Дінмұхамед Қонаевтың (таныстырып жатудың қажеті шамалы шығар) өмірден өткенінен өткен айда 25 жыл толды. Ол туралы көп жазылды. Көп айтылды. Кейбір дүниені қайталауға тура келгенмен, құндылығын жоғалтпағанын білеміз.

Қонаевтанушы қаламгер Ораз Қауғабайдың Димекең туралы жазған мақаласын назарға ұсынған түріміз бұл.

 

Хрущев

Бұрынғы Целиноград, қазіргі Астанада Қазақстанға қатысты тарихи оқиғалар кезінде әлем назарын аударды. Кеңестер одағының дүниені шулатқан Тың игеру экономикалық саясаты Қазақстанның Солтүстік облыстарынан басталды.

Ежелгі аты Ақмолаға алпысыншы жылдары ұрда-жық, есерсоқ мінезімен елді мезі еткен сол кездегі КСРО-ның патшасы Никита Сергеевич Хрущев келеді. Димекең ол кісімен бірге жүреді.

Бір әңгіме-дүкен үстінде Никита Ақмола деген  ат қандай мағына береді деп сұрайды.  Аруаққа қатысты «киелі», «қасиетті» деген ұғым береді, – деп жауап береді.

Қасындағы партия қайраткері дәл мағынасы орысша «белый могила» яғни «ақ мола» деп жағымсыз жер-су атауы екенін оған ұғындырады.

Бейіт-қорымға қатысты атауды ұнатпаған Н.Хрущев «бұл тың өлкесі – яғни целина. Сондықтан Целиноград» болсын деп бұйырады.

Орта білімі бар шаруа баласы өзге ұлттың салт-дәстүрінен бейхабар, тарихынан мақұрым  «қияли коммунизмнің» кеңкелес көсемі Никитаның айтқаны болады. Сөйтіп, қала Целиноград атанады.

Павлодар

Қазақстанда өлкелер құрылғаннан кейін өлке бастықтары республика басшыларына бағынбай, тікелей Мәскеумен сөйлесіп, мәселені өздері шешетін болған. Бұл сол кездегі бірінші басшы Димекеңе ауыр тиген. Тың өлкесінің басшылары білгенін істей бастайды.

Н.Хрущевке жағымпазданған олар Павлодар қаласының атын «Хрущеваград» деп атау жөнінде шешім шығарады.

Димекең бұған қарсы болып,  қаулыны тоқтатады. Естелігінде бұл оқиға бүге-шүгесіне дейін баяндалады.

Астыққа қатысты үлкен жиында Димекең Қазақстан мен Ресей тың жерлерінің ұқсас емес екенін ғылыми тұрғыда дәлелдеп, өлкелердің бірігуі де түбінде жақсылық әкелмейтінін айтады.

Өлкелерді қосу саясаты түбінде қазақ жерінің бөлшектенуіне әкелетіндігін көреген Димекең күні бұрын сезіп, мұны астарлап жеткізеді.

Сол кездегі Целиноград – қазіргі Астанада қазақ жерінің тағдырына қатысты айтыс-тартыстың туындағаны шындық еді.

Бұрын Қараөткел – Ақмола – Целиноград соңында Астана болып өзгерген осы өлкенің әр елді мекенде жер, су, шабындық, астық алқаптары, қала, кенттері Димекең жадында өле-өлгенше сақталып қалды.

Өйткені қазақ жері үшін айқас осы Тың өлкесін құрудан басталды.

 

 Горбачев

Онсыз да іріп-шіріп, күйреуге айналған мемлекеттің ыдырауына М.Горбачевтың қазақ халқын менсінбей, басшысы Д.Қонаевты қорлауы себеп болды.

Сексенінші жылдардың ортасында бойында шовинизмнің «қаны ойнаған» патша Қазақстанға келді.

Алдымен астана Алматыға соқпай Целиноградтан бір-ақ шықты. Бұл барып тұрған менмендік және ақымақтық еді.

Белгілі Политбюро мүшесі, Қазақстан компартиясы орталық комитетінің бірінші хатшысы, үш мәртебе Еңбек Ері Димекең отырған үйде республика басшыларымен кездесіп, ол кездегі астана Алматыны аралауды ар санады. Қалыптасқан тәртіп, дәстүр бойынша ол сапарын бұрынғы елорда -Алматыдан бастап, соңында облыстарға шығуы жөн еді. Білгенін істеді. Оның бұлай жүргенін халық хош көрмеді.

Димекең амалсыз Алматыдан ұшып, Целиноградқа келуге мәжбүр болды. Қала өндіріс орындарындағы кездесулерде ол жанында жүрген Димекеңмен әңгімелеспей, өзінше қыр көрсетіп,  сұрқиялығын байқатты.

Бір нәрсеге өкпелеген ақымақ адамдардың кейпін танытты.

1980 жылы Мәскеуде қатардағы хатшы болып жүргенде Политбюро мүшесі Д.Қонаевқа жалпақтап, күтіп алып, шығарып салып жүретін адамның аяқастынан өзгеріп шыға келгені Димекеңді қынжылтты.

Бәрінен бұрын астана Алматыны аттап, қазақтың бар зиялы қауымын менсінбеуі оның жанына батты.

Целиноградта жеке кездесулерде ақымақ «генсек» бұдан да сорақы қылықтар көрсеткен болар.

Ол жағы әрине, белгісіз.

Қазақстанның 60 жылдық мерейтойы кезінде (1980) қатардағы хатшы Л.Брежнев пен Д.Қонаевтың қыл өтпес сыйластығын көріп, іші күйген. Димекеңнің абырой-атағы, КСРО-дағы беделі, социалистік мемлекеттерде құрметке бөленуі, капиталистік елдерде танылуы, халықаралық мәслихаттардағы мәселе көтеруі, Еңбек Ері атағын үш рет алуы М.Горбачевқа ұнамады.

Ол, ол ма…

Димекеңді қорлауы өз алдына, тіпті қалай көзін жоюға дейін қам жасағаны шындық еді.

Барлық атағынан айырылып, партиядан шығарып, ескерткішін құлатып, соңында абақтыға отырғызу оның арманы болды.

АҚШ-тағы «советтік жүйені» зерттеуші, белгілі ғалым, Марта Оклот М.Горбачевтың екі жылға жуық  Д.Қонаевпен алысып, оны жеңе алмағанына қайран қалып жазады.

Шынайы, нақты дерек, оқиғалар арқылы дәлелдейді.

Димекеңнің жеке дәрігері Ахат Мүліков:

«Димекең тоқсанға келетін еді. М.Горбачевтың қысастығы жүйкесін тоздырып, жүрегін жаралаған.

Адамға жат қасиет-қылығы, соңына түсіп, сорақы, жалған, өтірік фактілер іздеуі оның денсаулығына қатты әсер етті. Соның салдарынан көпке бармай оқыс дүние салды».

«Ақ дегені – алғыс, қара дегені – қарғыс» заманақыр нышаны бар «қалдыбас» патшаның қолында шексіз билігі бар әміршінің Димекеңе әлі жетпеді. Құртамын деп жүріп, өзі тақтан түсті. Әулиені назаландырып, бақытсыздыққа душар болды. Отбасында қайғылы жағдай орын алды. Әйелі дүние салды.

Бұл оны табалау емес, шындығы – осы.

Димекеңнің жиырма жылға жуық оққағары болған, сол үшін жазаланған Анатолий Гориянов қасиетті адам Горбачевты «киесімен ұрды» дегені бар.

«Бірде үйінде телефонда Горбачевпен ұзақ сөйлесті. Соңында менен ала алмай жүрген қандай кегің бар Михаил Сергеевич» деп қатты кетті дейді.

 

Сүйікті жар

Димекеңнің елу жыл, алты ай отасқан сүйікті жары Атбасардың қызы еді. Жастай қазақтардың арасында өсіп, ат құлағында ойнаған шабандоз қыз өте пысық, әдепті әрі өте ісмер болып, елде аты шығады.

Кеңес өкіметінің алғашқы жылдарындағы аласапыран кезінде отбасы Алматыға қоныс аударады.

Қазақта «ер жігіттің үш жұрты болады» дейді. Димекеңнің қайын жұрты Атбасардың «ноғай-қазақтары» екенін көпшілік біле бермейді.

Димекең Зухра Шәріпқызымен жарты ғасырдан астам жұптасып, бақытты өмір сүрді. Өкініштісі, екеуі перзент сүймеді.

Тату-тәтті, жұбы жазылмаған жұбайлар бір перзентке зар болып, өмірден озды. Іштегі құса, нала, қайғы-мұңдарын ешқашан сыртқа білдірмеген. Мұсылмандық ілім-өнегені бойларына сіңіріп, Алла жолын ұстанған ерлі-зайыптылар Құдайдың салғанына көнген.

Зухра Шәріпқызы өте діндар, Құран кітаптарын жинаған адал әйел болғаны Димекең естеліктерінде айтылады.

Бұрынғы Тың өлкесіндегі Атбасар өңірі – тарихи өлке.

Бұл жерде қазақтың ұлы жазушысы, Димекеңнің жан досы, рухани сырласы, Ілияс Есенберлин өмірге келген.

Қаламгердің «хандарды мақтап,  ұлтшылдықты қоздырды» деп жетпісінші жылдары баспасөзде дау-дамай, айтыс тудырған оның «Көшпенділер» кітабы тікелей Димекеңнің қолдауымен жарыққа шыққан.

Димекең Кенесары хан жөнінде «Қаһар» кітабын қолжазбадан оқып, өз пікірін білдіріп, қаламгерге шығармашылық табыс тілеген тілекшісі еді.

Ораз ҚАУҒАБАЙ,  қаламгер, қонаевтанушы (ықшамдалып алынды)

Димекең айтып еді…

 Шетелдік зиялы қауымның аузымен айтылған афоризмдерін әлеуметтік желідегі парақшамызға салып қойғанға шеберміз.

 Дәл содан артық болмаса, кем түспейтін қазаққа қымбат адамдардың қанатты сөздері мен ой-пікірлері қаншама. Тек жарнамасы аз. Айталық, мына сөздерді Дінмұхамед Қонаев айтып кеткен екен. 

 

Бүгінгі күн – кешегі күннің шәкірті.

***

Жалада шындық болмайды.

***

Сатыға аяқ салмай жатып, баспалдақтан аттама.

***

Қанмен сіңгенді қасиеттемесең, қадірің болмайды.

***

Өмірдің екі тірегі: үйренуден жалықпау, үйретуден аянбау.

***

Ақиқаттан аттап кету – арға сын.

***

Орынды сын ойлантпай қоймайды.

***

Адамға жазаның ең үлкені – жұмыссыз қалдыру.

***

Адам айнасы – адам.

***

Тәуелсіздіктің жүгі ауыр.

***

Қараң қалған билік қайтып оңалмайды.

***

Бітімі қисық ағаштың көлеңкесі де өзіндей болады.

***

Адамдық қалыпты биік ұстау – кімге де болса үлкен сын. Адамгершілік деген асыл қасиетті аласартып алмасақ екен. Өмір өзегі – осы, азаматтық жолы да –  осы.

 

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Please enter your comment!
Please enter your name here