Мәжіліс отырысында депутат Айқын Қоңыров «халықтың тапқан табысы күнкөрісіне жетпейді» деп дабыл қақты.  

Ол еліміздегі бай мен кедейдің арасы жер мен көктей дейді. Оның пікірінше, бүгінгі айлық төлеу жүйесін толықтай қайта қарау керек.

“Халықтың шынайы табысы ресми мәліметпен сәйкесе бермейді, оған қарағанда әлдеқайда төмен. Халықтың біраз бөлігі жоқшылықта өмір сүруде. Тіпті тұрақты жұмысы болса да тапқан табысы ішіп-жеміне жетпейді”, – дейді Үкіметбасы Асқар Мәминге үн қатқан Айқын Қоңыров.

Бұдан бұрын Мәмин Үкіметтің елдегі ең төменгі жалақыны орташа айлықтың деңгейіне жеткізуді көздеп отырғанын әрі ең төменгі күнкөріс деңгейі артатын айтқан.

“Бұл аздық етеді. Үкімет қабылдаған іс-шара халықтың жағдайын жақсартуға жеткіліксіз. Қазір халыққа нақты нәтиже керек, тұрмысының түзелгенін нақты сезінуі тиіс. Реформа жасады екен, ол сөз жүзінде емес, іс жүзінде орындалуы қажет”, – дейді депутат Қоңыров. 

Халық қалаулысы осы орайда жалақы төлеу жүйесін толықтай қайта қарайтын кез келді деп есептейді.

“Үкімет айтып жүрген орташа айлық жалақы мөлшері жай ғана математикалық есеп және елдегі шынайы жағдаймен сәйкесе бермейді. Бай мен кедейдің арасы күн санап алыстап барады. Табысы төмен, түтіні түзу ұшпайтын тұрғындар мен сыйлы лауазымда, жайлы креслода отырған, жоғары жалақы алатындардың арасындағы айырмашылық жер мен көктей. Қала мен ауыл тұрғындарының табысы да екітүрлі.

Жалақыны жұмысшының білім-білігіне қарай қоятын жүйе біздің елде жоқ, қолынан іс келетін маман тамыр-танысы болмаса бағаланбайды. Карьералық өсу мүмкіндігі мүлде басқа факторлармен байланысты болып тұр”, – дейді ашынған депутат.

Оның ойынша, жалақы деңгейін есептейтін жаңа жүйе керек. Тұрмыс деңгейін бағалайтын қазіргі жүйе әлеуметтік-экономикалық саясатты әділетті жүргізуге кедергі келтіреді.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Please enter your comment!
Please enter your name here