Сәбит Әбдіхалықов: «Бас театрдың бір бөлігі болу – үлкен бақыт»

ҚР еңбек сіңірген қайраткері, «Дарын» мемлекеттік сыйлығының иегері Сәбит Әбдіхалықов күні кеше Әуезов атындағы драма театры ұжымының  алдында басшы ретінде атқарған жұмысының есебін беріп, созылмалы ауруына байланысты мекеменің директоры қызметінен өз еркімен кетуге шешім қабылдағанын хабарлады.

 Театр үшін ерен еңбек еткен өнер иесіне ерекше құрмет көрсетіп, онымен қимай қоштасты.

Жиын барысында аңызға айналған актер, театр көркемдік жетекшісі ҚР Еңбек Ері, КСРО Халық әртісі Асанәлі Әшімов сөз тізгінін алып: «Сәбит Әбдіхалықов 94 жылдық театр тарихында үздік басшылар қатарынан орын алды»,– депӘбдіхалықовтың театрға сіңірген еңбегін жоғары бағалады. Асанәлі Әшімов Сәбит Әбдімүтәліұлына ұжым атынан алғыс айта отырып, шапан жауып, сый-құрмет көрсетті.

М.Әуезов атындағы театр ұжымының ақсақалдары атынан сөз алған ҚР еңбек сіңірген әртісі Мұрат Нұрасілов Сәбит Әбдіхалықовқа үлкендерге көрсетілген құрмет, кішілерге бағытталған ілтипатына алғысын білдірді.

Өз кезегінде экс-директор Сәбит Әбдіхалықов 1 жыл ішінде театрдың қаржы шаруашылығын жүйелендіру, ішкі және сыртқы саясатты орталықтандыру арқасында театр жұмысының алға басқанын айтып, театрдың алдына қойған мақсаттарына жетуіне тілекші екенін жеткізді.

«Театр жүрегінің төрінен орын алған Сәбит бауырыма театр есігі әрқашан да айқара ашық», – деп Асанәлі Әшімов жиынды қорытындылады.

Театр директорының ресми мәлімдемесінен бұрын ол баспасөзге төмендегідей сұхбат берген болатын:

«Бізде 300-ге жуық қызметкер жұмыс істейді. Сәйкесінше, 300 пікір бар. Бірінші басшы ретінде, менің қызметкерлерімнің әрбір пікірін құрметтеймін және қабылдаймын.

 Ұжымдағы өмірлік ұстанымым – адамдарды сыныптар мен басқа да жеке топтарға бөлмеу, оларды тыңдау және санасу. Себебі олар жай ғана 300 қызметкер емес, 300 отбасы.

Әрбірінің артында олар қамтамасыз ететін отбасы тұр. Мен үшін еліміздің бас театрының бір бөлігі болу – үлкен бақыт. Ал театр өнерінің игілігі үшін жұмыс істеген әрбір қызметкерімді мақтан тұтамын».

Ғабит Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрында көркемдік жетекші қызметін атқарған, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Еркін Жуасбек М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театры директорының лауазымына тағайындалған болатын.

Ал Сәбит Әбдімүтәліұлы әлеуметтік желілер арқылы жаңа директорды құттықтап, жылы лебізін білдірді.

Еркін Тілеуқұлұлымен бірге атқарған жұмыстарды еске ала отыра, жаңа қызметте табыстарға жетуіне тілекші екенін айтты.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Please enter your comment!
Please enter your name here