Коронавируспен күрестің алдыңғы шебінде дәрігерлер жүр.
Қауіпті инфекцияны жұқтырған науқастарға жәрдем жасап, аз ғана уақыт көз шырымын алатын ақ халатты жандардың еңбегі лайықты бағаланарын бұдан бұрын Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев шегелеп айтқан.
Осы ретте Алматы облысында коронавирус инфекциясымен күреске жұмылдырылған 1448 медицина қызметкеріне үстемеақы берілді.
Бұдан бөлек, өңір басшысы Амандық Баталовтың арнайы бұйрығымен облыстағы 1023 маманға бір жалақы көлемінде сыйақы тағайындалды.
Осы мақсатқа республикалық қазынадан 106 млн теңгеден астам қаржы бөлінсе, Алматы облысының резервінен 137 миллион теңге қаралды.
Қазіргі таңда Алматы облысындла коронавирус инфекциясын анықтаумен айналысатын 4 бірдей зертхана жұмыс істеп тұр. Алдағы уақытта бұған тағы екеуі қосылады. Ал онда жұмыс істейтін қызметкерлер Нұр-Сұлтан қаласынан арнайы шақыртылуда.
Өз кезегінде Алматы облысы Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Бауырдан Ысқақ Президенттік қолдауға ие болмаған мамандарды ынталандыру бағытында да бірқатар шара атқарылып жатқанын айтты.
«Сәуір айында да үстемеақы беруді жалғастырамыз. Облыстағы әрбір
дәрігер комиссия мүшелерінің шешіміне сай өздеріне тиесілі премиялары мен үстемеақыларын алады», – дейді ол.
Бұдан бұрын
Айта кетелік,
бұдан бұрын «Қала мен Дала» Алматы облысында коронавирустың таралуын тежеу мақсатында
бірқатар ережелер жаңарылғанын хабарлаған.
Жаңа өзгеріске сәйкес, жергілікті округ әкімдері, облыстық полиция департаменті індет анықталған аумақты полиция және әскери қызметкерлерді тарта отырып қорғауға міндетті.
Сонымен қатар кеселмен үздіксіз күресіп жатқан ақ халаттыларды, тұрғындардан, отбасынан оқшаулап, оларға қолайлы жағдай жасау қарастырылған.
Олардың стационардан бөлек, тұрып жатқан орындарында бір бөлмеге 1 немесе 2 адамнан артық орналастыруға болмайтыны туралы қаулы қабылданды.
Сондай-ақ жаңа қаулыдағы өзгерістер бойынша медицина қызметкерлерін жұмыс орны мен тұратын жерінен тасымалдауға арнайы көлік бөлінеді. Көлік жүргізушісі өз кезегінде арнайы тексерістен өтіп тұрады.
Бұдан былай көлік қозғалысы да бәсеңдейді. Жұмыстан берілген арнайы анықтама болса, мемлекеттік тіркеуді растайтын куәлігі бар тұлғалар мен шаруашылықпен айналысатын жеке тұлғаларға ғана көлікпен қатынауға рұқсат етілген.
Қала ішіндегі қоғамдық көліктер болса, жұмысын уақытша тоқтатады. Ал, еліміздегі екінші деңгейлі банктер мен ақша айырбастау орындары онлайн жұмыс режиміне көшкен. Және де «тұтынушыларға жеткізу» қызметін ұсыну арқылы жұмыс жасайды.
Аталған қаулының орындалуын Алматы облысының мемлекеттік бас санитарлық дәрігері Қайрат Баймұхамбетов қадағалайтын болады.
Айта кетелік, елімізде коронавируспен күресіп жүрген медицина қызметкерлеріне үстемеақы төленуде. Ақ халаттылар кемінде 400 мың теңгеден бір миллион теңгеге дейін еңбекақы алатын болады.
Анар Сабырова