Алматы облысы төтенше жағдайлар департаментінің мамандары өрт қаупі кезеңіне дайындық жұмыстарын бастады. Күннің күрт жылынуы тілсіз жаудың өршуіне ықпал етеді. Бүгінде орманның өртке орануы жиілеуде.

Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, жыл басынан бері Алматы облысында 10 орман өрті оқиғасы тіркелген.

 Ағымдағы жылдың ақпан айынан бастап облыс аумағында қалыптасқан жылы ауа райының әсерінен 250 гектар аумақты қамтитын құрғақ шөптер тілсіз жаудың құрсауында 300 рет қалған. Ал елді мекендерден тыс жерлерде 70 га жер 49 рет қызыл жалынға оранған. 

Мамандардың айтуынша, көктемгі-жазғы мезгілде орын алатын өрт оқиғасының 90%-дан  астамы  құрғақ шөптерді тұтату, құрылыс маңындағы ұсақ қоқыстарды жағу, темекінің тұқылдарын сөндірмеудің салдарынан болады екен.

 «Осындай тілсіз жауды ауыздықтау үшін, облыстың 301 елді мекенінде  және қалаларында 4606 адамнан тұратын қызыл жалынды ауыздықтау мақсатында 341 құрылым құрылды», – дейді Алматы облысы төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары Ерлан Ахашов.

Одан бөлек, Алматы облысы әкімдігінің 2019-2023 жылдарға арналған «Жол картасы» бағдарламасы аясында жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде 2019 жылы 18 өрт сөндіру бекеті құрылған. Аталған жұмысқа бюджет есебінен 312 млн 920 мың теңге бөлінген. Биылғы жыл 20 өрт сөндіру бекетін салу жоспарланып отыр.

Бұл мемлекет тарапынан қызыл жалынмен күресудің  бір шарасы ғана. Ең дұрысы әрбір адам баласы өрт қауіпсіздігі ережесін қатаң ұстануы тиіс. Ол үшін:

  • тұрғын үй мен бау-бақша аумағын шөптен тазарту қажет;
  • тұрғын үй құрылыстары маңында, орман алқаптарында қоқыс тастауға жол бермеу қажет;
  • балалардың отпен ойнауына барынша жол бермеу;
  • қандай да бір затты тұтатсаңыз, оны міндетті түрде су мен немесе құммен сөндіру керек.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Please enter your comment!
Please enter your name here