Біртанов біраз жайтты ашып айтты

0
1249

Күні кеше ғана Астанада Орталық коммуникациялар қызметінде  ҚР Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов журналистердің басын қосып, баспасөз мәслихатын өткізді. Өз кезегінде министр журналистердің сұрақтарына жауап беріп, жыл басынан бері атқарылған жұмыстар жайында егжей-тегжейлі айтып берді.

 

Маман тапшылығы қысқарып, айлық көбеюде

Баспасөз мәслихатында Елжан Біртанов алыс ауылдарда маман жетіспеушілігі әлі де кездесетінін, бұл мәселені шешу үшін тиісті жұмыстар қолға алынғанын мәлімдеді.

– Денсаулық сақтау саласында кадрдың жетіспеушілігі толық шешілген жоқ. Бірақ біздер жыл өткен сайын жергілікті жерлерде маман жетіспеушілігін шешу үшін түрлі қолдаулар көрсетіп жатырмыз. Үкімет басшысы тиісті тапсырма берді. Жергілікті әкімдіктер де барынша көмек көрсетуде, – дейді министр.

Оның айтуынша, жүйелі түрдегі медициналық қызметкердің айлығы туралы да айтудың маңызы зор екен.

– Қазір медициналық мекеме өз мүмкіндіктеріне қарай айлықтың деңгейін өздері белгілейді. Денсаулық сақтау мекемелері әкімшілік шығыстар мен бірқатар ұйымдардың санын қысқартты. Осының арқасында дәрігерлердің  айлығын көбейту мүмкіндігіне ие болуда. Біз мұны бақылап отырмыз, – деген министр жалпы, практикалық дәрігер, учаскелік дәрігер мен мейірбикелердің жалақысын көтеру үшін ұсыныстар енгізілгенін тілге тиек етті. «Жаңа технология енгізіп жатқан әріптестерімізге келесі жылдан бастап жалақысына қосымша төлем енгіземіз деп жоспарлап отырмыз. Айтып өткеніміздей, көп жағдайда дәрігерлерге түсетін жүктеме өте жоғары. Оған дәлел ретінде азаматтардың емханада кезекті көп күтетінін айтуға болады. Әрине, біздің стандарт бойынша әр дәрігерге тіркелген халықтың саны 1 700 адамнан аспауы керек.

Бірақ өкінішке қарай, дәрігерлердің жетіспеушілігіне байланысты қазіргі күні бұл көрсеткіш 1 950 адамнан болып тұр. Біз оны бақылауға алып отырмыз. Ай сайын мониторинг жасалады. Бір жылдың ішінде бір дәрігерге түсетін жүктеме 60 адамға азайды. Профилактикалық қызметтердің саны 23 пайызға көтерілді. Ол алғашқы медициналық көмектің қолжетімділігі жақсарып келе жатқанын көрсетеді», – деді Елжан Біртанов.

 

Менингит айналып соқпайды

Баспасөз мәслихатында Елжан Біртанов журналистердің «Көктемдегідей осы күзде тағы менингит ауруының өршуі мүмкін бе» деген сұрақтарын да жауапсыз қалдырған жоқ.

–  Менингиттің қайталай өршуіне даярлық туралы айтар болсам, ең алдымен, менингит тараған уақытта әкімшілік сипатта шаралар қабылданған болатын. Республикалық штаб құрылды. Бүкіл елде инфекциялық аурулардың таралуы бойынша профилактикалық жұмысты күшейту жұмыстары қолға алынған. Аталған штаб менингит бойынша, қазір де басқа әлеуетті қауіптер, соның ішінде қызылша ауруы бойынша жұмысты жалғастырып жатыр, – деді министр.

– Қазіргі таңда Қазақстанда менингитке шалдығу деңгейі бақылауда. Бүгінгі таңда менингитке шалдығу соңғы 20 жылдағы көрсеткіш бойынша орташа деңгейден бес есе аз мөлшерде екені анықталды. Жалпы, бұл жағдай эпидемия немесе таралатындай деңгейде бағаланып отырған жоқ, – деді ол.

 

Дәрігерлер негізсіз қылмыстық қудалауға ұшыраған

Елжан Біртанов жыл басында Астанада төрт ана өлімі тіркелген перзентханадағы жағдай турасында да айтып берді.

– Менің қолымда бар ақпаратқа сүйенсек бас дәрігер  жұмыстан кету туралы өтінішті өз қолымен жазған. Неліктен бұлай еткені де түсінікті. Шынына келгенде, көптеген дәрігерлер де жұмыстан кеткісі келген. Мен ол орталыққа арнайы барып, дәрігерлермен сөйлестім. Бұның өте үлкен қысым екені белгілі. Бәрі де қылмыстық жауапкершіліктен қорқады. Дәрігерлердің тіпті кейде негізсіз қылмыстық қудалауға ұшыраған кездері де болған. Біз бұл жағдайға өте абайлап келуіміз керек. Өте шынайы баға бере білуіміз керек. Себебі сот шешімі шықпай тұрып, негізсіз айыптау өкінішке қарай, перинаталдық орталықта еңбек ететін кәсіби дәрігерлердің жүректерін шайлықтырып жіберуі мүмкін. Осыдан кейін біз ондай мамандарды таппай, мәселені одан ары қиындата түсеміз, – дейді министр.

Елжан Біртанов бұл ретте, ең алдымен, жергілікті атқарушы органдар шешім шығаратынын атап өтті. «Менің айтқым келгені, медициналық көмекті ұйымдастыру, денсаулық сақтау саласының мемлекеттік-коммуналдық нысандарын басқару, бас дәрігерді тағайындау немесе алып тастау бұл жергілікті атқарушы биліктің құзыретіне жатады. Біз неліктен штабтардың жұмысын аудан немесе қала әкімдерінің орынбасарларын жұмылдыра отырып жүргіземіз? Себебі бұл – тікелей солардың жұмыстары. Демек, біз емдеудің стандарттарын, хаттамаларын, кадрды береміз, саланы реттейміз, бірақ тікелей жергілікті атқарушы орган белсенді түрде бұл шаруамен айналысуы керек», – деді министр.

 

Sanofi-ге пара берілген жоқ

ҚР Денсаулық сақтау министрі баспасөзде Францияның фармацевтикалық Sanofi компаниясына қатысты дауға пікір білдірді.

Бұған дейін бірқатар БАҚ құралдарында Sanofi компаниясының Қазақстандағы және Таяу Шығыстағы еншілес кәсіпорындары өз өнімінің сатылымын арттыру үшін лауазымды адамдарға пара бергені туралы ақпарат тараған еді.

–  Sanofi-ге қатысты ақпаратты біз алдық. Менің өзім АҚШ үкіметінің сайтынан ол ақпаратты көрдім. Бұл – жалпы алғанда, ішкі тергеу жұмыстарын жүргізуге арналған стандартты халықаралық тәжірибе. Компания өкілдерінің келтірген мәліметіне сүйенсек, аталған шешім компанияның ішкі аудитіне негізделген. Біздің тарапымыздан аталмыш компанияға қатысты пара беру немесе өзге де құқықбұзушылық бойынша қылмыстық жағдайлар тіркелген жоқ. Демек, бұның бәрі ішкі есепшілік құжаттарға негізделген, – деді министр.

Елжан Біртанов өткен жылы барлық шетелдік компаниялармен этикалық кодекске қол қойылғанын, ол бойынша Қазақстан дәрі-дәрмектердің шынайы әрі әділ таратылуына сүйенетінін атап өтті. Көптеген фармкомпаниялар осы кодекске қол қойған.

– Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, дәрі-дәрмектердің бағасын реттеуге арналған жаңа заң жобасын әзірледік. Осы заң жобасы аясында дәрі-дәрмектердің таралуын дәл осы этикалық жолмен жүргізу қарастырылған. Яғни дәрі-дәрмекті өндірушілер, сатып алушылар, жекелей сататын дәріханалар дәрі-дәрмектерді өткізуде этикадан тыс әрекеттерге бармайды, – деді ол.

Сонымен бірге Елжан Біртанов ең алдымен, бұл мәселені қаузамас бұрын АҚШ-тың құнды қағаздар және биржалар бойынша комиссиясы сайтында жарияланған баспасөз мәлімдемесімен танысу керектігін еске салды.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Please enter your comment!
Please enter your name here