Түркістан облысында кәсіптік-техникалық Д.Қонаев атындағы аграрлы-техникалық колледжі білікті мамандар даярлап, олардың облыс аумағында жұмыс істеп, өңірдің экономикасын көтеруге айрықша күш жұмсап келеді. Білікті мамандар даярлайтын оқу орны кәсіптік-техникалық мамандар даярлаумен қатар ауыл шаруашылығы мен құрылыс, шағын кәсіпкерлік салаларына арналған жаңа техникалар шығару ісімен де белсенді түрде айналысуда.
Колледж ұстазы Абдуллахан Мұсатаев студенттердің басын қосып, ауыл шаруашылық саласында бидай егетін фермерлердің жұмысын жеңілдету үшін «Дәрілеуіш 4» агрегатын құрастырды.
«Дәрілеуіш 4» агрегатының жұмыс істеу жүйесі қарапайым, шаруалар үшін өте қолайлы десек болады. Жаңа агрегатты МТЗ-80-82 және Т-40 маркалы тракторға тіркеп, техниканың тілін меңгерген мамандар егінжайларда қолдана беруіне болады.
Ауыл шаруашылығы еңбеккерлері үшін аса қажет агрегаттың жұмыс өнімділігі де көңілге қонымды. Бір сағатта 8-10 тонна өнімді дәрілеуге мүмкіндік береді. Осы ретте кәсіптік-техникалық колледж мамандарының дайындап шығарған агрегатының техникалық ерекшелігі жайында аз-кем айта кетсек. «Дәрілеуіш 4» агрегаты трактордан қуат алады, яғни оны трактордың карданынан жалғаған сәтте жұмыс істей бастайды. Ал арнайы редуктор трактордың жылдамдығын 4/1-ге дейін төмендетуге мүмкіндік береді. Жылдамдық төмендеген кезде дәріленген тұқымдық дән арнайы камерасына түсіп, химикатпен сапалы араласып, жақсы дәріленеді.
Агрегат бункерінің сыйымдылығы 4000 келіні құрайды. Бункерге салынған астық бункер астындағы терезелер арқылы бір қалыпта тасымалдау үшін шнек арқылы араластыру камерасына келгенде, бункер үстіндегі бөшкедегі химикат шланг арқылы дән толы бункерге қажетті мөлшерде құйылады. Сұйықтық шүмек арқылы реттеледі (4000 келі астық, 200 литр су, 2 литр химикат).
Химикатпен араласқан астық жүктеуші шнек арқылы автокөліктерге немесе трактор прицептеріне жүктеліп, егін алқаптарына жеткізіледі.
Қазіргі кездегі химиялық препараттардың алуан түрлері ішінде танапты кешенді аурулардан дәрілеу әдісі арқылы қорғайтын отандық және шетелдік препараттар да кездеседі. Дәрі препараттарды тұқыммен таралатын ауру қоздырғыштар кешенінің әсеріне байланысты таңдаудың маңызы зор. Бұл қоспалар инфекция көздерін жойып, өсімдіктің иммунитетін көтеріп, қоршаған ортаның қолайсыз жағдайларына төзімділігін арттырып, өнімділікті 2-5,2 центнер гектарға дейін көтереді.
Қорыта келгенде, дәнді себерде тұқымдарын дәрілеуден өткізіп алудың маңызы зор. Дәрілеуіш препараттар көмегімен дақылдың қара күйе, ақ ұнтақ, тамыр шірігі және тағы да басқа ауру түрлерінен тиімді қорғап, өсу барысында қоршаған ортаның қолайсыз жағдайларына төзімділігін арттырады. Осы тұрғыдан алып қарағанда Д.Қонаев атындағы аграрлы-техникалық колледжінің мамандары құрастрып шығарған «Дәрілеуіш 4» агрегатының маңызы зор.
Бүгінде ел Үкіметі ауыл шаруашылығын дамытуға айрықша көңіл бөліп отыр. Десек те, аграрлық сектор әлі күнге дейін экономиканы әртараптандыруға мұқтаж. Егер біздер ауыл шаруашылығы саласын толықтай әртараптандыруға қол жеткізетін болсақ, еңбек өнімділігін, ауыл шаруашылығы өнімдері өндірісін кеңейтуге және салаға инвестиция тарту ісі айтарлықтай жеңілдей түсер еді.
Соңғы жылдары көрші елдердің Қазақстан өнімдеріне сұранысының әлеуеті 210 миллиард теңгеге дейін ұлғайды. Айталық, 2018 жылы Қазақстаннан бидай мен меслин экспорты 4,8 млн тоннаны құрады. Бұл көлем 2017 жылдың сәйкес көрсеткішімен салыстырғанда 54%-ға өскенін байқауға болады. Жеткізілген бидайдың жалпы құны 755,7 млн долларын құрады, тауарлар экспорты бойынша түсім 53%-ға өскен.
Астықтың ең үлкен көлемі Өзбекстанға 218,1 млн долларға 1,8 млн тонна бидай жөнелтілді. Тәжікстанға – 122,1 млн долларға 809,9 мың тонна, Қытайға – 76,8 млн долларға 443,3 мың тонна, Италияға – 60,4 млн долларға 296 мың тонна, Түркияға – 56 млн долларға 269,1 мың тонна, Ауғанстанға 46,9 млн долларға 279,4 мың тонна астық сатылды.
Соңғы жылдары Қазақстанның көршілес елдерге астық экспорты жыл сайын өсіп келе жатқаны белгілі. Мұндай жағдайда жер емген шаруаларды қажетті техникалармен қамтамасыз етудің маңызы зор. Бұл ретте ауыл шаруашылығы техникаларын өздеріміз құрастырсақ, баға тұрғысынан шаруаларға қолайлы болар еді. Осы жайтты басшылыққа алған Д.Қонаев атындағы аграрлы-техникалық колледж мамандары шағын шаруашылықтардың агротехникалық жұмыстарды тиімді жүргізуі үшін арнайы техникалар құрастырып, еліміздегі шаруалардың жұмысын жеңілдетуге күш салып келеді.