жұмыстарды жүйелі түрде жүзеге асырғанда 5 жыл ішінде агроөнеркәсіп кешеніндегі еңбек өнімділігі кем дегенде 2,5 есеге артып, 2025 жылдары облыстағы барлық суармалы жердің көлемі 636,24 мың га құрайтын болады.

Бұдан бөлек, егін шаруашылығында жаңадан 1570 гектарға қарқынды бау, 1000 гектарға жаңғақ егіліп, қуаттылығы сағатына 1 тонна сок шығаратын зауыт салынады. Жалпы сомасы 5,02 млрд теңгеге түрлі ауылшаруашылық техникалары алынса, тұқым өңдейтін жаңа цех орнатылады деп жоспарлануда. Ал мал шаруашылығы саласында қосымша 43,5 мың тонна сүт, 65,8 мың тонна (тірі салмақта) ет, 67 млн дана тағамдық жұмыртқа өндірілу көзделсе, экспортқа үш жылда 5,5 мың тонна ет шығарылатын болады.

Семинар-кеңесте сондай-ақ, зәкірлік кооперация негізінде етті және сүтті мал шаруашылығын дамытудың маңыздылығы атап өтілді. Өңірлік салалық бағдарламалар шеңберінде өңірде 10 жылда бордақылау алаңдарының айналасында жалпы сүтті ірі қара мал басы 150 мыңнан асатын 3000 отбасылық ферма құрылатын болады. Қой басы 300 мың басқа дейін ұлғаймақ.

Кеңес пікір алмасу және өңірдің тауар өндірушілерінің маңызды мәселелерін талқылау форматында жалғасын тапты.

Жиынды қорытындылаған Өмірзақ Шөкеев шаруаларға «жұмыс істеймін деген азаматтарға мемлекет тарапынан қолдау көрсетіледі. Министрлік тарапынан да түрлі жобаларды қаржыландыруға дайынбыз» дей келе ауыл шаруашылық өнімдерін шетелге экспорттау көрсеткішін жоғарылату керектігін айтты.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Please enter your comment!
Please enter your name here