Осы жайында егжей-тегжейлі баяндалаған ауқымды шараға “Қала мен Дала” тілшісі де қатысып қайтқан еді. 

Көктемгі әскерге шақыру науқанын қорытындылаған Қорғаныс министрлігі Бас штабы бастығының бірінші орынбасары Марат Құсайыновқа бірнеше сауал қоюға мүмкіндік алған газет тілшісі, біраз мағлұмат жинап қайтты. 

Сонымен: 

Биыл бас-аяғы 15 мың адам әскери борышын өтейді. Бұлардың ішінде 6 мың адам Қарулы Күштер сапына жіберілген, Ұлттық ұланға шамалап алғанда, 7 мың адам бағытталған, 400-ге жуық адам Төтенше жағдай министрлігінде тәжірибеден өтетін болады. Ал мемлекеттік Күзет қызметіне 100-ге жуық адам және шекара шебіне 1500 адам шақырту алыпты. 

Биылғы әскерге шақыру компаниясы несімен ерекше болды? Карантин талаптары сақталды ма? 

“Әлбетте, індеттің күш алып бара жатқаны барлығымызды алаңдатып отыр. Осы себепті әскерге шақырту алған жастардың арасында вирустың таралып кетпеуін болдырмау үшін алдын ала қамдандық. Санэпидемиологиялық шаралар барлық пункттерде жоспарлы түрде жүргізіліп отырды. Айта кету керек, болашақ сарбаздар әскери бөлімге орналасқаннан кейін міндетті түрде ПЦР тапсырып, 14 күндік карантинде болады.

Осының бәрі коронавирусты таратпау мақсатында жасалып отыр”, – дейді Марат Құсайынов. 

Болашақ сарбаздардың денсаулығында кінәрат бар ма?

Әскерге шақыру компания биылғы жылы ақпарат құралдары деңгейінде жан-жақты қамтылған. Әлемжелілерде үгіт-насихат жұмыстары жүргізілген. 

Сонымен қатар әскерге шақырушылардың туған-туыстары тарапынан туындаған сұрақтарға тәулік бойы жауап беретін жедел желі іске қосылған. 

Сөй деген Құсайынов биылғы жылы әскерге шақырылған жастардың жақындарымен кері байланыс орнатуға басты басымдық бердік дейді. Осы арқылы жергілікті әскери басқару органдары биылғы компанияның барынша ашық әрі әділ өтетінін көрсеткісі келген. 

“Қала мен Дала” тілшісі тарапынан қойылған сауалдың бірі жастар арасында ауру-сырқауға қатысты болды. 

Әскерге шақырылғандардың арасында қай ауру анағұрлым кең таралған және мұның себебі неде? 

“Иә, біз бұл мәселені терең талдадық. Жастардың арасында асқазан-ішек жолымен ауыратындар жиі кездеседі. Көз аурулары да көп. Неврологиямен байланысты сырқаттар да тіркелді. 

Мұның себебі бүгінгі ақпараттық ғасырмен байланысты. Адамдарда қимыл-қозғалыс азайып кетті, салдарынан осындай сипаттағы ауруға шалдығып жатыр. 

Қимыл-қозғалыстың аздығы, дұрыс және уақытында тамақтанбау, күні-түні ұялы телефоннан көз алмау, осының бәрі айналып келгенде, ауруға ұласып жатыр. 

Бұл ретте әлгіндей ауру түрлерін дер кезінде анықтайтын медкомиссиялардың жұмыс сапасын арттыруды мақсат етіп отырмыз”, – дейді Қорғаныс министрлігі Бас штабы бастығының бірінші орынбасары. 

Оның атап өткеніндей, әскерге шақырту алған жастар қоғамдық өмірден сырт қалмайды. Болашақ сарбаздар “Айбын” және “Жас жауынгер” әскери-патриоттық ұйымының жұмысына атсалысып, әскери өмірмен тығыз байланысты спорт клубтарының белсенді мүшелері атанады. 

Сарбаздардың білім деңгейі қандай? 

Бас штатбың ұйымдастыру жұмыстары бойынша басқармасының офицері Руслан Тапашевтың айтуына қарағанда, бұл бағыттағы жұмыс еліміздің әскери органдарында әлдеқашан жолға қойылған. 

Жастарды әскерге шақыру және одан кейінгі іріктеу кезеңінде олардың білім деңгейіне назар аударылады. 

“Жастардың білім деңгейіне сай әскери қызметтегі орнын айқындап, командаларға бөлеміз. Қазір жастардың көпшілігі арнайы бөлімдерге қызығады, соның ішінде десанттар, теңіз әскерлері секілді бөлімдерде әскери борышын өтегісі келеді”, – дейді Тапашев мырза.

Оның атап өткеніндей, мерзімді әскери қызметке шақырту алған жастың жоғары білім болса, алты айдан кейін келісімшарт бойынша әскери қызметке қабылданатын мүмкіндігі бар. 

“24 жасқа дейін жас сарбаздар жоғары әскери оқу орнына түсуге ынта танытса, біз оған кедергі келтірмейміз, керісінше бұл бастамасына қолдау білдіреміз”, – дейді ол. ӘзірлегенМадияр ЖҮНІСБАЕВ 

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Please enter your comment!
Please enter your name here