Сағынтаев: «Медициналық көмек сапасын әлі де болса арттыру керек»

0
1360

ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев медициналық көмек сапасын әлі де болса көтеру қажеттігін айтты.

Премьер-Министр бүгінде қыруар жұмыстар жасалып жатқанына қарамастан, медицина саласында әлі де кемшін тұстардың бар екенін атап өтті. Әсіресе ауылды жерлердің халқы сапалы медициналық қызметке жеткілікті түрде қол жеткізе алмай отыр. Осыған орай, Денсаулық сақтау министрлігіне өңірлермен бірлесіп ұсынылған шараларды тиімді іске асыру тапсырылды.

«Бізде денсаулық сақтау желісі дамыған, оны жақсы білесіздер. Дегенмен халық әлі де болса,  сапалы медициналық көмек ала алмай келеді, әсіресе ауылдық жерлерде. Сондықтан бүгін министр ұсынған медициналық көмек сапасын жақсарту бойынша шараларды қолдайық», – деді Сағынтаев Үкімет отырысында.

Сондай-ақ Бақытжан Сағынтаев жеке инвесторларды тарту арқылы медицина мекемелерінің сапасын жақсарту саласындағы Астананың оң тәжірибесіне назар аударып, оны басқа облыстардың да қолға алуын тапсырды.

«Дәрігердің алдындағы ұзын сонар кезекті мүлде азайту керек. Кеше ғана Солтүстік Қазақстан облысында болып келдік. Жаңадан шағын аудан бой көтеріп жатыр. Бұрын ол жерде 600 үй болса бүгінде оның барлығы сүріліп, орнына 2000 пәтер салынып отыр.

Егер бұған дейін ол жердегі емдеу мекемесіне 600 отбасы тіркелген болса, бүгінде олардың саны 2000-ға жетіп отыр. Жүктеме көбейіп келеді», – деп ҚР Премьер-Министрі, үйлердің жобаларын әзірлеу кезінде бірінші қабаттарда халыққа арнап емханалар мен балабақшаларды орналастыру мәселесіне назар аударуды тапсырды. Әрі бұл жұмыстар барлық өңірлерде іске асырылуы тиіс екенін ескертті.

Бақытжан Сағынтаев өткен жылы Мемлекет басшысы Қазақстан халқына Жолдауында денсаулық сақтау саласын қайта реттеу мәселесіне баса назар аударуды тапсырғанын еске салды. Әсіресе шағын медицина ұйымдарын құру және салаға инвестициялар тарту мүмкіндігі ерекше аталып өткен еді.

 

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Please enter your comment!
Please enter your name here