Әсет Исекешев 2016 жылдың маусымынан бастап бүгінге дейін Астана әкімі қызметін атқарды.
Мемлекет басшысының жарлығымен Әсет Исекешев ҚР Президенті Әкімшілігінің басшысы болып тағайындалды, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.
«Әсет Өрентайұлы Исекешев Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің басшысы болып тағайындалсын, Астана қаласының әкімі лауазымынан босатылсын», – делінген жарлық мәтінінде.
«Қала мен Дала» анықтамасы:
Әсет Өрентайұлы Исекешев 1971 жылы 17 тамызда Қарағанды қаласында туған.
2008 жылдың ақпанында Қазақстан Президентінің көмекшісі болып тағайындалды.
2009 жылдың мамырынан – ҚР Индустрия және сауда министрі.
2010 жылдың наурызынан – ҚР Премьер-министрінің орынбасары – ҚР Индустрия және жаңа технологиялар министрі.
2012 жылдың қаңтарынан – ҚР Индустрия және жаңа технологиялар министрі.
2012 жылдың қыркүйегінен – ҚР Премьер-министрінің орынбасары – ҚР Индустрия және жаңа технологиялар министрі.
2014 жылдың тамызынан – ҚР Инвестициялар және даму министрі.
2016 жылдың 21 маусымында Астана қаласының әкімі болып тағайындалды.
Данияр Әшімбаев, саясаттанушы:
– Әсет Исекешев әлеуметтік желімен жақсы жұмыс істеді. Қаланың тыныс-тіршілігіне қатысты проблеманы халық Исекешевке фэйсбук желісі арқылы жеткізуді әдетке айналдырды.
Әсет Исекешев желідегі ондай жазбаларды жауапсыз қалдырған жоқ. Тікелей қаланың мәселесіне қатысты болса, үнемі жауап беріп, қол астындағыларға тиісті тапсырма жүктеді.
Бұл байланыс тәсілін жақсы көргені соншалық, Әсет Исекешев халықтан әлеуметтік желі арқылы арыз қабылдайтын «Қалалық шешімдер бюросы» атты мекеме құрды.
Ол мекеме әзіргі күні әлеуметтік желіні күні-түні сүзіп, Астана тұрғындарының әкімге айтар арыз-шағымын, қалаға қатысты өзге де проблемаларды теріп, әкімдікке жеткізеді.